21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) әкелерге насихаты

Пайғамбардың (с.ғ.с) әкелерге насихаты

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ол – шексіз жақсы амал жасап, соның ары кетсе оннан бірін ғана тіліне тиек еткен әке. Ол – өзі небір жақсы амалды орындап жүріп, соның аз ғана бөлігін талап еткен әке.

Ол – таңнан қара кешке дейін Меккеде, Мәдинада иманды тарату үшін, елдің жайын ойлап ізгі амалмен айналысса да, кешкісін үйіне келгенде көп жұмыс істегенін, шаршағанын айтып қара басының қамын ойлап тынығуды қалайтын әке емес, бала-шағасына арнайы уақыт бөлуді міндет деп санайтын әке.
Ол – онымен де шектеліп қалмай, үйінде Құран оқып, имани сабақ беруді ыждағаттаған әке.
Ол – үйі мешітпен жапсарлас болғанына қарамастан, мешітте азаннан кешке дейін Құран оқылатынына қарамастан өз шаңырағында да міндетті түрде Құран оқуды дағдыға айналдырған әке.
Ол – аузынан шыққан әрбір сөзді өз өмірімен өрнектеп, тіршілігімен түйіндеп, бекітіп көрсеткен әке.

Осыған байланысты сияр кітаптарында жиі қайталанатын бір мысалды келтіре кетейік. Сахаба Абдулла ибн Аббастың бала кезі. Бір күні ол жасы елуді еңсерген бөлесі Халид ибн Уәлидпен бірге әзірет Мұхаммедтің (с.а.с.) үйіне келеді. Әзірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олар келгенде Мәймуна анамыздың үйінде отырған. Мәймуна анамыз да – Абдулла ибн Аббастың нағашы тәтесі.

Олар сол үйге келген сәтте Пайғамбарымыздың көршісі Үммі Хуәйд есімді бір әйел Мәймуна анамыздың үйіне аз ғана сары май мен бір тостақ сүт алып келеді. Мәймуна анамыз алдымен отағасы әзірет Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Сүт ішесіз бе?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз басын изеп келіскен сыңай танытады. Мәймуна анамыз сүтті берген сәтте, Пайғамбарымыздың оң жағында бала Абдулла ибн Аббас, сол жағында жуырда ғана мұсылмандықты қабылдаған айбарлы сахаба Халиб ибн Уәлид отырған. Пайғамбарымыздың көпке мәлім сүннеті бар; жақсы амалдың бәрін – тамақ жегенде оң қолмен, біреуге дәм ұсынғанда оң жағыңда отырғаннан – оң жақтан бастау.

Пайғамбарымыз кеседегі сүттен бір сімірген соң қонақтарына ұсынбақ болады. Әлбетте, сүннетке сай оң жағынан бастап ұсынуы керек. Ал оң жағында отырған – он жасар бала. Соған қарамастан, өз айтқан сөзін амалмен әрдайым жүзеге асырып келген Пайғамбарымыз Абдулла ибн Аббасты баласынбай, оған қарап: «Кезек – сенің кезегің. Кезегіңді Халид көкеңе бересің бе? Әлде өзің ішесің бе?» – деп сұрайды.

Абдулла ибн Аббас, сонда он жасар бала, «алдымен үлкенге жол берейін деп ойладым, іле-шала «Пайғамбардың ерні тиген кесенің ернеуінен бұдан кейін дәм тату бақыты бұйыра ма, бұйырмай ма» деп ойлап, «Жоқ, өзім алдымен ішемін» деп, сүтті бір ұрттадым да, сосын Халид ибн Уәлидке бердім» дейді.
Сырт көзге үлкенді сыйламау сияқты көрінгенімен, бұл амал тәрбие тұрғысынан алғанда, бала да болса кісінің ақысын жемеу, сүннетке сай амал жасаудың жарқын мысалы. Пайғамбарымыз сол сәтте дәл солай өнеге көрсетпесе, Халид ибн Уәлидтің жасын, басын, әлеуметтік-саяси жағдайын ескеріп, баланы баласынып, амал жасағанда, Абдулла ибн Аббас пайғамбарлық жолының жауһарларынан жеткілікті пайдаланбаған болар ма еді, кім білсін?

Имам Жағфар Садық «Тіліңізді қолданбастан балаларыңызды жақсылық жасауға шақырыңдар. Осылайша балаларыңыз сізден тақуаның, намаздың, жақсылықтың не екенін көріп өссін. Сізді өнеге деп білсін» деген сөзі бар. Тілді қолданбай жақсы амалға шақыру естіген құлаққа түрпідей тиеді, өйткені тәблиғ жасауда ең маңызды құрал – тіл. Имам Жағфардың ұстазы, ғылым атаулының пірі саналатын әзірет Алиден жеткен сөзге құлақ түрсек «Сөз тілі мылқау болып, амал тілі арқылы айтылған насихатты кез келген құлақ естиді, әрі мұндай насихаттың пайдасы кез келген пайдадан артық болады».

Өнеге – тәрбиенің ең тәсірлі тұғыры дегеніміз осы, яғни өмір-тірлік сөйлесе, мысалы, намаз сөзбен емес, ғибадатқа деген ғашықтықпен сездірілсе. Құтпан азаны оқыла сала, таңсәріге дейін оқитын уақыт бола тұра, мұсылман азанмен бірге намазға асықса – өнеге деген сол. Азан даусын ести сала асыға күткен қонағы келгендей дәрет алуға асыққан әке-шеше, жайнамазды жайып құлшылыққа құмартқан ата-ана – бала үшін ең таптырмас өнеге.

Суффа мектебі – таптырмас тәлім ордасы. Пайғамбарымыздың үлгісі бойынша әрбір үйдің дастарқаны – суффа мектебінің көшірмесі болуға тиіс. Бәдірге асыққандар, Ухудтағы бала қаһармандар дастарқан-суффаларда тәлім көргендер.

Пайғамбарымыз бала дүниеге келгенде оң құлағына азан, сол құлағына қамат оқып, аузына түкіріп тахник жасауды бұйырған. Балаға ең бірінші тәухид үйретуді насихаттаған. Үйрету дегенде тек аузымен айтып қоя салу емес, Ол иманды амалмен бекітіп көрсетуді бұйырған. Оның тағы бір мысалы сахаба Абдулла ибн Аббастың өз басынан өткен оқиғаны баяндауы арқылы бізге жеткен.

Абдулла ибн Аббас сегіз-он жасар бала кезінде Пайғамбарымыз бір күні оны шақырып алады да, «Кел, екеуміз біраз әңгімелесіп қайтайық» деп атына мінгестіріп алады. Қаладан шалғайырақ шығып біраз серуендедік, ақырында, Ол маған мынадай насихат айтты: «Абдулла ботам, саған айтар насихатымды құлағыңа жақсылап құйып ал, ешқашан ұмытпа.

Егер сен әрдайым Алланың ақысын қорғаштап жүрер болсаң, Алла да сені әрқашан қорғайды. Қажет болған кезде үнемі Ол өзі-ақ саған қамқор болады.
Жайбарақат жүрген кезіңде, ешқандай қиыншылық жоқ кезде Алланы ұдайы еске алып жүрсең, әлдеқалай қиындыққа тап болғаныңда Алла сені есіне алып, көмекке келеді.

Бір нәрсе сұрайтын болсаң, жалғыз Алладан сұра. Көмек қажет болса, тек қана бір Аллаға жалбарынып, Соған жалын. Мынаны есіңнен шығармағайсың, жалпақ жұрт жиылып саған көмектескісі келсе де, Алла қаламаса, ешкім саған көмек қолын соза алмайды. Бүкіл адам жиналып, басыңа түсер бәледен қорғамақ болса да, Алла тілеген ауыртпалықтың алдын ала алмайды. Жеңіс пен жеміс сабыр арқылы келетінін ұмытпа. Өзіңе ұнамаған жайттарға сабыр көрсетсең, ұтасың. Кеңшілік таршылықтан кейін келеді. Әрбір қиыншылықтың бір жеңілдігі болады.

Мынаны да ұмытпа, басыңа түскен қиыншылықтың бәрінің себебі – сенің қателігің болмауы мүмкін. Сүрінген сәтің, жасаған қателігің басыңа түсер азаптың себебі емес. Алланың жазғанынан, тағдырыңа қашалғаннан басқа ештеңе жүзеге аспайды.

Қалам құрғады, тағдыр кітабы жазылды. Алланы сүйіп, шын көңіліңмен қалап, яқин сезімімен яғни Оны көріп тұрғандай құлшылық жаса».
Бұл жерден, біріншіден, саяхаттың, аз қашықтықта болса да сапардың бала тәрбиесіндегі маңызын аңдаған мақұл. Екіншіден, маңызды насихатты серуен барысында баланың зейініне ақтарған абзал.

Пайғамбар үйреткен тағы бір ең маңызды қасиет – ұят пен иба. Бала әкесінен ұят сезімін, ұялуды үйренеді. Иба әдептен туындайды. Өзгелердің қасында баланың, тіпті кішкентай нәресте болса да, ұятты жерін – әуретін көрсетпеу керек. Баланың көзінше үлкендердің киініп-шешінгені де әбес. Осы тұста айта кететін жайт, халық арасында, әсіресе, ауыл-аймақта балалардың іш киімсіз жүруі, жұрттың көзінше жөргек ауыстыру, өкінішке қарай кездесіп жатады. Бұл – иба мен ұяттың азаюына әкеледі.

Пайғамбар үйреткен тәсілдің бірі – балаға бір нәрсе үйреткенде құр сөзбен емес, амалмен, ойынмен бала зейінін басқа пайдалы нәрсеге аударатындай етіп үйрету. Пайғамбарымыз өте ибалы болған. Үммі Сәләма анамыздың қызы, Пайғамбарымыздың өгей қызы Зейнеп бинт Әбу Сәлама кішкентай кезінде Пайғамбарымыздың бөлмесінде суға түсіп жатқан кезінде кіріп келгенін, сонда Пайғамбарымыздың оны ойынға айналдырып екі алақанымен суды толтырып үстіне қайта-қайта шашқанын есіне алады. Бұл оқиғада да Пайғамбарымыз баланың көзін де, көңілін де өзге нәрсеге бұрып жібергені аңғарылады.

Абдулла ибн Аббас он жасар бала күнінде пайғамбардың үйіндегі халін көргісі келіп, нағашы тәтесі, Пайғамбарымыздың қосағы Мәймуна анамыздың үйіне бармақ болады. Дегенмен Мәймуна анамыздан рұқсат сұрауға бата алмай, бірден салып ұрып Пайғамбарымызға барады. Ешкімнің бетін қайтармайтын Әзірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Абдулланың да бұл өтінішін жерге тастамайды. Сол түнді Абдулла жазып қалдырған: «Мәймуна тәтемнің қасында ұйықтаған болып жатқам. Пайғамбарымыз үйіне келді, төсектің үстіндегі жамылғысын оранып, жасырынған күйі киімін шешті де, төсегіне жатты. Таң ата оянып қайтадан жамылғысына оранған күйі киініп, сонан соң ғана жамылғысын орнына қойды». Пайғамбар ибасының жарқын мысалы – бұлар.

Сонымен қатар Пайғамбарымыз әке ретінде бала-шағасына жеке бас гигиенасы, киім-кешек пен тұратын мекеннің тазалығын сақтауды да үйреткен. Абдулла ибн Аббастан жеткен тағы бір риуаятта «Пайғамбарымызбен бірге бір бейіттің қасынан өтіп бара жаттық. Сол кезде Пайғамбарымыз былай деді: «Мына қабірде жатқандар азап көріп жатыр, бірақ олар үлкен күнәдан азапталып жатқан жоқ. Олардың кейбіреулері адамдар арасында сөз тасып, өсек айтқаны үшін, ал енді біреулері кіші дәрет сындырғанда үстіне шашыраған зәрге мән бермегендіктен қабір азабын тартып жатыр» делінеді.

Пайғамбарымыз бала тәрбиесінде Өзі үлгі бола жүріп, балаға мына үш қасиетті – жауапкершілікті, әділдікті және үлкенге мойынсұнуды сіңіру қажеттігіне назар аударған. Пайғамбарымыз баланың жасына қарамастан, оларды баласынбай, үлкендерден бөліп-жармай жауапкершілік жүктеген. Сосын жауапкершілігін атқаратындай орын мен шарттарды ұйымдастыра отырып, тәлімін бекіткен.

Мысалы, сегіз жасар Абдулла ибн Үмәйір Мута шайқасына дайындық үстіндегі әскер мәжілісіне кіріп келіп, Пайғамбарымызға базынасын айтқан. Қолына таяқ-шоқпарын алып, артына өзі сияқты достарын ертіп әкелерімен бірге шайқасқа қатысуға ниет білдіріп келген сегіз жасар бала мен Пайғамбарымыздың арасындағы диалог ғибратқа толы. Қайтсек те дұшпанмен соғысамыз деп келген бала-шағаға қабағын шытпай, оларды үлкендерше қарсы алған Пайғамбарымыз: «Балалар, мен сендерге сенемін. Алайда барлық үлкендер, әкелерің мен көкелерің Мутаға жорыққа кеткенде, Мәдинамызды кім қорғайды? Дұрысы – сендер, біз майданда жүргенде, Мәдинаны қорғаңдар, сонда біз де уайымсыз шайқасамыз», – деген, яғни жауапкершілікке сәйкес шарттарды белгілеп берген.

Балалар да өздеріне сеніп тапсырылған міндетті сезініп, майдангерлер елге оралғанша жауапкершіліктерін орындауға тырысқан. Міне, осылайша кез келген ситуацияда Пайғамбарымыз балаға адам ретінде мән беріп, міндет жүктеп, жуапкершілігін сезінетін ыңғайлы ортаны ұйымдастырып беруімен, кейінгіге үлгі көрсеткен.

Әке-пайғамбар тәлімінен балаға берілуге тиіс қасиеттерді тізер болсақ:

– Жауапкершілік – балаға үйретілуге тиіс ең маңызды тәлім. Жауапкершіліктің уақыты мен мазмұнын нақтылағанда ғана, ілгеріде орны толмас өкініштен аулақ боласың. Жиырмадағы жігіт жауапкершілік сезінбесе, өткенінде тәлімнің қияс кеткені деп білген жөн. Отызда орда бұзып, қырықта қамал алатындар бала күнінде жауапкершілікті сезінгендерден шығады.

– Әділдік – бала тәрбиесінің маңызды нүктесі. Хақ пен құқықты үйренген баладан жаман адам шықпайды. Мектепте сыныптасына ауыр сөз айтып жанын жараласа, басқа балаға қол жұмсаса және оны мақтан көрсе, ата-ана да бұған жайбарақат қараса, әлімжеттік жасаған бала жолдасынан кешірім сұрауды білмесе, ертеңгі күні ондайлардан ұрда-жық, жемқор, парақор, озбыр адам шығары айтпаса да түсінікті. Хақ пен құқықты бала кезден үйрету керек. Әділетсіздік жасаушы әкең де болса, хақты жақтау қажет. Аққа – Алла жақ.

– Дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп тани білу, үлкенді тыңдау. Үлкен – жасы үлкен болуы да, болмауы да мүмкін.

– Бала шақтан нақты мұратын белгілеп, ұлттық және имани құндылықтарды дарыту керек. Бұл жолда ұлттың қаһармандарының, айбынды батырлардың, данагөй аналардың, өнертапқыш білгірлердің, руханият жетекшілері сахабалардың тағылымды өмірі үйретілуге тиіс.

– Жауапкершіліктерін жүзеге асыратын, мұратына жеткізетін қолайлы шарттарды – орын, орта дайындау керек.
– Балалардың қателік жасауларына мүмкіндік тану керек. Ұрсу, ұру – тәрбие құралы бола алмайды. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайтынын ұмытпау қажет.

– Әкесінің дос-жаранына құрметпен қарау. Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейтін әдемі сөз бар. Мұның астарында әкеңнің қатарлас достарын, сырлас жолдастарын көзі тірісінде де, ақыреттік болған соң да құрметтеу дейтін ұғым жатыр.
Бiрде ибн Омар атты сахаба сапарда келе жатып бiр бәдәуимен кездеседі. Бұлардың әкесі кезінде өте жақын араласқан адамдар болатын. Ибн Омар әлгi кiсiден: «Сен пәленшенiң ұлы емессiң бе?» – деп сұрайды. Ол: «Иә», – деп жауап бередi. Сонда ибн Омар әлгi кiсiнi өз есегiне мiнгiзiп басындағы сәлдесiн шешiп берген екен.

Пайғамбарымыздың «Әкеңнiң достарымен қарым-қатынасыңды үзбе. Әкеңнiң достарымен қарым-қатынасты үзер болсаң, Алла Тағала нұрыңды кетiредi» деген хадисі де бар. Тағы бір хадисінде «Көркем мінездің ең абзалы – баланың өз әкесiнiң достарымен қарым-қатынасын үзбеуi» деген. Достарын қадірлеу – әкеге құрмет көрсетудің бір әдісі екенін бала жастайынан ұғып өссе, нұр үстіне нұр.

– Әке-шешесіне барлық жағдайда жақсылық жасауға үйрету, ата-анаға жақсылық жасаушының ғұмыры ұзақ болатынын баланың санасына сіңіру. Пайғамбарымыз: «Ата-анасына жақсылық етушi қуанышқа бөленсiн! Алла Тағала оның ғұмырын ұзақ етсiн!» – деп дұға жасаған (Бұхари).

материал «Дүниедегі жұмақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: