Игілік пен жақсылық қақпаларының саны және садақаның түрлері бұл хадисте келтірілгендермен ғана шектелмейді. Мұсылманға садақа үшін берілетін сый секілді сауап берілетін де амалдар бар.
Әбу Зарр (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Күн шығатын әрбір күні садақа міндетті болмаған бірде-бір адам баласы жоқ», – деді. (Адамдар): «Уа, Алланың елшісі! Таратып беретін садақаны біз қайдан аламыз?» – деп сұрады. Ол (с.а.с.): «Ақиқатында, игіліктің қақпалары өте көп: (Бұл) – тәсбих (субханаллаһ), тәхмид (әл-хәмду лилләһ), тәкбир (Аллаһу әкбар) және тәһлил (лә иләһә иллаллаһ) айту және жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару және адамдарға зарар беретін затты жолдан алып тастау, керең адамға айтылған сөзді түсіндіру, соқыр адамды қауіпсіз жолға шығару және (кеңес) сұрағанға қажетті ақыл-кеңес беру, сондай-ақ көмек сұраған қайғылы адамға барғаның, әлсізге өз қолыңмен жәрдемдескенің, осының бәрі – өз-өзіңе садақаң болып табылады», – деп жауап берді», – деген.
Және де Пайғамбар (с.а.с.): «Адамдарға жамандық істеуді тоқтат, расында осы садақа болады»; «Сенің бауырыңның жүзіне күлімдеп қарауың – садақа және өз бауырыңның шелегіне өз шелегіңнен су құйсаң, ол да – садақа», – деген.
Хадистің неге бағыттайтыны туралы
а) Қиын-қыстау жағдайларда даналыққа иек арту, адамдарға қуанышты хабар жеткізу және олардың жандарына қуаныш сыйлау.
ә) Бұл хадисте Алла Тағаланы еске алудың артықшылығы туралы сөз болған және бұл сөздер үшін берілетін сый (егер адамның садақа беруге қаражат-байлығы жоқ болғанда, әсіресе бұл сөздер парыз намазынан кейін айтылса) садақа үшін берілетін сыйға тең екендігі туралы айтылған. Бұл хадистің басқа бір риуаятында Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерге өздеріңнен бұрынғы өткендерді қуып жететін және өздеріңнен кейін келетіндердің ешқайсысы сендерге қуып жете алмайтындай, сондай-ақ өз араларыңдағылар егер мұны істемеген болса, ең жақсысы сендер болуға мүмкіндік беретін іс-амал туралы айтайын ба? Әр намаздан кейін отыз үш реттен «субханаллаһ», «әл-хәмду лилләһ», «Аллаһу әкбар» деп айтыңдар», – деген.
б) Егер өзін және отбасын қиын жағдайға түсірмесе кедей адамның да садақа бергені жақсы. Ал бай адам игі істерге өз қаржы-қаражатынан қанша көп жұмсаса да, Аллаһ тағаланы зікір ету оның алар сыйы мен сауабын арттыра түседі.
в) Отбасы мұқтаж болған қаржы-қаражаттан садақа беру – мәкруһ, мұндай садақа беру (мұсылманның өз қаржы-қаражатын беруге міндетті болған адамдардың құқығына зарар жеткізетін болса) харам болуы да мүмкін. Пайғамбар (с.а.с.): «Ең жақсы садақа, ол – жеткілікті болғанда берілген (садақа) және оны кімді асырауға міндетті болсаң, содан бастағайсың», – деген.
г) Кімде-кімнің садақа беруге мүмкіндігі, байлығы болған жағдайда зікір етуден гөрі садақа бергені жақсырақ, себебі садақа беруден тиетін пайда көбірек және оның басқаларға да пайдасы тиеді, ал зікір тек сол зікірмен айналысушы жеке адамға ғана пайдалы. Егер бай адам садақа мен зікірді қатар атқарса, аса Құдіретті де Ұлы Алланың қасында оның алар сыйы өте орасан болмақ.
Жоғарыда айтылған екі «Сахихта» келтірілген хадистің Муслим келтірген риуаятында, кедей муһажирлер Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Біздің бай-дәулетті бауырларымыз біздің не істегенімізді естіп, олар да солай жасай бастады», – дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл – Алланың мейірімі, оны кімге қаласа, соған нәсіп етеді», – деген.
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz