23
Жұма,
Қаңтар

һижри

Алланың разылығынан басқа нәрсеге жұмсағаның – ысырап

Алланың разылығынан басқа нәрсеге жұмсағаның – ысырап

Ислам тарихы

Ысырап тек байлардан ғана емес, кедейлерден де болуы мүмкін, өйткені ол – салыстырмалы ұғым.

Исраф кейде мөлшерден, кейде сападан асып кету арқылы байқалады. Осыған байланысты Суфиян әс-Сәури (р.а.) былай деген: «Алланың разылығынан басқа нәрсеге жұмсағаның – ысырап».

Ысырап, тіпті аз мөлшерде болса да, шектен шығуды білдіреді. Бұл туралы Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Кім бір дирхамды рұқсат етілмеген нәрсеге жұмсаса, ол ысырап болып табылады. Жалпы алғанда, ысырап – адамның кез келген ісінде немесе сөзінде шектен шығуы, дегенмен бұл әрекет көбіне шығын жасауда байқалады. Ысырап тек жамандыққа ғана емес, жақсылыққа да қатысты болуы мүмкін.

Мысалы, бар мал-мүлкін садақа ретінде түгел таратып жіберу де ысырап болып саналады. Бұл жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: «Егіннің өнімін жинаған күні оның хақысын беріңдер және ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (әл-Анғам сүресі,141-аят)

Адамзат баласына берілген сансыз нығметтің қадірін білу – үлкен сынақ. Алланың әрбір сыйы – бізге аманат. Бірақ осындай мол мүмкіндіктер мен нығметтерге ие бола тұра, кейде шүкірден жаңылып, оны тек өзімізге тиесілі деп ойлаймыз. Алайда, Алланың берген игілігін орнымен пайдаланып, қажетке жарату – әрбірімізге жүктелген міндет. Керісінше, ысырапшылық – сол нығметтің қадіріне жетпеу, оны орынсыз қолдану, шектен шығу деген сөз.

Ысырап – тек тағам мен мал-мүлікке қатысты ғана емес, ол – адам санасының артыққа құмар болуы, нәпсінің қалауына еріп, шынайы мақсаттан алшақтау. Біз өмірде өзімізге берілгенді абайлап жұмсамай, шектен шығып, қанағатсыздыққа бой алдырғанда, айналамызға, тіпті өз болмысымызға зиян келтіреміз.

Ислам бізді барлық істе орта жолды ұстануға, Алланың әрбір нығметін қадірлеп, берекемен қолдануға шақырады.

 материал «Ысырап индикаторы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: