22
Жұма,
Қараша

һижри

Құба мешіті және алғашқы хұтбалар

Құба мешіті және алғашқы хұтбалар

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Мәдиналық тілеулестері Мұхаммедтің (ﷺ) Меккеден шыққанын естігелі бері таң намазынан соң топ болып Харра биігіне шығып, күн тас төбеге келіп, ысығанға дейін жол тосуды әдетке айналдырған.

Сондай күндердің бірінде түске дейін отырып, аптап басқан кезде үйді-үйіне тараған. Сол сәтте үйінің шатырына шығып қалған бір яһуди алыстан аппақ киінген бірнеше адамның сағым арасында бұлдырап Мәдинаны бетке алып келе жатқанын көреді. Мұсылмандардың Хазіреті Мұхаммедті (ﷺ) көп уақыттан бері сарғайып күтіп жүргендерінен хабардар яһуди: «Ей, арабтар! Көптен күткен қонақтарың келе жатыр!» - деп айқай салып, сүйінші сұрады. Бұл сүйіншілі хабардан қала да, халық та әп-сәтте мерекедегідей шаттанып, сәнденіп, безеніп шыға келді. Өрекпіген көңілдер келгені шын ба, өтірік пе дегендей аласұрып, қуаныш көз жастары төгілді. Өйткені, күллі адамзатқа бақыт сыйлаушы ұлы тұлғаны күтуде еді. Мұсылмандар қару-жарақтарын асынып, аяулы мейманның алдынан шықты. Қарсы алушылар Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) пен оның жолдастарын құрма ағашының түбінде көлеңкелеп отырған жерінде жолықтырды.

Бірнеше күннен бері зарығып, тағатсыздана жолын тосқан халық екі дүниенің сәулесі – Хазіреті Мұхаммедке (ﷺ) сәлем беріп, оның нұрлы жүзінен көздерін айыра алмай біраз тұрды. Сәл тынығып алған соң Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) пен оның жолдастары, қарсы алушылар – бәрі бірге Мәдинаның оңтүстігінде орналасқан Құба ауылына бет түзеді. Рәби’уләууал айы, күн дүйсенбі болатын. Күн тас төбеде, шыжғырып тұр… Пайғамбарымыз (ﷺ) бастаған топ Мәдинаға бір сағаттық жердегі ауылға келіп кірді. Онда олар Амр ибн Ауф ұлдарымен ағайындас Гүлсім ибн Хидмның үйіне түсті. Шіліңгір ыстықтағы бірнеше күнгі сапардан шаршаған Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) демалып, әрі сол маңдағы мұсылмандармен жүздесу үшін Құбада сәл аялдауды мақұл көреді. Жатар орынға сол төңіректің құрметті ақсақалы Гүлсім ибн Хидмның үйіне барып, күндіз мұсылмандармен кездесіп, сұхбаттасу үшін Саад ибн Хәйсаманың үйіне келетін. Меккеден келген бойда-ақ муһажирлердің көбі осы үйде еді, сол себепті бұл шаңырақ Дарул-Узап, яғни бойдақтардың үйі аталып кеткен.

Хазіреті Әлидің пайғамбарымызбен қауышуы

Хазіреті Әли (р.а.) Пайғамбардың тапсыруымен құрайыштардың Хазіреті Мұхаммедке (ﷺ) аманат еткен бағалы заттарын иелеріне таратып беру үшін Меккеде қалып еді. Өзіне жүктелген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындаған соң Хазіреті Мұхаммедтен үш күн кейін ол да жолға шыққан. Арып-ашып үздіксіз жүріп отырған күйі Пайғамбарымызды Құба ауылында қуып жетті. Көп жүргеннен аяқтары ісініп, табаны тілім-тілім болған бауырымен Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) жылап көрісті. Құшақтасып, мауқын басқан соң Әли үшін Алла Тағалаға қол жайып, шипа тіледі де мүбәрак қолымен аяғын сылап, ісігін айықтырды. Алла Расулы Құба ауылында он күн түнеп, бұл уақыт ішінде Құба мешітінің құрылысын аяқтап, құтты мекенде намаз оқиды. Бұған дейін де мұсылмандар тарапынан кішігірім мешіт салынғанмен, Ислам жамағаты үшін тұңғыш тұрғызылған ғибадатхана осы Құба мешіті саналады.

Гүлсім ибн Хидмның құрма кептіретін алқабында іргетасы қаланған бұл мешіттің құрылысында Хазіреті Мұхаммед () аянбай еңбек етті. Кесектің ең ауырын, құрылысқа қажетті тақтайдың ең үлкенін көтеріп, өзгелерге өнеге көрсетті. Бұл көрініске бейқам қарап қала алмаған сахабалар: «Уа, Расулулла! Өзіміз-ақ жасаймыз. Сен тек нұсқаушымыз бол» - деп қанша айтса да, Пайғамбарымыз (ﷺ) көнбей, мұсылмандардың қатарында тер төгіп қызмет еткен. Алла Расулының қажыр-қайраты, тақуасы, батылдығы мен еңбекқорлығы мұсылмандарға өшпес өнеге болған. Бола береді де…

Құба мешітінің маңызы

Құба мешіті Ислам тарихында ерекше маңызға ие. Пайғамбардың өзі бас болып құрылысына қатысқан, мүбәрак қолдарымен кірпішін қалаған бұл ғибадатхана Құранда «Тақуа мешіті» деп бейнеленген. Тәуба сүресінің 108-аятында Алла Тағала бұл мешіт жайында былай деген: «(Мұхаммед!) Ол мешітте әсте намаз оқыма. Әу бастан-ақ тақуалық негізінде салынған (Құба) мешіті намазға тұруыңа әбден лайық. Онда заттық және рухани кірлерден тазалануды жанындай сүйетін адамдар бар. Алла да тазаланғандарды сүйеді».

Бұл ғибадатханаға Алла Расулы ғұмыры бойынша әр сенбі сайын жаяу не көлікпен келіп зиярат етіп, ішінде намаз оқитын. Мұсылмандарға да барынша тазарып келіп, Құба мешітінде намаз оқыған адамға Умра – кіші қажылық сауабы жазылатынын ескерткен. Ислам жолындағы кедергілер ақырындап жойылып, иман нұры шартарапқа жайыла бастаған кезеңде тұрғызылуының өзі Құба ауылындағы мешіттің маңызын арттыра түсетіндей…

Құбадан аттаныс

Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) Құбада он күн болып, кезекті жұма күні Мәдинаға аттанды. Кәсуа атты түйесіне мінген Алла Елшісі (ﷺ) жанында Нәжжар ұлдарынан қарулы жүз әскер, садық досы Хазіреті Әбу Бәкір бар еді. Сырттай қарағанда Құба ауылынан Мәдинаға бет түзегендердің көрінісі көңіл қуантарлықтай, ғибратқа толы болатын. Бір кездері Меккеде өзін қолдайтын бірде-бір адам болмай, азапты күндерді өткерген Пайғамбарлар Сұлтаны енді жүректерін иман жаулаған нұр жүзді, жүздеген тілеулестерінің ортасында келе жатыр. Бұл топ өздеріне дүние мен ақыреттің жолын көрсеткен ұлы тұлғамен таңның атысы, күннің батысы зарыға, сарыла қауышқан еді. Әрбіреуінің жүзіндегі сол сәттегі шаттықты тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Өмір ағысы оңалған сыңайлы. Тағдыр тауқыметін көтере алғандарға күле қарай бастаған. Мұсылмандар көңілі жайланған, өмірлеріне дән риза. Бәлкім, адамзат тарихындағы ең бақытты шақтың көрінісі осы ма еді, кім білсін?!

Мәдина маңындағы тұңғыш жұма намазы

Алла Елшісі (ﷺ) жолшыбай Салим ибн Ауф ұлдарының мекеніне соғып, Рануна алаңқайында жұма намазын оқыды. Бұл – Пайғамбарымыздың Мәдинадағы тұңғыш жұма намазы. Намаздан кейін Алла Расулы екі хұтба жасады. Аллаға мадақ айтқан соң ол былай деді: «Уа, халайық! Денсаулығыңыз бар кезде ақырет үшін азық жинаңыздар. Қиямет-қайымда шопансыз қалған қойдың да сұрауы болады. Хақ Тағала барлық пенделерін есепке тартады. «Саған мен елшімді жібердім. Расулым тура жолды түсіндірмеді ме? Мен саған мал-мүлік, ғұмырың бойынша ырзық-несібе бердім. Ал сен ақырет үшін не жинадың?» дегенде пенде оңына, солына қарап, ештеңе көре алмайды. Ақыретке азық жинамаған болса, алдынан тозақ оты көрінеді. Сондықтан кімде-кім мына дүниеде жарты құрмамен болса да, жақсылық жасасын. Өзін ақырзаманда құтқаратын амал жасасын. Ол да болмаса, жақсы сөз сөйлеп құтқаруға тырыссын. Жақсы сөз де – сауап. Алланың сәлемі, берекеті мен рақметі жаусын!»

Екінші хұтба

Екінші хұтбаның қысқаша қысқаша мазмұны былай: «Алла Тағала ғана мақтауға лайық. Алланы мадақтап, оған шүкір ете отырып, одан жәрдем тілеймін. Нәпсіміздің шерінен (жаманшылығынан) және жамандық жасаудан Аллаға сыйынамын. Алла таңдап хақ жолға түсірген пендесіне ешкім де кедергі бола алмайды. Алла қаламағанды ешкім де тура бағытқа сала алмайды. Алладан басқа тәңірінің жоқтығына куәлік келтіремін. Ол – жалғыз, серіксіз. Сөздің ең көрнектісі – Алланың кәламы. Кімде-кімнің жүрегіне Алла Тағала Құранмен өрнек салып, күпірліктен айықтырған соң, ол пенде Құранды басқа сөзден төмен санаса, ақыры қайыр болмайды. Шынында да, көркем сөздің мәйегі – Алланың кітабында. Алланың ұнатқанын ұнатып, ұлы Жаратқанға шексіз сүйіспеншілікпен беріліңіздер. Алланы зікір етуден (еске алып, айтудан) жалығушы болмаңыздар. Алланың сөзіне шүбә келтірмеңіздер. Өйткені, Ол не нәрсенің де ең жақсысын таңдай біледі. Адамға арам мен адалды ажыратып көрсеткен де – Сол. Аллаға ғибадат етіңіздер. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңыздар. Тек қана жақсылық жасауға әрекеттеніңіздер. Бір-біріңізді Алла ризалығы үшін жақсы көріңіздер. Алла антын бұзғандарға азап береді. Бәріңізге Алланың сәлемі, рақымы жаусын!»

Ақабадағы келісім бойынша мәдиналық мұсылмандар Алла Елшісін (ﷺ) көздерінің қарашығындай қорғауға тиіс болатын. Сол уағдаларын жүзеге асырар сәт те келіп жеткен еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) екінші хұтбасын айтып болған соң Мәдинаға бет түзейтінін білдірді.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: