26
Жұма,
Сәуір

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с.) қос нұры – Руқайя мен Умму Кулсум

Пайғамбардың (с.ғ.с.) қос нұры – Руқайя мен Умму Кулсум

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Осман (Алла оған разы болсын) ие болған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қос нұры Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қыздары Руқайя мен Умму Кулсумнің өмір жолдары өте ұқсас болатын.

Бұл екі қыз бойжетіп, оларды құрайыш көсемдерінің бірі Абдулғұзза ибн Абдулмутталиб деген кісі Ұтба және Утайба атты ұлдарына айттырып келеді. Абдулғұзза Ислам тарихында Әбу Ләһәб атымен танымал. Алайда бұл кездерде Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық міндет әлі жүктелмеген, Мұхаммед (с.а.с.) пен Абдулғұззаның арасында ешқандай дұшпандық қарым-қатынас орнамаған-ды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) келісімін беріп, қыздарын осы кісінің ұлдарына ұзатады.

Мекке шаһарында Ислам дағуаты басталған кезде Алланың дініне Әбу Ләһәб айрықша қарсылық көрсетті. Оның Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген дұшпандығының ушыққаны сондай, тіпті ол Алла елшісіне (с.а.с.) дағуатын тоқтатпаған жағдайда ұлдарына қыздарын талақ еттіретінін ескертеді. Ақырында Әбу Ләһәбтің ұлдары әкесінің зорлығымен әйелдеріне талақ беруге мәжбүр болып, Руқайя мен Умму Кулсумды үйлеріне қайтарады.

Есесіне, Руқайяны Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) айттырады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қызына осындай мүмін, тақуа, абыройлы, алдында періштелер ұялатын адамның жар болатынына қатты қуанады. Ислам Мекке табалдырығынан аттағалы бері құрайыштардың мұсылмандарға қысымы үдей түседі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) құрайыш мүшріктерінің зәбір-жапасынан қорғануға әлдері келмейтін мұсылмандарға Эфиопия жеріне қоныс аударуға нұсқау беріп, ол ел ешкім зұлымдыққа ұшырамайтын әділ патшаның қол астында екенін ескертеді.

Осы Хабаш жеріне алғашқы қоныс аударушы Алла елшісінің (с.а.с.) қызы мен 163 күйеу баласы – Руқайя мен Осман болады. Бұл әрекетімен Осман Алла жолында Лут пайғамбардан кейін дін үшін қоныс аударған алғашқы мұсылман саналған. Яғни адамзат тарихында Луттан (аләйһис-сәләм) Османға дейін ешкім дін үшін қоныс ауыстырмаған болатын. Руқайя Осман ибн Аффанға (Алла ол екеуіне разы болсын) тұрмысқа шықты. Екеуі (Осман мен Руқайя) сенімдерін қорғап қалу үшін кәпірлердің қысымынан бас сауғалап Эфиопияға қоныс аударды. Сөйтіп, Осман мен Руқайя Эфиопияны біраз жылдар мекен етеді. Меккеде Хамза, Омар (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) сияқты адамдар Исламды қабылдап, мұсылмандардың саны көбейгеннен кейін кері елге қайтады.

Руқайя жат жерде жүрген кезде анасы Хадиша (Алла оған разы болсын) дүниеден өткенді. Анасымен бақұлдаса алмаған оның өкініштен өзегі өртеніп, көзіне жас алады. Кейіннен Мәдина қаласына қоныс аудару басталады. Бұл жолы да олар дін үшін елден ауа көшудің алғашқы қарлығаштарынан болады. Бұл қоныс аударулардың бір ғана себебі бар еді: ол – құрайыш мүшріктерінің зорлық-зомбылығынан жас сенімді құтқару. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) меккелік ізбасарлары бұл жолда мал-жандары мен әйел, балашағаларын құрбан еткен. Көңілі мен пейілі кең, жаны жайсаң адамдар мекен ететін Мәдинаға қоныс тепкен Осман мен Руқайя ол жерде Абдуллаһ атты ұлды болады. Бірақ ұлдары алты жасқа келіп қалғанда, әтеш шоқып, жарақат орны жазылмастан асқынып, ақыры ажал құшады.

Бауыр еті жалғыз баласының бұл өлімі ауыр тиген Руқайя науқастанып төсек тартып жатып қалады. Бұл Бәдір шайқасының кезі еді. Мұсылмандардың барлығы шайқасқа аттанып жатқанда, Османның да олардан қалып қойғысы келмейді. Әйтсе де Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған науқастанып халі нашарлап жатқан Руқайяның қасында қалуға бұйырады. Осы себепті Осман Бәдір шайқасына қатыса алмайды. 

Көп ұзамай Руқайя көз жұмады. Ұлы мен әйелінің өлімі Османға ауыр қайғы әкеледі. Ол біраз уақыт үйленбей жүріп алады. Дәл осы уақытта Бәдір шайқасында Омардың қызы Хафсаның күйеуі қаза табады. Бар-жоғы 18 жастағы Хафсаның жесір қалуы оның әкесін қатты алаңдатады. Сөйтіп, ол Османға келіп өзінің қызына үйленуге ұсыныс жасайды. Осы орындағы перзентіне деген әке қамқорлығын қарайықшы. Бүгінде біреуге «Менің қызымды ал» деуге қайсымыздың дәтіміз барады. Тіпті бұл істі ұят санап, өз абыройымызды аяққа таптау деп ойлаймыз. Негізінде, бұл қыздарымызға абыройлы, ақылпарасатты, оған сүйеніш болар күйеу іздеудің озық үлгісі емес пе?

Шын мәнінде, бұл біздің қашқақтайтын емес, тікелей араласатын ісіміз болу керек. Мұны түсініп, соған ұмтылған ұлы тұлға Омар еді. Сүйікті жары Руқайяның қайғысынан арыла қоймаған Осман Омарға: «Мен қазір үйленуді қаламаймын», – деп жауап береді. Бұл жауапқа ыңғайсызданып, шамданып қалған Омар болған жайды Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп баяндайды. Алла елшісі (с.а.с.) оған: «Хафсаға Османнан да жақсырақ біреу үйленеді, ал Осман Хафсадан абзалырақ біреуді әйелдікке алады», – дегенді айтқан.

Нәтижесінде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хафсаға, ал Осман Алла елшісінің үшінші қызы Умму Кулсумге үйленеді. Пайғамбардың (с.а.с.) екі қызына үйленген Осман «Зуннурайн» (екі нұрдың иесі) деген атқа ие болған. Османның шаңырағына Руқайяның орнына Умму Кулсум келіп, екеуі алты жыл тату-тәтті, салауатты ғұмыр кешеді. Умму Кулсум Османмен алты жыл тұрып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзі тірісінде өмірден озады. Алла Өз елшісінің (с.а.с.) қыздары Руқайя мен Умму Кулсумға разы болсын!

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: