10
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Аспанда танымалдар амалда ықыласты болуға тырысады

Аспанда танымалдар амалда ықыласты болуға тырысады

Ислам тарихы

«Сондай-ақ бұдан бұрын өзіңе жай-күйлерін баяндап берген пайғамбарларымызға уахи түсіргеніміздей, жай-күйлерін саған баяндамаған басқа да көптеген пайғамбарларымызға да (аян беріп, уахи түсірдік). Һәм Алла Мұсамен арнайы тілдесті» ("Ниса", 164).

Қазіргі заманның апаты, бәрі байланып қалып шыға алмай жүрген, көптің өмірін құртып, абыройын түсірген, қоғам алдындағы абыройына кері әсерін берген, жастарды құртып, адастырған ғасыр дерті – жасанды танымалдылық. Ол адамды екі дүниеде де бақытсыз етеді. Шынайы танымал адам – Алла абыройын көтеріп, есімін адамдар аузына салған адам. Басқалар танымаса да, Алла танитын, періштелер білетін адам – нағыз мәшһүр адам. Шынайы танымал адам – жасандылық бойында жоқ, Алла бір күнде барлық адамды оның жеке өміріне қызықтырып қойған адам. Сырттай әдемі болып көріну – адамның табиғатында бар дүние. Нәпсі де соны қалайды. Адам табиғаты басқалардан мақтау естігенді жақсы көреді. Басқалардың аузында аты аталып, ерекшеліктері тілге алынса, достары арасында атағы бар өзі ғана болса, кеудесін керіп, мақтанға салынып кетеді. Неге? Себебі атақ – байлық пен мансапқа апарар жол. Сол есік арқылы көп адам байлық тауып, мансапқа ие болған. Танымалдылық адамның өзін ғана емес, сөзін де салмақты етеді. Танымал адамдардың сөзін орындау арқылы қалғандар арман-мақсаттарыма жетемін деп ойлайды. Дүниелік жалған танымалдылықтың бағасы да тым ауыр. Адам оны өтеймін деп дүниелік рахатынан, жан тыныштығынан айырылады. Оның өтемі де қиын. Соңында адам өзінің ешкім болмағанын, ешқандай қасиеті мен ерекшелігі жоқ екенін сезініп, қурап қалған ағаш жапырағындай күй кешеді.

Шариғи шарттар мен ақыл-ойға салып әрекет етпесе, адамды ол нәрсе құрдымға апарады. Осы айтылған нәрсе орындалмаса жалған мәшһүрлік адамды екі дүниеде де – осы дүние мен ақыретте қор етеді. Сонымен қатар адам үшін пайдалы болған әрі оның дәрежесін арттырып, адамды пайғамбарлардың, шыншылдардың, шәһидтердің, ізгілердің деңгейіне жеткізетін де танымалдылық бар екенін ұмытпау керек. Адам ол кезде екі дүниеде де биік орында болады. Бұл дәреже тек тақуа мұсылмандарға арналған. Олар – сөздерімен де, істерімен де Алланың разылығын бәрінен жоғары қойып, Оның разылығын құлшылық-ғибадат етіп іздейтін жандар. «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын» ("Бақара", 152).

Неткен құрмет? Неткен сый? Бірнеше минуттар ғана алатын ғибадат үшін Алла пендесін еске алса? Ғибадаттың соңы – Алланың періштелер алдында адамның есімін еске алуы! Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құдси хадисте Алла Тағаланың былай айтатынын жеткізеді: «Мені бір ортада еске алса, Мен оны одан қайырлы ортада еске аламын».

Осылайша, Раббысын еске алған адам көкте де танымал бола алады. Алланың сүйікті пендесіне айналады. Міне, осы – ең пайдалы танымалдылық, жемісті сауда. Мұсылмандар, міне, осы үшін жарысуы керек. «Ендеше адамдар өзара жарысатын болса, осынау мәңгілік жәннат мекені үшін жарыссын!» (Мутаффифин, 26).

Дүниелік танымалдылық әлеуметтік желідегі жазылушылардың, қарайтындардың қай елден екендігімен, кірушілердің санымен, адамдарға қалай әсер етіп жатқандығымен өлшенеді. Сол арқылы бір-біріне мақтанып, жазылушылары көп блогерлер одан әрі танымал бола береді. Ал аспанда танымал болудың жөні бөлек. Өлшемі басқа. Онда адамның сыртына қарап емес, ниетіне, ішіне қарап танымал болады. Ол танымалдылық сырт келбетке емес, жан дүниеге арналған. Ол сөзде, істе, жүріс-тұрыста, жасырын не жария кезде де шыншыл болумен ерекшеленіп тұрады. Қолындағы дүниесінің жүрегіне бойлап кеткендердің дүниелік танымалдылығы олардың адамдық келбетін бұзады, тыныштығын ұрлайды, жан тыныштығынан айырады. Аспанда танымал болу адамды зерек етіп, жанына ерекше тыныштық сыйлайды. Адам ерекше бақыт сезімін сезіне алады. Жетістікке жету үшін танымал болу міндетті емес. Алла Тағала Құранда 25 пайғамбардың есімін атаса да, 124 пайғамбардың есімін атамаған. Олардың орны, құрметі жоқ емес, бар еді. «Сондай-ақ бұдан бұрын өзіңе жай-күйлерін баяндап берген пайғамбарларымызға уахи түсіргеніміздей, жай-күйлерін саған баяндамаған басқа да көптеген пайғамбарларымызға да (аян беріп, уахи түсірдік). Һәм Алла Мұсамен арнайы тілдесті» ("Ниса", 164). Ол нәрсе олардың дәрежесін кемітіп жіберген жоқ. Алланың құзырындағы абыройларына да әсер етпеді. Жетістіктің кілті – есіміңнің аталуы емес, іс-әрекетіңнің мақталуы емес.

Сондықтан да рахмет есту үшін, атың аталу үшін әрекет етпе! Алланың не істеп жатқаныңды көріп, біліп тұрғаны жетпей ме?! Аспанда танымалдар амалда ықыласты болуға тырысады. Не істесе де, сапалы, тыңғылықты жасауға әрекет етеді. Шыншыл болады. Өз атын шығарғысы келіп, өзін танытқысы келетіндерді көрген кезде Құрандағы мына аятты ойға ал: «Содан шаһардың арғы басынан бір кісі жүгіріп келді де: «Уа, жарандар! Мына елшілерге еріңдер …», – деді» (Ясин, 20). Ол кісінің есімі кім еді? Тегі кім? Қай рудан? Қай жақтан келген? Бұл сұрақтар маңызға ие емес. Маңыздысы Алла оны атап, Құранда айтып, қияметке дейін үзілмей оқылатын етті емес пе? Оның әрекеті үшін атын мәңгіге қалдырмады ма? Ол қаланың шетінен жанталаса жүгіріп келіп, Аллаға шақырған еді. Пайғамбарларға құлақ салуға шақыруға, өз қауымын ескертуге асыққан еді. Тағы бір аятта Алла Тағала былай дейді: «Сол кезде Перғауын әулетіне жататын, алайда өзінің иманын жасырып келген бір мүмін (Мұсаға араша түсіп): «Сонда сендер кісіні һәм өздеріңе Раббыларыңнан ап-айқын дәлелдермен келген адамды «Раббым Алла» деп айтқаны үшін өлтірмексіңдер ме?!» – деп шектен шыққан залымдарды жазғырды» ("Ғафир", 28).

Сол кісінің есімін де, тегін де, байлығын да, материалдық жағдайын да білмейміз. Алланың айтқанынан оның тек иманды кісі болғанын білеміз. Алла оны перғауынның алдында айқын, рас сөзді айтқаны үшін атады. Осы өлшемдер пенденің Алланың алдында абыройлы екенін көрсете алады. Мұса пайғамбар әртүрлі сынақтарға түсті. Оған жалған жала да жапты. Қадір-қасиетін түсіруге әрекет те жасалды. Бірақ Алла: «Ол Алланың алдында өте абыройлы еді» ("Ахзаб", 69), – деді.

Байқасақ, Алланың алдында деді, адамдардың алдында деген жоқ. Шынайы дәреженің өлшемі – осы! Мұсаның абыройы ешбір ақпарат құралы жасай алмайтын, ешқандай байлық пен мансап жеткізе алмайтын абырой еді. Алланың алдында абыройлы осындай қанша тақуа жандар бар! Олардың адамдар арасында салмағы жоқ. Маңыздысы – адамдар арасында, олардың көзқарасында кім болғаның емес, Алланың алдында, Оның құзырында кім болғаның. Имам Муслим риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Адамдар сұрауын бермей, есіктен қуылатын адам Аллаға уәде етсе, қалағаны берілетін адам болуы мүмкін». Адамның ойы Алланың разылығында болуы керек. Алланың алдында абыройы бар ма? Осы – негізгі, бірінші көзделетін мақсат. Алланың алдында абыройлы болған адам басқалардың алдында да абыройлы болады.

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: