Алла елшісінің (с.а.с.) жасалған дұғаларының айқын түрде қабыл болуына мысалдар жеткілікті. Төменде солардың біршамасын келтірмекпіз:
а) Алла елшісінің (с.а.с.) Әнәс ибн Мәликке (Алла оған разы болсын) жасаған дұғасы
Алла елшісі (с.а.с.) ол үшін: «Уа, Алла! Оның малын, жанын көбейтіп, бергендеріңнің берекесін бер! (Өмірін ұзақ етіп, күнәсін кешір!)» – деп тілек еткен еді. Кейінірек Әнәстің өзі: «Алланың атымен ант етемін! Менің мал-мүлкім де көп. Ал бүгінде балаларым мен немерелерімнің саны жүзге жетеді. (Қызымның айтуынша, менің ұрпақтарымнан Басра қажыларының арасында жүз жиырмадан астамы жерленген екен). Ғұмырым ұзақ болды. Тіпті, адамдардан ұялатын болдым. Алладан кешірім сұраймын», – деген (Әл-Әдәбул-Муфрад, 244-бет).
Әнәстің (Алла оған разы болсын) жылына екі рет жеміс беретін бағы бар болатын. Оның ішінде керемет хош иісті райхан гүлдері өсетін.
ә) Алла елшісінің (с.а.с.) Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) анасына жасаған дұғасының нәтижесінде ол кісі сол мезетте-ақ Ислам дініне кіреді.
Ол туралы Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) өзі: «Анамды ылғи да Ислам дініне үгіттейтінмін. Өйткені ол мүшрік болатын. Бір күні әдетімше уағыз айтып едім, ол Алла елшісі (с.а.с.) туралы жағымсыз сөздер айта бастады. Мен жылап, Алла елшісіне (с.а.с.) келдім. «Уа, Алла елшісі! Мен анамды Исламға шақыратынмын, бірақ ол маған қарсы шыға берді. Бүгін тағы да шақырып едім, сен туралы жағымсыз сөздер айтты. Алла Тағаладан Әбу Һурайраның анасын тура жолға бастауын сұрашы», – дедім. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла! Әбу Һурайраның анасын тура жолға сала гөр!» – деп дұға қылды. Мен ол жерден Алла пайғамбарының (с.а.с.) дұғасына шектен тыс қуанып шықтым. Үйіміздің есігіне жақындағанымда, ол жабық тұр екен. Іштегі анам менің аяғымның тысырын естіген болуы керек: «Уа, Әбу Һурайра! Кірмей тұра тұр», – деді. Мен үй ішінен судың сылдырын естідім. Сөйтсем, анам ғұсыл алып, киімін киіп жатыр екен. Орамалын тез киіп, есікті ашты да: «Ей, Әбу Һурайра! Әшһәду әллә иләһә илләллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән ъабдуһу уә расулуһ!» – деді. Содан кейін мен қатты толқыныстан көзіме жас алып, қайтадан Алла елшісіне (с.а.с.) жүгірдім. Бара сала: «Уа, Алла елшісі! Сүйінші хабар! Алла сенің дұғаңды қабыл алып, Әбу Һурайраның анасын тура жолға салды», – дедім қуанышым қойныма сыймай. Ол (с.а.с.) Аллаға мақтау-мадақ арнап, қайырлы болсын айтты. Мен: «Уа, Алла елшісі! Алладан мені және анамды иман келтіргендерге және оларды бізге сүйікті етіп көрсетсін деп дұға қылшы», – деп өтіндім. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла! Мына пендеңді және оның анасын иман келтірген пенделеріңе сүйікті ет және бұларға иман келтіргендерді сүйікті етіп көрсет», – деп дұға етті. Содан бері бір мүмін мен туралы естісе не көрсе, бірден жақсы көретін болды», – деп әңгімелеген (Муслим).
б) Алла елшісінің (с.а.с.) Ғұруа ибн Әбу Жағд әл Бариқиға қылған дұғасы
Бірде Пайғамбар (с.а.с.) оған бір динар беріп, базардан бір қой сатып әкелуді тапсырады. Ғұруа оған екі қой сатып алып, оның біреуін бір динарға қайта сатып, бір қой және бір динармен қайтып келеді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) оның саудасына береке тілеп, дұға етеді. Содан кейін Ғұруа топырақ сатса да пайдаға кенелетін болады (Әл-Бұхари).
Имам Ахмадтың «Муснад» кітабында Пайғамбардың (с.а.с.) ол үшін: «Уа, Алла! Оның оң саудасының берекесін бер!» – деп дұға жасағаны келтірілген. Ғұруа кейіннен Куфа қаласында тұрды. Ол үйіне қайтып оралғанша қырық мың (дирһам әлде динар) тауып келетін.
в) Алла елшісінің (с.а.с.) дұшпандарға жасаған дұғалары да қабыл болған.
Соның бірі – Алла елшісінің (с.а.с.) Меккеде өзіне жәбір көрсеткен мүшріктерге жасаған дұғасы. Бірде Әбу Жәһл мен құрайыш тайпасының басқа да көсемдері Қағбаның қасында ғибадат жасап тұрған Алла елшісі (с.а.с.) сәждеге барғанда арқасына малдың тазаланбаған ішек-қарнын тастатады. Оны Ғұқба ибн Әбу Муғит істеді. Арқасына қойылған арам нәжісті Пайғамбардың (с.а.с.) қызы Фатима алып тастады. Сосын Алла елшісі (с.а.с.) намазын аяқтаған соң: «Уа, Алла! Құрайыштың жазасын бер!» – деп үш рет дұға етті. Бұл дұғаны естіген құрайыш шонжарлары күлкілерін кілт тыйып, қорқа бастады. Ал Аллаһ елшісі (с.а.с.) дұғасын әрі қарай жалғастырып: «Уа, Алла! Әбу Жәһл ибн Һишамның, Ғұтба ибн Рабиғаның, Шәйба ибн Рабиғаның, Уәлид ибн Ғұтбаның, Умәййә ибн Халафтың, Ғұқба ибн Әбу Муғиттың жазасын бер», – деп олардың аттарын атап шықты. Осы оқиғаның куәгері Ибн Масғуд: «Мұхаммедті (с.а.с.) хақпен жіберген (Алла) мен ант етемін, Бәдір күні әлгі аттары аталғандардың өліктерін көрдім. Содан кейін олар Бәдір құдығына лақтырылып тасталынды», – деген (Муслим).
Басқа риуаятта: «Алланың атымен ант етемін! Солардың мүрделерін Бәдір құдығында көрдім, денелері ыстық күннің әсерінен сарғайып кетіпті», – деген.
г) Алла елшісінің (с.а.с.) Сурақа ибн Мәликке (Алла оған разы болсын) жасаған дұғасы
Сурақа Меккеден Мәдинаға жол тартқан Пайғамбар (с.а.с.) мен Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) іздеріне түсіп қуып жетіп, өлтірмекші болған. Ондағы мақсаты құрайыштардың Пайғамбар (с.а.с.) мен оның жолдасын өлтірген не тұтқындаған адамға белгілеген сыйын алу еді. Сурақа олардың арттарынан қуып жеткенде Әбу Бәкір: «Уа, Алла елшісі! Мына ноян артымыздан қуып жетті!» – деп қауіптенді. Алла елшісі (с.а.с.) артына бұрылып, оған қарады да: «Уа, Алла! Оны омақастыр», – деді. Сол-ақ екен, Сурақаның астындағы атының төрт аяғы жерге тізе тұсына дейін батып кетті де, бір орнынан тапжылмай қалды. Сонда Сурақа: «Уа, Алла елшісі! Маған жақсы дұға жаса», – деп өтінді. Алла елшісі (с.а.с.) оған дұға етіп еді, аты орнынан көтерілді. Бұл тылсым күшке таңғалған Сурақа қайтып келді де, екеуіне қорғаушы болды. Сөйтіп таңертең Пайғамбарға (с.а.с.) қарсы ниетпен шыққан адам, кешке қарай оның күзетшісіне айналды.
ғ) Алла елшісінің (с.а.с.) Хунәйн күні қылған дұғасы
Сәләмә ибн әл-Әкуағ (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың (с.а.с.) Хунәйн ғазауатындағы соғысы туралы: «Олар (мүшріктер) Алла елшісін (с.а.с.) қоршап алған кезде Ол (с.а.с.) қашырынан түсіп, жерден бір уыс топырақ алды. Сосын олардың беттеріне қарап: «Жүздерің күйсін!» – деп (шашты). Алла олардың ішіндегі әрбір адамның көздерін жаңағы топырақпен толтырды да, олар артқа қарай қашты. Сөйтіп Алла Тағала оларды жеңіліске ұшыратты. Алла елшісі (с.а.с.) олардан түскен олжаларды мұсылмандарға бөліп берді», – деп әңгімелеген (Муслим).
материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,
ummet.kz