04
Сәрсенбі,
Ақпан

һижри

Адал ас пенде ісінің дұрыс болуына ықпал етеді

Адал ас пенде ісінің дұрыс болуына ықпал етеді

Ислам тарихы

Адамның Жаратушы Рахманнан сұрайтын дұға-тілегінің қабыл болуы үшін ол пенденің атқаруы керек болған кейбір істер бар.

Сол істердің негізгілерінің бірі – дұға тілеушінің ішіп-жегені адалдан болуы тиіс. Себебі арам ас дұғаның қабыл болуына кедергі келтіреді.  Хафиз ибн Кәсир (Алла оны рақымына алсын): «Арам аспен тамақтану дұға мен құлшылықтың қабыл болмауына әкеп соқтырады», – деп айтқан екен.

Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) келген хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Уа, адамдар! Расында, Алла Тағала мінсіз (таза). Ол тек таза нәрсені ғана қабыл етеді. Шын мәнінде, Алла Тағала елшілерге бұйырғанын мүминдерге де бұйырды. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, елшілер! Таза ризықтардан жеңдер де, ізгі іс істеңдер», – деді ("Мүминун" сүресі, 51-аят).

Сондай-ақ: «Уа, иман келтіргендер! Ризық етіп бергендеріміздің адал, тазасынан жеңдер», – деген («Бақара» сүресі, 172-аят). Сонан соң (ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)) үсті-басы шаң, шаштары таралмаған, ұзақ жол жүріп келген қалпында қолдарын көкке (қарай) көтеріп: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп (қайталап) тұрған адам туралы: «Алайда, жегені харам, ішкені харам, кигені харам және хараммен азықтанған (асырап өсірілген) оның дұғасы қалайша қабыл болсын?!» – деп айтты», – деген (имам Мүслим, Тирмизи)

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға түсінікті болуы үшін көптеген хадистерін мысал келтіру арқылы баяндаған. Жоғарыдағы хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адал астан пайдалану жайында айтып келіп, сапардағы адамның қолын жайып дұға етуін мысал етуі тегін емес. Себебі сапарда болу, дұғада қолды жаю, қиыншылық көру сияқты істер дұғаның қабыл болуына себеп болады. Алайда, ол адам дұғаның қабыл болуына себеп болатын істерді атқарса да, оның ішкен-жегені мен кигені харамнан болғандығы себепті дұғасының қабыл болмайтындығы айтылған.

дереккөз: muftyat.kz

Бөлісу: