Құран жаттаушының бойында болу керек қасиеттер:
Тақуа (Алладан қорқушы). Құран тақуаларға жетекші. Хафыз жүріс-тұрысында үнемі Алланы еске алып жүруі керек. Оның көзқарасы, таңдауы, достығы — бәрі Алланың разылығына қарай бағытталған болуы тиіс.
Аманатқа берік. Құран — ең үлкен аманат. Оны қорғау, таза күйде сақтау, амал ету — үлкен жауапкершілік. Жүректе Құран болса, дененің әрбір мүшесі харамнан тыйылу қажет.
Кішіпейіл және қарапайым. Басқаларды өзінен жоғары санайды, тәкәппарлықтан тыйылады, қарапайымдылық пен кішіпейілдікке ұмтылушы жан.
Таза жүректі, көркем мінезді. Құран иесінің сөзі жұмсақ, жүзінен нұр төгіледі. Сабырлы, кешірімшіл, шыдамды, адамдармен әдеппен сөйлесетін, ұрысқа араласпайтын, дөрекілікке жауап қайтармайтын.
Тілін сақтайтын. Құран жаттаушы тілін бекер сөздерден, өсек, ғайбат, бос әңгімелерден қорғайды. Оның тілі әрдайым зікірде, дұғада, насихатта болады.
Уақыты берекелі және реттелген. Ол уақытын текке өткізбейді. Құран қайталау, ілім алу, пайдалы амалдармен шұғылданады.
Тұрақты түрде Құранмен бірге. Жаттап алғанмен тоқтап қалмайды. Қайталайды, жүрегінде жаңартып отырады.
Құран жаттаушы — өмір бойы Құранмен бірге өмір сүруші.
материал «Ислам діні» кітабынан алынды,
ummet.kz