21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) Аллаға деген махаббаты мен сенімі

Пайғамбардың (с.ғ.с) Аллаға деген махаббаты мен сенімі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарлар Аллаға бағынуға жұртты екі жолмен шақырған.

Бір тобы Алланың ұлылығы мен күшін көрсетіп, адамдарды Алланың қаһарымен және азабымен қорқыта отырып Оған бағынуға шақырған. Бұларды «Мунзирин» дейді. Мәсәлен, Әзіреті Нұх пайғамбар (ғалейһиссәләм), Әзіреті Мұса пайғамбар (ғалейһиссәләм) т.б.

Екінші топ пайғамбарлар, олар Алланың «жәмәлі» мен жақсылықтарын айтып, адамдарды мейірім, махаббат, ғашықтық және пейішпен қуантып, Хақ Тағаланың жолына шақырған. Әзіреті Яхя пайғамбар (ғалейһиссәләм), Әзіреті Иса пайғамбар (ғалейһиссәләм) осы топқа жатады.

Екі топ та өздері жіберілген кезеңнің қажеттілігіне сай, қоғамның талабына сай қасиеттерге ие тұғын.

Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) болса – осы екі тәсілді ді тең дәрежеде ұстай білген пайғамбар еді. Бұған байланысты Құранда:

«Сөзсіз, Біз сені рахымымызбен сүйіншілеуші, ал азабымызбен қорқытушы етіп, хақ Құранмен жібердік», - делінген[1].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құран тілімен айтқанда «өткен және келер шақтағы бүкіл күнәлары кешірілген» пайғамбар екендігіне қарамастан, түнімен аяқтары ісіп кеткенше намаз оқитын. Мұны көрген жұбайлары:

"Уа, Расулалла! Сен Алланың кешіріміне бөленген пайғамбарсың. Өзіңді неге мұнша қинайсың?" – деп сұрағандарында, Алла елшісі:

«Осындай ұлық нығметтің шүкіршілігін өтеу керек емес пе?!» - деп жауап берген еді[2].

Бұл хадис  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құлшылығы мен ғибадатының тек Алладан қорыққаннан ғана емес, Аллаға деген сүйіспеншілігінен және құлшылыққа деген құмарлығынан екендігін көрсетеді. Өйткені Ол (ғ.с.) үшін оқылған екі рәкәғат намаздан алған ләззәт – дүниедегі бар ләззаттардан артық еді. Құранның баяндауы бойынша имандылар үшін Аллаға деген махаббат - барлық нәрседен жоғары әрі мәртебелі. Құранда былай делінеді:

«Мүміндердің Алланың жақсы көруі – барлық нәрседен биік»[3].

 

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ АЛЛАҒА СЕНІМ АРТУЫ

Әзіреті Пайғамбардың (с.а.у.) өмір баянын оқыған кезде өмірінде ең зор пәлекеттер, көптеген қырсықтар, әртүрлі зұлымдықтар кездесе де, Оның жүзінен не үрей, не қобалжу не болмаса, үмітсіздік секілді сезімдер болмағанын ұғынамыз. Әзіреті Мұхаммед (ғалейһиссәләм) Меккеде жалғыз өзі, ешкімнің қамқорынсыз өмір сүрген кезінде бірталай ауыз азаптар шекті. «Ұхуд» және «Хұнайн» соғыстарында да ең қорқынышты қауіп-қатермен бетпе-бет келген кездерінде сол баяғы қайратты күш-жігері мен беріктігін жоғалтпаған. Көкесі Әбу  Талиб бұл даъуадан (миссия) бас тартуын айтқан кезде, Ол көкесіне:

«Көке, жалғыз қалдым деп ойлама. Хақ жалғыз қалмайды. Күндердің күнінде арабтар да, араб еместер де қабылдайтын болады», - деп айтқан еді[4].

Бір күні сахабаларының біріне:

«Ант етемін, бұл діннің көркейер күні өте жақын. Сол кезде жүректерде Алла қорқынышынан басқа ешқандай қорқыныш қалмайды», - деген-ді[5].

Хижрет кезінде Құрайшылықтар Оны өлтіруге бел буған еді. Үйі қоршауға алынған кезде Алла елшісі аяғының ұшымен жай басып жүріп, інісі Әлиді орнына қалдырып, оған түнді осы төсекте жатып өткізуін өтінген еді. Сол түін сол төсекте жатқан кісі өлтіріліуі тиіс етін. Әзіреті Әли бұл өтінішті аса ыждыхаттылықпен қабылдады. Алла елшісі болса, уақыты келгенде раушан бағына айналдыруға күші жететін Алла Тағалаға сенім артып, артына қарамастан үйден жасырын шығып, ұзап кетеді. Үйі дұшпандар тарапынан қоршауға алынған Алла елшісі Раббысының әміріне бас иіп, оған сеніп, өзінің Хақ Пайғамбар екені айтылған «Ясин» сүресінің алғашқы аяттарын оқып, үйінен шығып кеткен еді.

Бірде Пайғамбарымыз «Нәжид» соғысынан қайтып келе жатқанда сахабаларымен бірге бір ағаштың көлеңкесіне тынығып жатып шаршағандықтан ұйықтап кетеді. Пайғамбарымыздың қылышы ағаштың үстінде ілулі тұр еді, осы кезде сол жерден өтіп бара жатқан бір бәдәуи осы жағдайды пайдаланып, Пайғамбарымызды өлтіргісі келді. Алла Расулі оянып кетсе, бір бәдәуи араб қылышын көтеріп, үстіне төніп келе жатыр екен. Бәдәуи айқайлап:

«Сені менің қолымнан енді кім құтқара алады, а?» - деп бақырады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Алла!» - дегені сол еді бәдәуидің қолындағы қылыш жерге түсіп кетеді[6].

Бұл да Пайғамбарымыздың Аллаға деген сенімі мен оған арқа сүйерлігінің қаншалықты болғандығын көрсетеді.

 

[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 119 аят.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Тәһәжжуд. 6.
[3] Құран Кәрім: "Бақара" сүресі, 165 аят.
[4] «Асры саадат». ІІ, 53.
[5] «Асры саадат». ІІ, 54. (Бұхари).
[6] «Асры саадат». ІІ, 55.

 

материал «Пайғамбарымыз және оның күнделікті іс-әрекеттері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: