27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) шапағаты қандай кісілерге бұйырады?

Пайғамбардың (с.ғ.с) шапағаты қандай кісілерге бұйырады?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Шапағат (арабша – шафаат) сөздікте адамдардың арасында туындаған келеңсіз оқиғалар мен ренішті жағдайларда кешірім сұрау мағынасына келеді. Діни терминологияда бұл дүние мен ақыретте қолданылу жағынан екі түрлі мағынаға саяды. Бұл дүниеде шапағат ету – адамдардың бір-біріне жәрдемдесуі, көмектесуі, жақсылық жасауы.

Ал ақыретте шапағат ету – пайғамбарлар алла Тағаланың рұқсатымен күнәсі басым болған күнәһар мүминдерге шапағатшы болуы. Алладан олар үшін медет тілеп, тозақ отынан сақтап қалу үшін жалбарынады. Сондай-ақ, пайғамбарлардың шапағатына бөленген кейбір мүминдердің дәрежелері де көтеріледі.

Пайғамбарлармен қатар әулиелер мен шейіттер Алла Тағаланың рұқсатымен дәрежелеріне қарай шапағат ету құзырына ие болады. Бірақ барлық шапағат тек қана Алла Тағаланың рұқсатымен белгілеген өлшеміне қарай жүзеге асады. Алла Тағаланың рұқсатынсыз ешкім шапағатшы бола алмайды. Құрандағы: «Оның рұқсатынсыз ешбір шапағатшы жоқ» («Жүніс» сүресі, 3-аят). «Олар Алланың разы болған кісісіне ғана шапағат ете алады» («Әнбия» сүресі, 28-аят).

Әһл-сүннет ғалымдары ақыретте шапағаттың ақиқат екенін бір ауыздан мойындаған. Сондай-ақ, көптеген аят пен хадистерде шапағат туралы айтылып, оның ақиқат екендігі білдірілген.

Ардақты Алла Елшісі аса ауыр күнәға батқандарға шапағат етеді. Хадисте: «Мен үмбетімнен үлкен күнә жасағандарға шапағат етемін» делінген. Ол барлық мәселедегідей бұл мәселеде де өлшем мен тепе-теңдік ұстана білген. Негізінде, тұтас үмбет оның осы сөздерін көңілге жұбаныш тұтып, Алла Елшісінің шапағатына бөленуден үміт күтуде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ақыретте адамдар бастарына қауіп төнгенде Адам (а.с) пайғамбардан бастап, барлық үлкен пайғамбарларды жағалап, сауға сұрайтынын, алайда олар азаптан құтқара алмайтындықтарын айтып, бір-біріне сілтейтінін, ең соңында Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) келетіндіктерін, оның Алладан олар үшін кешірім сұрап, Алланың берген рұқсатымен оларға шапағат ететінін, солайша азаптан құтқарып қалатынын айтады.

Сондықтан да, мұсылман баласының Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шапағатына сеніп, атқаратын әрбір міндеттеріне немқұрайлы қарамағаны абзал. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, шапағат Алланың разылығына бөленген пенделерге ғана бұйырмақ.

материал «Ислам ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: