28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Мұхаммед (с.а.с.) өзіне пайғамбар жүгі артылатынын білген бе?

Мұхаммед (с.а.с.) өзіне пайғамбар жүгі артылатынын білген бе?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарлық келмей тұрып уахи туралы ештеңе айтқан емес, өзіне елшілік міндеттелетінін білмеген. Құранда: «Бұл кітаптың саған түсетінін күтпеген едің. Бұл – Раббыңнан келген бір мейірім» («Қасас», сүресі 86) деп өзінің пайғамбар болатынын күтпегендігін және бұл таңдауды тек Алла Тағала жасайтынын нақты білдірген.

Алла қалағанын жаратады, қалағанын таңдайды. Пайғамбарлық міндет Алла Тағаланың барша адамдарға және таңдаған елшісіне жасаған мейірімі мен жақсылығы. Бұл мейірім тек қана Алланың таңдалған құлдарына беріледі. Ол кездері соңғы пайғамбардың келетінін білген Исрайыл ұрпақтары мен арабтардың арасында пайғамбарлықты қалағандары, пайғамбарлықты Алладан тілегендері көптеп кездесті. Алайда пайғамбарлық адамның емес Алланың қалауында болғандықтан, бұл міндетті еш ойламаған, күтпеген Мұхаммедке (с.а.с.) берді.

Пайғамбар болмай тұрып өз басынан, кейбір байқалған жағдайлар да бар, бірақ Алла Елшісі (с.а.с.) орын алған ерекше оқиғалардан әсерленіп, өзін бөлек сезініп, мен пайғамбар боламын деп айтпаған. Уахи келмей тұрып Расулалла (с.а.с.) шынайы түс көретін. Түсінде көргендері өңінде орындалып, көз алдында айна-қатесіз қайталанатын. Осындай тылсым сырға (Пайғамбарлықтан бұрын болған ерекше оқиғалар «ирхасат» деп аталады) толы оқиғалардан кейін оңаша қалып ғибадат етуге деген құштарлығы арта түсті. Бірнеше күн қатарынан Хира үңгірінде оңаша қалып үздіксіз құлшылық етті. Бұл құлшылық жанына жағымды келді, рухының қалауы екенін білді. Анда-санда үйіне келіп тамағын алып, іле қайта кететін. Күн артынан күн өтіп мұнысы әдетке айналды.

Бірде әдеттегідей үңгірде отырған еді. Кенеттен періште пайда болып: «Оқы!» – деп бұйырды. «Мен оқи алмаймын», – дейді Пайғамбарымыз (с.а.с.) үрейленіп. Осы ұлы оқиға ары қарай: «Мені шап беріп, қапсыра ұстап, жаным ауырғанша қысып барып қайта босатты да, «Оқы!» – деді. «Оқи алмаймын», – дедім. Қайта қысып тұрып, тағы да босатты. Сөйтіп тағы да «Оқы!» – деп бұйырды. «Мен оқи алмаймын», – дедім. Үшінші рет қысып барып босатты да: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы. Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы, Раббың ең жомарт, адамға қаламмен жазу- ды және білмегендерін үйретті» («Алақ», 1-5) деген Алланың сөздерін айтты. Жәбірейіл періште өзінің алғашқы міндетін атқарғаннан кейін көзден ғайып болды. Нұр тауынан ұзақтап бара жатқанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы да ерекше бір күй кешті. Басын көтеріп көкке қарағанда, Жәбірейілді көрді. Періште Алланың сәлемін жолдады.

Расулалла (с.а.с.) қорыққанынан қалшылдап кетті де, үйін бетке алып тұра жүгірді. Ентіге басып табалдырықтан аттай бере жұбайы Хадиша анамызға (р.а.): «Үстіме бірдеңе жабыңдар», – деді. Үстін қымтап жапқаннан соң қорқынышы сейілейін деді. Терең ойға батып: «Өз-өзімнен үрейленемін», – дегенде Хадиша анамыз: «Қорықпа, Алла сені жерге қаратпайды, өйткені сен жақындарыңа көмектесіп, қиналғандарға қол ұшын бересің, мұқтажды киіндіріп, қонақты қуана қарсы аласың және мұңайғанға дос бола білесің», – деп оның игі істерін айтып, жұбатқан еді (Бұхари, Бәдүл - уахи, 7). Олай болса, бұл оқиғадан Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің пайғамбар болатынын білмегендігін мынадай ретпен тұжырымдаймыз: Үңгірде уахи келген кездегі халі мен үңгірден шыққаннан кейінгі үрейіне қарап өзіне уахи келетінін білмегендігін және күтпегендігін байқаймыз. Егер білген болса қорықпас еді және бұл жағдайды Хадиша анамызға айтып үрейленбес еді.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Өз-өзімнен үрейленемін» деуі оның бұған дейін уахи келетінін, пайғамбар болатынын білмегендігін көрсетеді.
Хадиша анамыз Пайғамбарымыздың басынан өткізген жағдайын ағасы Уарақа ибн Науфалға жеткізген болатын. Сонда ол Хадиша анамызға: «Егер айтқандарың рас болса, ант етемін, ол – Мұса мен Исаға келген Намус әкбар (Жәбірейіл). Сөз жоқ, Мұхаммед (с.а.с.) – осы үмбеттің нәбиі. Бар да осыны жеткіз. Өз-өзіне берік болсын» (Мауарди, Аламун-нубуа, 1/275), – деп айтады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің пайғамбар екендігін білсе, Хадиша анамыздың немесе оның ағасы Уарақаның айтқанын тыңдауды қажет етпейтін еді.

Біреу жазушы болуды қаласа, ол қолына қалам алып, кітап оқып, жазу жазып дайындалатыны сөзсіз. Ал Алла Елшісі (с.а.с.) сол заманның ағысымен жүріп оқу-жазуды білмеген, пайғамбарлыққа дайындық ретінде үйренбеген де. Әйтпесе, жазу-сызуды үйренуі де мүмкін еді. Алайда Алла Тағала оны пайғамбар ету арқылы, сол заманның және ақиретке дейінгі аралықтағы барлық ақын-жазушылар мен білікті ғалымдардан үстем етті.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz 

Бөлісу: