Әрбір елші – пайғамбар, ал әрбір пайғамбар – елші емес. Елшіге жаңа шариғат уахи етіліп, соны халыққа жеткізу тапсырылған. Ал пайғамбар болса – өзінен алдыңғы елшінің шариғатын жалғастырушы.
Елшінің дәрежесі пайғамбардың дәрежесінен артық болып табылады. Елші араб тілінде «расул», ал пайғамбарды «нәби» деп атайды1. Елші мен пайғамбарға ортақ міндет – Алланың шариғатын халыққа жеткізу.
Алла елшілері мен пайғамбарлардың барлығы да бұзылған қауымды тура жолға бастап, Алланың бірлігіне шақырып, Алланың ұлы әмірлерін орындап, өз қауымдарын Жұмаққа бастап, азаптан құтылуға шақырып отырған. Алайда, Алланың елшілері мен пайғамбарларының арасында өзіндік айырмашылықтары бар.
⠀
«Алла елшісі» мен «пайғамбар» деген сөздерді кейде жалпылама Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымызға қолданып бірде Алла елшісі десек, бірде пайғамбар деп те жатамыз.
⠀
Құранда Алла Тағала: «(Уа, Мұхаммед!) Және сенен бұрын қандайда бір Елші не Пайғамбар жібермейік, ол (Алланың кітабын) оқыған кезде, шайтан оның оқығанына (азғыруын) тастаған. Ал, Алла шайтанның тастағанын өшіреді. Сосын Алла Өзінің аяттарын бекітеді. Алла – Білуші һәм Дана» деген аятта Елші не Пайғамбар деп екеуін бөліп айтуының өзі де екі сөздің айырмашылығы барын аңғартады.
⠀
«Расул» яғни «Елші» – өзіне жаңа кітап, шариғат түсірілген пайғамбар.
⠀
«Нәби» яғни «Пайғамбар» – өзінен бұрынғы пайғамбардың шариғатын әрі қарай апарушы пайғамбар.
материал «Пайғамбарлар қиссасы» кітабынан алынды,
ummet.kz