29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Алла Елшісі (с.а.с) барша адамға ортақ пайғамбар ма?

Алла Елшісі (с.а.с) барша адамға ортақ пайғамбар ма?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Құран Кәрім – Мұхаммед Мұстафаға (с.а.с.) бар ша адамзатқа ақиқатты танытып, түзу жолға салу үшін, жалған мен ақиқатты айыру үшін, жұртты қараңғылықтан құтқарып, ізгілікке қауыштыру үшін түсірілген Алла Тағаланың баға жетпес құнды сыйы.

Адамдардың екі дүниеде де бақытқа кенелуін мақсат тұтқан бұл кітап сол аймақтың, болмаса сол дәуірдің адамдарына ғана емес, барша адамзатқа арналған. Сонымен сәйкес оны бізге үйреткен Пайғамбар (с.а.с.) да барша адамзаттың ұстазы. Бұл жайлы Құранда: «Былай де: «Уа, адамдар, мен сендердің барлығыңа Алладан жіберілген пайғамбармын» («Ағраф», 158) деп, барша адамзатқа елші ретінде жіберілгендігін айтқан. Оның аты аталған Құранның бірнеше жерінде адамзат, әлем, бүкіл адам баласы деген сөздер қоса айтылады («Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» («Әнбия», 107), «Сені бүкіл адам баласына сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жібердік. Бірақ адамдардың көбі мұны білмейді» («Сәба», 28).) .

Бір хадисінде өзінің тек қана белгілі бір қауымға емес, барша адам баласына пайғамбар екенін айтады: «Маған бұрынғы пайғамбарларға берілмеген бес нәрсе берілді. Мен жорыққа шығарда Алла Тағала айшылық алыс жердегі жауларымның жүрегіне қорқыныш ұялатады. Бүкіл жер беті үмбетіме мешіт болды. Намаз уақыты қай жерде кірсе, сол жерде үмбетім намаз оқи береді. Ғанимет (олжа) адал етілді. Маған дейінгі пайғамбарлар тек өз қауымдарына ғана келген. Мен барша адамзатқа жіберілдім. Маған ақиретте шапағат ету құқы берілді» (Бұхари, Тәяммүм 1, Намаз 56; Мүслим, Мәсажид 3; Нәсаи, Ғұсыл 26; Даими, Сиәр 28, Намаз 111).

Тағы бір сөзінде адамзаттың асыл тәжі (с.а.с.): «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Алла атымен ант етейін, мейлі яһуди, мейлі христиан болсын менің үндеуімді естіп, айтқаныма иман етпей өлсе, тозаққа барады» (Мүслим, Иман 240) деп, Иса мен Мұса пайғамбарды мойындаған яһудилер мен христиандардың Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с.) да мойындау керектігін білдірген, өйткені кімде-кім Алла Тағаланың бір екендігін мойындап, бірақ Мұхаммедтің (с.а.с.) елші екендігін мойындамаса, жәннатқа кірмейді.

Бір күні хазірет Омар (р.а.) келіп былай дейді: «Уа, Расулалла, мен Бәни Құрайза яһудилерінен барып Таураттан бір нәрсе жазып беруін сұрадым. Олар сұрағанымды жазып берді. Соларды оқып берейін бе?» – деп сұрағаным сол-ақ екен, нұрлы жүзі өзгеріп сала берді. Отырғандардың бірі Пайғамбарымыздың бұған ренжігенін айтты. Сонда хазірет Омар (р.а.): «Мен Раббым ретінде Аллаға, дін ретінде Исламға, пайғамбар ретінде Мұхаммедке разымын», – дейді. Сонда ғана Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жүзі жадырап сала береді. Артынша былай деді: «Құдіреті күшті Аллаға ант етейін, егер араларыңа хазірет Мұса келіп, әлдекім оған ерер болса, адасады. Сендер үлесіме тиген үмбетсіңдер, мен сендерге келген пайғамбармын» (Дарими, Мұқаддима 39; Ахмед ибн Ханбал, 3/471, 4/276).

Осылардың барлығынан түсінетініміз, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі де, насихаттаған діні де қияметке дейінгі адамдардың барлығына ортақ. Енді пайғамбар келмейтіні сынды Исламнан кейін де ешқандай дін Алланың құзырында қабыл болмайды, өйткені соңғы дін – адамзаттың барлық мәселелерін жан-жақты қарастырған толыққанды дін. Тек соны түсініп, әркім өз қажетіне жарата алғанда ғана жемісін көрмек.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: