26
Жұма,
Сәуір

һижри

Мүшріктер: «Құран араб тілінде түспеген»

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Жер бетіндегі күллі мұсылман үмметі қасиетті Құранның Алла Тағаладан сүйікті Пайғамбарымызға араб тілінде түскендігіне сөзсіз иланады. Сондай-ақ, бұл жайында ешбір мұсылман баласы талас тудырмайды. Дейтұрғанмен, дін дұшпандары әркез Құраннан қате іздеп әлек болады. Ал оған мына бір тарихи оқиға дәлел.

Пайғамбар заманында бір топ мүшріктер өздерінің тар пайымдарымен Құранға зерттеу жүргізіп, сол іздеулерінің нәтежесінде олар қателік тапқандай болады. Қуаныштары қойындарына сыймаған олар бір-бірлеріне жымыңдасып: «Ендеше Алла Елшісімін деген Мұхаммедтің аузына құм құялық», - деп сонда бет алады.

Пайғамбарымыздың алдына келген мүшрік арабтар былай деп үн қатады:

- Ей, Мұхаммед! Сен Алладан араб тілінде келген кітабыңнан (Құраннан) мына төрт сөздің қайдан келгенін айтшы.

Бірінші сөз: «يستهزئ(ястаһзи, мағынасы: мазақ)»,[اللهُ يَسْتَهْزِئُ بِهِمْ], [Алла оларды мазаққа ұшыратты,]Бақара» сүресі, 15-аят).

Екінші сөз: «قسورة(қасууара, мағынасы: арыстан)», [فَرَّتْ مِنْ قَسْوَرَةٍ], [Арыстаннан қашқан…,](«Мүдәссир» сүресі,51-аят).

Үшінші сөз: «عجاب(ғужаб, мағынасы: таңқалу)», [إِنَّ هَذَا لَشَيْءٌ عُجَاب], [Әрине бұл тым таңғажайып нәрсе], («Сад» сүресі, 5-аят).

Төртінші сөз: «كبارا(кубара мағынасы: үлкен, зор)», [وَمَكَرُوا مَكْرًا كُبَّارًا], [Олар зор айлакерліктер істеді], («Нұх» сүресі, 22-аят).

-Арабтар бұл сөздерді мүлдем қолданбайды. Ал енді айта ғой қайдан алғаныңды, - деді масаттанып.

Осыны естіп отырған далалық араб Пайғамбарымыздың қасына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Маған бер», - деді.

Пайғамбарымыз :

- Не сұрайсың?

- Маған бер!

Пайғамбарымыз оған тағы да: «Не қалайсың?», - деді.

Сонда далалық араб орнынан тұрып:  «Ей, арабтардың арыстанының баласы сен мені үлкейген шағымда мазақ қылғаның ба? Бұл көрініс мені таң қалдырды»,- деген сөзімен ой үстінде отырған Пайғамбарымызға қолдау көрсетіп, Құраннан қате іздеген мүшріктерге Алла сөзі ақиқат екенін беттеріне басты.  

Арабтарда қолданбайды деген жоғарыдағы төрт сөзді бір сөйлемде қолданған дала арабының әрекетінен кейін мүшіріктер ауыздарына құм құйылған күйі келген жолдарымен кері қайтты.

 

Қанат ҚАЛЫМБЕТ,

Исламтанушы

Бөлісу: