30
Бейсенбі,
Қаңтар

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) ауырып жатқанда айтқан насихаттары

Пайғамбардың (с.ғ.с) ауырып жатқанда айтқан насихаттары

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ауырып жатқанда бірнеше рет сахабаларына уағыз-насихатын айтады. Ансарлар мен мүхажирлерге бір туған бауырдай болыңдар деп, былай деді:

«Менің өлетінімді ойлап, уайымдап жүрген көрінесіңдер. Үмметінің арасында мәңгіге қалған  пайғамбар бар ма, айтыңдаршы, мен де сөйтейін. Мен Хақ Тағалаға қауышамын, бәріңнен бұрын бұған мен лайықпын. Менің сендерге шапағат, мейірімім мол. Сендер маған әлі қауышасыңдар. Кездесетін жеріміз Кәусар хауызының бойы. Кімде-кім менімен сол жерде жолыққысы келсе, қолы мен тілін жамандықтан сақтасын.

Уа, халайық!

Күнә мен қателік нығметтің өзгеруіне себеп болады. Егер халық бауырмал, мейірбан болса, әкімдер, бастықтар мен биліктегілер де сондай болады. Егер халық азғындаса, олар да соған сай болады».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мешітінің мінберінде отырып: «Алла Тағала, бір құлына дүние мен ақырет екеуін таңдауда ерік берді, ал ол ақыретті таңдады» - дейді. Бұл сөзімен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзін тұспалдап, ақыретке көшетінін білдіреді.

Әбу Бәкір (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) не айтпақ болғанын түсініп, көз жасын тия алмай былай дейді: «Аналарымыз, аталарымыз жолыңа құрбан болсын, уа, Расулулла».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның сөзін бөліп, халыққа уағыз айтуға кіріседі. Әбу Бәкірге (р.а) өте риза екенін айтады. «Жолдастықта жанын да, малын да менен аямаған адам – Әбу Бәкірді (р.а). Егер дос керек болса, қалай да Әбу Бәкірді (р.а) таңдар ем. Бірақ дін бауырыма айналды» - дейді.

Мешітке кіретін барлық есікті жаптырады, тек Әбу Бәкірдің (р.а) есігін ашық қалдырады. Сонан соң өзінің бөлмесіне кіреді.

Бірде Әбу Бәкір (р.а) таң намазын оқытып жатқанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бойын жеңіл сезініп, мешітке келеді. Халықтың тұрысын көріп риза болады. Иін тірескен мұсылмандарға қарап көңілі тасиды. Өзінен кейін Әбу Бәкірдей (р.а) кісінің халифа болатынына қуанып, күлімсірейді. Ал сахабалар Пайғамбарымызды (с.ғ.с) байқап, намаздарын бұза жаздайды. Пайғамбарымызды (с.ғ.с) құлан-таза айыққан деп ойлайды. Тіпті Әбу Бәкір (р.а) сәл кері шегінеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оны арқасынан алға қарай итеріңкіреп, оң жағына отырады. Сахабаларымен бірге намазын оқиды. Намаз біткен соң сахабаларға бұрылып, дауысын көтере былай дейді:

«Уа, халайық!

От тұтанды. Бүлік (фитна) түн қараңғысындай жылыстап келіп қалды. Мен Құранның халал еткенін халал, харам еткенін харам қылдым».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына тәлім беруді ешқашан көңілден таса қылмаған. Тіпті дүниеден өтер сәтінде де...

материал «Сияр Нәби» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: