Тәкбірден кейін қол байлау – сүннет. Ал, қолды кіндіктен төмен ұстаған абзал. Тақуалыққа ең жақыны – осы. Қол байланғанда оң қолдың басбармағы мен кішкентай саусағы арқылы сол қолдың білезігінен қапсыра ұсталады.
Бұл жайында Имам Ахмедтің хадис жинағында жеткен риуаяттың бірінде Әзірет Әлі (р.а.): «Оң қолды сол қолдың үстіне қойып, кіндіктен төмен байлау – сүннет», – деген.
Сондай-ақ, тағы бір риуаятта сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір қолын екінші колына қойып, кіндіктен төмен ұстап, қол байлады».
Осы хадистерге сүйенген имам Ахметтің көзқарасы бойынша да қолды кіндіктен төмен байлау – сүннет».
Қолды кіндіктен төмен байлау жайында Уаил ибн Хужр мынадай хадис риуаят етеді: «Мен Пайғамбарымыздың намазда оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктен төмен байлағанын көрдім».
Әбу Тайып ибн Әбдіқадыр әл-Мәдәни «Тирмизидің Сүнәнына» жазған түсіндірмесінде: «Бұл хадис сенімді жолмен жеткен» - деген.
Ибн Шәйбәның «Мусаннафф» атты еңбегінде Айша анамыздың көзін көрген табиғин, өз заманының ғұламасы Ибрахим ән-Нәхағи былай дейді: «(Намаз оқитын кісі) Қиямда тұрғанда оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктен төмен байлайды».
Сондай-ақ, Басра қаласының ғұламасы, сахабалардың көзін көрген табиғин және көптеген хадисші ғалымдар тарапынан «Сенімді (Сиқа)» деген атаққа ие Лахиқ ибн Хамид Әбу Мижләз бұл мәселе жайында: «(Намаз оқитын кісі) оң алақанын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астыңғы жағына байлайды», – деген (Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 10-хадис).
материал «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,
ummet.kz