19
Жұма,
Сәуір

һижри

Әйелдер үй шаруасында Хадиша анамыздан үлгі алсын

Әйелдер үй шаруасында Хадиша анамыздан үлгі алсын

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарлық келерден бұрын Мұхаммед (с.а.у.) адамдардан оңашалануды жақсы көре бастады. Ол көбіне тыныштық іздеп тауға шығып кететін. Сауданы, үй шаруасын Хадишаға тастап, үйден жиі жырақта жүретін болды. Тіпті апталап, айлап кететін кездері кездесетін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тауға барып ойланатын, құлшылық жасайтын.

Осы сәттердегі Хадиша анамыздың даналығын көрмейсіз бе?! Ол күйеуінің шаруаның бәрін тастап, оңашалануында бір хикмет барын ұқты. Тіпті, қабақ та шытқан жоқ. Бұл да Хадишаның жарына деген махаббатының кемелдігінен болса керек. Бар ауыртпалықты өзінің нәзік иығымен көтерді. Үй шаруасын да, сауда-саттықты да өзі басқарды. Бірінен кейін бірі 4 қыз (Зейнеп, Үммү Гүлсім, Ұрқия, Фатима), екі ұлды (Абдулла, Қасым) дүниеге әкеліп, алты баланың тәрбиесімен айналысты. Үйде олардан өзге қаншама адам бар еді. Әли ибн Әбутәліп (р.а.), Заид ибн Харис және Майсара секілді өзге де қызметшілер  бірге тұрды. Бізге жеткен деректер сол уақытта Хадишаның шаңырағында 16-ға жуық адамның тұрғанын айтады. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл уақытта оңашаланып, Аллаға құлшылық етумен болды. Хадиша бұған “шаршадым” да деген жоқ, ренішін де білдірмеді. Керісінше, олардың махаббаттары бұрынғыдан да беки түсті. Бүгінгі күннің қай әйелі Хадиша анамыз атқарған істі атқара алар?!

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл оңашалануы тегін емес болатын, Алла Тағала оны осылай пайғамбарлыққа дайындады. Мұхаммед (с.а.у.) 40 жасқа келген жылы, Рамазан айында, Алла Тағала Оған алғашқы Құран аяттарын түсіріп, құрметті етті. Жебірейіл періште қатты қысып тұрып, “Оқы!” дегенде бойын діріл мен қорқыныш жайлаған Пайғамбар (с.а.у.) үйіне қарай асыққан еді. Ал Хадиша анамыз оны құшағына қысып тұрып жұбатқан болатын. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайына деген өзгеше махаббаты емей немене, Ол (с.а.у.) басынан өткен жайтты алдымен әйеліне айтты, оның қолдауын күтті. Ал әйелінің сөздеріне қараңыздар: “Жаратушым саған ешқашан жамандық әкелмейді, Мұхаммед!” деп күйеуінің тамаша қасиеттерін айта бастады. Міне, әлемнің әйелдері! Көрдіңдер ме? Қазір күйеулер әйелдеріне проблемасын айтса, ол проблема одан сайын ұлғайып кетеді. Ал біздің асыл анамыз Хадиша қалай көрегендік танытты?! Қалай күйеуін сабырға шақырды. Осыншама даналық пен ақылды Хадиша анамыздың көкірегіне Жаратқанының өзі құйған болатын.

Күйеуіне пайғамбарлық келген соң Әбу Бәкір, Әлилерден де бұрын алғаш иман келтірген Хадиша болды. Осы әрекетімен-ақ әлемнің барша мұсылман қыздарының жол көрсетушісіне айналғанын Хадиша білді ме екен?!

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: