08
Дүйсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жүрек тазалығы – жәннат тұрғындарының басты сипаты

Жүрек тазалығы – жәннат тұрғындарының басты сипаты

Ислам тарихы

«Олардың жүректеріндегі кекті шығардық. Туыс болып, тақтардың үстінде бір-біріне қарсы отырады» ("Хижр", 47).

Жүрек құлшылығы жанға тыныштық пен амандықтың дәнін егеді. Жамандық пен жанжал түрлерінен ада қылады. Ондай адамның жүрегінен кек пен ыза, жеккөрушілік пен қызғаныш болмайды. Яғни оны көңілін бұрып алып кететіндей жаман ойлар мазаламайды. Басқалардың бақытына, жетістігіне шынайы қуанады. Бауырларына жақсылық қалап жүреді. Өзгеге болсын дейді. Жақындарының қателігіне кешірім жасауда жылдам әрі үзір іздеу өнерін жетік меңгереді. Біреудің ұнамсыз ісіне куә болса, жазғыруға емес, ақтап алуға, себебін іздеуге асық тұрады.

Таза жүрек – ақыреттегі жеңістің діңгегі. Ал уақытша ғұмырдың бақытты да баянды өтуінің басты себебі. Жамандыққа бұйырушы нәпсінің жетегіне еріп кетпеудің, нәпсілік қалаулардың тұтқыны болмаудың іргетасы.

Жүрек тазалығы – Алла сүйген істерге жақын болып, жек көрген істерден алшақтаудың кепілі. Алланың бергеніне шүкіршілік қылып, тағдырға разы хәлде ғұмыр кешудің алғашқы баспалдағы. Таза жүрек иелерінің кеудесі бауырларына деген махаббат пен сүйіспеншілікке толы болады. Ал жүрек тазалығына жету үшін бірнеше аялдамалардан өту керек. Бұл ұзақ та ұлы жол өзіне қалағанды өзгеге қалай білуден басталады. Бұл жолда жол көрсетер тұсбағдар ретінде бізге Пайғамбарымыз бен оның сахабалары жеткілікті. Мысалы, жүрек дерттерінен ада ансарлықтарды Құранда былай сипаттайды: «Олар өздеріне босып келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбеңдік болмайды. Сондай-ақ, өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді» ("Хәшр", 9).

Міне, өз мекендеріне көшіп келген мұсылмандарды жылы шыраймен қарсы алып, оларға жақсылық қалаған, өздері мұқтаж болып тұрса да, балаларының аузындағы асты діннің қамымен көшіп келген муһәжирлерге жырып берді. Өздерін екінші орынға қойды. Осындай дәрежедегі таза жүрек иелерінің дәрежесін Алла Тағала екі дүниеде де көтеріп қойды. Қияметке дейін олардың жомарттығы Құран Кәрімде оқылып тұратындай күллі мұсылманның тіліне тиек етті.

Жүрек тазалығы Алланың көмегі мен мейірімі арқылы қол жеткізілетін ең жоғарғы мәртебелерден. Оған жету үлкен күрес пен сабырды қажет етеді. Жүрек тазалығы – жәннат тұрғындарының ең басты сипаты әрі жәннат қақпасын ашушы ең басты себеп. Құранда да бұл турасында: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға нағыз жүрекпен келсе ғана пайда береді» ("Шуғара", 88-89), – деп баяндалады.

Яғни, жәннат тұрғындарының жүрегі кіршіксіз пәк, пейілі таза әрі кең болады. Демек, осы өмірдегі біздің ұмтылуымыз керек болған ең басты нәрсе де жүрек тазалығы, Алланың алдында дерттен ада жүрекпен баруға дайындалу болса керек. Ал күшіміздің, еңбегіміз бен уақытымыздың ең көбі жүректі тазарту жолында жұмсалғаны лазым. Сондай-ақ, Алладан жүрек тазалығын сұрап көп дұға етуіміз қажет.

Жүрек тазалығы әшекей бұйымнан бетер адамның сұлулығын арттырып, сәнін кіргізеді. Жүрегі таза адамға таза жүректілер үйір болады, жүрген жерінде дос тұтар абзал жандар серігі болады. Жүрек тазалығы – осы өмірдегі Алла берген нығметтердің бірегейі. Себебі ол – жәннатқа апаратын жол. Жүрегінің кіршіксіз ақтығы киімінің пәктігімен сәйкес келген жан неткен сұлу! Адамдардың сүйіспеншілігіне бөленумен қатар Алланың мейіріміне қатар бөленеді.

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: