Кешірім туралы айтылатын барлық аяттар мен хадистерде, мәселен, «Әлі Имран» сүресінің 135-аятында күнә істеуде қасарысудың еш мүмкін еместігі ескертіледі, өйткені Алла Тағала тоңмойындық танытпай күнә істерден тыйылып, Өзінен кешірім өтінгендерге кешірімін уәде етеді.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Бір пенде күнә істеді де: «Уа, Раббым! Күнә істедім, кешіре гөр мені», – деді. Алла Тағала: «Менің құлым күнәні кешіретін және сол үшін жазалайтын Тәңірі бар екенін білді, Мен Өз құлымды кешірдім», – деді. Бұдан кейін (осы пенде) Алла қалаған уақытқа дейін (осы) жағдайын сақтады да, сонан соң тағы күнә істеді...», – деп, Пайғамбар (с.а.с.) осылай екі рет қайталады», – деген.
Осы хадистің басқа бір риуаятында үшінші ретте: «(Алла Тағала): «Мен Өз құлымды кешірдім, не қаласа, соны істесін», – деді», – делінген. Яғни ол күнә істеген сайын кешірім сұраған. Бұдан түсінікті болғаны кешірім туралы өтіну күнә жасауда қасарысудан бас тартумен байланысты болған.
Алла Тағала мұндай адамдарды мақтаған және оларға кешіруді уәде еткен. Бұл шын өкінішпен тәубеге келгендерге үміт ұялатады. Бір ғалым: «Егер кешірім өтіну адамды дұрыс тәубеге әкелмесе, оның кешірім туралы өтініші жалған», – деп айтқан. Тек тілмен ғана айтылатын кешірім өтіну туралы сөз етер болсақ, адам жүрегі күнә істеуде тоңмойындық танытқан жағдайда, бұл Алла Тағалаға тек ресми дұға қылу болып табылады. Мұндай дұғаға Алла қаласа жауап қатады, қаламаса жауапсыз қалдырады.
Алайда соның өзінде де дұғаның қабыл болуына үміттенуге болады, әсіресе мұндай дұға өз күнәсінің ауырлығын сезінген жүректен шықса немесе дұға сөздерінің айтылуы дұға қабыл болатын уақытқа дәл келіп қалса. Мысалы, таңертең азаннан кейін, парыз намаздарын орындаған кездер және сол сияқты белгілі уақыттар. Бірақ (күнә істеуде) қасарысып тоңмойындық таныту дұғаның қабыл болуына кедергі жасайды. Абдуллаһ (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «(Күнә істеп жүргенін) біле тұра, оны жалғастыра беретіндердің көрген күні құрысын», – деді», – деген.
Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Күнәсі үшін өкінген адам мүлдем күнә істемеген адаммен тең, ал күнә істеуді жалғастырып жүріп күнәсі үшін кешірім сұраушы Алланы мазақ еткен адамға тең», – деген. Сондай-ақ Хузайфа (Алла оған разы болсын): ««Кім «Алладан кешірім өтінемін» деп, сонан соң (бұрынғы ісіне) қайта оралса, оны өтірікші деп есептеуге болады», – деген.
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz