Пайғамбарымыз тазалыққа, тəртіпке үлкен мəн беретін. «Кімнің шашы бар болса, оған жақсы қарасын» дейтін. Пайғамбарымыз мешітте отырған кезде шашы жалбыраған біреу ішке кіреді.
Пайғамбарымыз: «Мына адамның шашын жатқызатын гүл майы да жоқ па?» деп, оны дереу сыртқа шығарып, шаш-сақалын реттеуді қолымен ымдайды. Ол адам шашын жатқызып, қайтып келгенде пайғамбарымыз: «Сендердің бірілеріңнің осылай келгені жақсы ма, әлде шаш-сақалы шайтан сияқты жалбырап келгені жақсы ма?» дейді.
Пайғамбарымыз сақалының шетін және ұзындығынан біраз қысқартатын (қидыратын). Жұма намазына шығарда мұртын қысқартып, тырнағы өссе алатын. Мұсылмандарға да мұрттарын қысқартуды бұйыратын.
Пайғамбарымыз айнаға қараған сайын Аллаға шүкіршілік етіп, «Аллам! Келбетімді әдемі етіп жаратқаның сияқты мінез-құлқымды да көркем ет» деп дұға ететін. Пайғамбарымыз әр кеш сайын ұйықтамастан бұрын көзіне үш рет сүрме жағатын. Сүрмені оң көзіне үш рет, сол көзіне үш рет жағатын. «Сүрме жағыңдар. Өйткені, ол көзді нұрландырады, кірпікті өсіреді» дейтін.
Ислам ғалымдары ер адамның сүрмені ем үшін жағуына болатынын, сән үшін жағуына болмайтынын айтады. Жамал (көркемдік) және зинет (сән) сөздерін бір-бірімен шатастырмау керек. Жамал – көріксіздікті кетіру, салиқалы болу және шүкіршілік ету үшін ниғметті көрсету дегенді білдіреді. Көрсету үшін, мақтану үшін ниғметті көрсету жамал болмайды, тәкаппарлық болады. Расулулла мисуак қолдануға қатты мән беретін. Оны үнемі өзімен алып жүретін. Пайғамбарымыз «Әрак ағашының шыбығын мисуак етіңдер» деп бұйыратын. Мисуак ауызға жақсы иіс береді.
Расулулла: «Ол менің және менен бұрынғы пайғамбарлардың мисуагы» деген. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Егер үмметіме қиындық келтірмесем әр намаз үшін мисуак қолдануды оларға бұйырар едім» деген. «Мисуак қолдануларыңа қатты кеңес беремін». «Мисуак – ауыздың тазалығы жəне Раббымның разылығы» деген.
Пайғамбарымыздың үйге кіргендегі алғашқы ісі – тісін мисуактау болатын. Пайғамбарымыз мисуаксыз ұйықтамайтын, оянған кезде алғаш істейтін ісі – тісін мисуактау болатын. Пайғамбарымыз түнде тәһәжжүд намазына тұрған кезде де тісін мисуактайтын.
Хазреті Айша: «Пайғамбарымыз алейһиссалам оянған кезде дәреттен бұрын мисуак қолданбаған кезі болған емес» деген.
материал «Хазреті Мұхаммед алейһиссаламның
өмірі» кітабынан алынды,
ummet.kz