22
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбарымыз ﷺ Мәдинада

Пайғамбарымыз ﷺ Мәдинада

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыз (ﷺ) Ранунада жұма намазын оқып, хұтба айтып, қайтадан түйесіне мініп, Мәдинаны бетке алды. Қасында – сыддық досы Әбу Бәкір мен мәдиналық мұсылман жігіттер. Тамылжыған табиғат та олардың қуанышына ортақтасып тұрған тәрізді.

Он сегіз мың ғаламның нұры болған Ұлы Пайғамбар Мәдинаға келіп кіргендегі жергілікті халықтың шаттығы тілмен айтып жеткізгісіз. Қала да екі дүниеге сәуле шашар тұлғаға иелік еткені үшін масайрап тұрғандай. Еңбектеген бала, еңкейген кәрі – бәрі-бәрі:

Тәл’аал бәдру а’ләйнә

Мин сәниәтул Уәда

Уәжаба шукру а’ләйнә

МәдаАллаhhe даа’.

Әнтә шәмсун, әнтә бәдрун,

Әнтә нурун алан’нур.

Әнтә мисбаху Сурәййа

Я Хабиби, я Расул!

«Уәда жотасынан бізге

Толған айдай жарық бердің.

Шүкір еттік халімізге

Бақытқа жол салып бердің.

Сен- айсың, сен – күнсің,

Сен нұр үстіне нұрсың.

Сен Сүраййа жұлдызысың

Сүйікті Хақ құлысың!» деп қаумалап, шырқап жатты.

Халық Расулулланың нұр жүзін бір көруге асығып, сыртқа ағылған. Айнала ығы-жығы, ине шаншар орын жоқ. Бала-шаға, кәрі-құртаң бар жақсысын киініп, сәнденіп шыққан. «Мұхаммед (ﷺ) келді! Алланың елшісі келе жатыр! Қош келдің, Уа Расулулла! Қадамыңа гүл бітсін!» - деп жан-жақтан шуласқан дауыстан құлақ тұнады. Әр үйдің қасынан өткен сайын үй иелері: «Қош келдің, құтты қонақ! Үйімізге кіріп, дәм тат. Берекемізді арттыр» деп қиыла өтінді. Расулаллаһ болса: «Түйеге жол беріңдер. Тоқтар жері, Алланың әмірімен жануардың өзіне мәлім» - деді. Пайғамбардың түйесі Малик ибн Нәжжар ұлдарының үйіне дейін барып, бос алаңға шөкті. Пайғамбарымыз түйеден түскен жоқ. Түйе сәлден соң қайта тұрып, біраз алға жылжыды да, кері бұрылып манағы шөккен жеріне қайта келіп, шөкті. Түйе шөккен күйі қозғалмаған соң Пайғамбарымыз: «Иншаллаh, бізге бұйырған орын осы болар» - деп түсті. Осылайша Ислам тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – мұсылмандардың хижретіне нүкте қойылды. Хазіреті Мұхаммедтің (ﷺ) Мәдинаға көші әнсарлар – мәдиналық мұсылмандармен қатар муҺажирлерге де айрықша серпін әкелді. Оған әнсар мұсылман Әнес ибн Маликтің мына сөздері куә: «Мен өмірімде Расулулланың Мәдинаға келген күнінен артық, одан көңілді, одан нұрлы күн көрген емеспін». 

Пайғамбарымыз (ﷺ) Әбу Әюб Әл-Әнсаридің қонағы Пайғамбарымыз қаумалаған көпшілікке қарап: «Қайсыларыңыздың үйіңіз осы жерге жақын?» деп сұрады. Нәжжар ұлдарынан Әбу Әюб әл-Әнсари ортаға шықты: «Уа, Алланың Елшісі! Менің үйім тап іргеде. Міне, есігіміз ашық. Рұқсат болса, түйенің жүгін үйге тасиық», - деді. Мұхаммед (ﷺ) келіскендігін білдірді. Мәдиналық мұсылман Әсад ибн Зурара пайғамбардың түйесін тәбәрік деп алады. Әбу Әюб Әл-Әнсари Хазіреті Мұхаммед пен оның айнымас досы Хазіреті Әбу Бәкірге үйінің төрінен орын әзірледі. Қонақжай сахаба Әбу Әюб әл-Әнсари былай дейді: «Расулулла үйімнің төменгі қабатына орналасқанды мақұл көрді. Бірақ менің жаным жай таппады. Бірнеше рет барып Одан жоғары қабатта тұра алмайтындығымызды айтсам да, Алла Расулы келіспеді. Бір күні терезе алдында тұрған шыны құмыра сынып, ішіндегі су жан-жаққа төгілді. Төменгі қабатқа-қымбатты меймандарға тамшылап кете ме деген оймен әйеліміз екеуміз жанұшыра жалғыз жамылғымызбен суды сүртіп алдық. Осы оқиғадан соң тіпті тынышымыз қашты. Тұрсақ та, отырсақ та астыңғы қабаттағылардың мазасын алармыз деп аяқ ұшымен жүретін болдық. Аса құрметті қонақтың жайғасқан орнына көңілім разы болмай, ақыры орын алмастыруға көндірдім».

Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) жеті ай бойы Хазіреті Әбу Аюб Әл-Әнсаридің үйінде тұрады. Бұл уақыт аралығында мәдиналық мұсылмандар – әнсарлар құтты қонақтарына кезектесіп тамақ әкелумен болады. Әбу Әюбтың отбасы кешкі асты арнайы өздері дайындайтын. Артылған тамақ болса, сарқыт деп сарқып ішетін. Бір күні кешкі тамаққа пияз бен сарымсақ қосылған дәм ұсынылады. Пайғамбарымыз астан ауыз да тиместен кері қайтарды. Әбу Әюб мұның мәнісін түсіне алмаған бойы Пайғамбарымызға келіп: «Әке-шешемді де жолыңа құрбан етуге әзірмін, уа Алланың сүйген құлы! Тағамды кері қайтаруыңның себебі неде?» деп сұрайды. Расулулла (ﷺ): «Асқа қосылған көкөністің иісі жағымсыз болғандығы үшін жемедім. Өйткені, жағымсыз иіс жан жолдасым Жебірейілді менен ұзақтатады, яки адам хош көрмеген нәрсе періштелерге де ұнамайды», - деді. Әбу Әюб: «Сонда бұл тамақтың арам болғаны ма?» деп сұрайды. Алла Расулы: «Жо-жоқ! Арам емес, тек иісі ұнамсыз», - деп жауап береді. Бір күні Әбу Әюб әл-Әнсари пайғамбарымыз бен Хазіреті Әбу Бәкірге жетерлік тамақ әкеледі. Ас дастарханға қойылғанда Расулаллаh: «Әнсар достарымыздан отыз адам шақыр» деп Әбу Әюбқа бұйырады. Хазіреті Әбу Әюб Пайғамбардың айтқанын екі еткізбейді. «Тағы да алпыс адам келсін» дейді Хазіреті Мұхаммед (ﷺ). Олар да келеді, жүз шақты кісі екі адамдық тамақ құйылған табаққа қол созады. Таңғалыстарын жасыра алмаған әнсарлар, өздерінен кейін тағы да жетпіс адам шақырылғанда мүлдем сасады. Азғана астың бітер түрі көрінбейді. Хазіреті Әбу Әюб әл-Әнсари: «Екі кісіге арналған мәзірден бір жүз сексен адам тойып жесе де, тағам таусылған жоқ» деп баяндайды. Бұл, әрине соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (ﷺ) муғжизалы мәзірі еді. Бала шағынан берекенің бастауы болған Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) бүкіл әлемдегі жанды тіршілікке ырзық беруші, несібені жаратушы – Рәззақ Алланың сүйікті, аса құрметті құлы болғандықтан Оған ғайыптан, жоқ жерден берекет жаудыратын.

Хижра жыл санауы Сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) Мәдинаға көшкенге дейін мұсылмандардың нақты жыл санауы жоқ еді. Хижреттен кейін «Пайғамбардың келгенінен бір ай кейін, екі ай бұрын» деген сияқты сөздермен уақытты айыратын. Бір күні Хазіреті Омар сахабаларды жинап нақты жыл санау мерзімін белгілеу мақсатымен кеңесті. Әр түрлі пікірлер айтылды. Біреулер Хазіреті Мұхаммедке (ﷺ) пайғамбарлық келген мезгілді, енді біреулері Расулулланың дүниеге келген жылын, үшіншілері Мәдинаға хижретті тарих бастауы ретінде ұсынды. Көп тартыстан соң Хазіреті Әлидің ұсынысы қабыл болып, мұсылман жыл санауы хижрет уақытынан ай календарына негізделіп бастау алды.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: