29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) жәннаттағы көршісі атанған сатушы

Пайғамбардың (с.ғ.с) жәннаттағы көршісі атанған сатушы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Оқиғаны ғұлама Мұхаммед Ратиб Наблуси әңгімелейді:

Дамаск қаласында Уард мешіті бар. Мешіт Саружа базарында. Мәмлүктер дәуірінен қалған жәдігер құлшылық үйі. Мешітте тақуа мүфтиі қызмет етті. Ел-жұртқа дін құндылықтарын насихаттап, шәкірттерге дәріс берді. Бір күні түсіне ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кіреді. Әдетте түс көрмейтін. Екі дүние Сұлтанын (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) анық өңіндегідей жүздесті. Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Пәленшеге сүйінші айт. Ол менің жәннаттағы көршім», – деді. Имам таңертең ұйқысынан тұрып біраз ойға шомды. Аздап ішінде қызғаныш бар сияқты. Өмірін дін қызметіне арнап еді. Күн-түні шариғатты оқытумен, оны зерттеумен өмірі өтіп жатты. Ал пәленше оның жамағаты. Қарапайым көкөніс сатушы.

Намаздан кейін шақырып алып: Сізге сүйінші хабарым бар. Түсімде ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрдім. Сізге сәлемдемесі бар. Бірақ сүйіншіні айтпас бұрын бір шартым бар. Құдайға ұнайтын қандай жақсылық істеп едің, соны айт, – дейді. Ол айтудан бас тартты. Имам қолқалап қоймаған соң көнді.

Көкөніс сатушы: Мен бір қызға үйлендім. Әйелімнің аяғы ауыр екен. Бес айлық. Қызды әкесінің үйіне қайтарып жіберсем болар еді. Бірақ құпияны ешкімге айтпадым. Оның жаңылып от басқанын түсіндім. Шынайы тәубе етті. Төрт ай өтті. Ай күні толып бала дүниеге келді. Құндақтағы баланы мешітке алып келдім. Жамағат намазға тұрды. Мешіт табалдырығына баланы қойып, өзім де жамағатқа қосылдым. Намаз үстінде бала шырылдап жылай бастады. Намазды бітірер бітірмес жамағат есікке қарай жүгірді. «Мынау бала ғой. Біреу нәресте тастап кеткен сияқты», – деп кісі жиналып қалды. Мен асықпай барып: «Тастанды бала болса, мен алайын. Бағып, қағып өсіремін», – деп алдым. Осылайша әйелімді қара бет, масқара болудан аман алып қалдым, – деген екен.

Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ. Адамды жаман жолдан құтқару – үлкен еңбек. Жығылғанға жұдырық демей, қолтығынан демеп қайта тұруына көмек беру – сауапты іс.

материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: