09
Сәрсенбі,
Шілде

һижри

Алла елшісінің (с.ғ.с.) әдептілігі мен кішіпейілділігі

Алла елшісінің (с.ғ.с.) әдептілігі мен кішіпейілділігі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өте мейірімді және сахабаларына үлкен құрметпен қараған жан еді. Мәжіліс алқасы қанша тығыз шаруамен отырса да, келген адамға орын табатын.

Ол (с.ғ.с.) әр уақытта бірінші болып сәлемдесетін. Егер қол алысып амандасса, ешуақытта қолын бірінші тартып алмайтын. Алла елшісі (с.ғ.с.) өте кішіпейіл болатын. Алқа-жиынға келгенде қай жерде бос орын болса, сол жерге отыратын және басқаларға да солай етуді бұйыратын. Адамдардың бәріне бірдей көңіл бөлетін және отырғандардың ешқайсысында да біреудің біреуден дәрежесі артық деген ой тумайтын. Алла елшісі (с.ғ.с.) біреумен сұхбат құрса, ешуақытта сұхбаттасынан бұрын орнынан тұрмайтын. Ал қандай да бір жағдай асығуға мәжбүр етсе, кешірім өтініп, кетуге рұқсат сұрайтын. Алла елшісі (с.ғ.с.) өзі келгенде адамдардың орындарынан тұрғанын ұнатпайтын.

Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «(Сахабалар) үшін Алла елшісінен (с.а.с.) сүйікті ешкім жоқ еді. Бірақ олар оны көргенде орындарынан тұрмайтын, өйткені бұлай ету оған ұнамайтынын білетін», – деген. Алла елшісі (с.ғ.с.) ешуақытта адамдар алдында оларға жағымсыз тиетін істерді істемейтін. Ол науқастардың көңілін сұрап баратын, кедей-кембағалдарды жақсы көретін. Солармен бірге отырып, олардың жаназасына қатысатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) ешуақытта кедейлерді кедейлігі үшін жек көрмеген және байманаптардың алдында жалпақтаған емес. Ол үнемі аз да болса біреуге жақсылық жасауға тырысатын. Ешуақытта тамаққа мін тақпайтын, ұнаса – дәмге қол созып, ұнамаса – тимейтін. Пайғамбар (с.ғ.с.) оң қолымен ішіп-жейтін. Ішіп-жеуді «бисмилләһ» айтып бастайтын, тамақтанып болған соң, Аллаға мадақ айтатын. Ол (с.ғ.с.) иіссу себуді ұнататын. Пияз, сарымсақтың иісі сияқты жағымсыз иістерді жақтырмайтын. Алла елшісі қажылық кезінде (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Бұл қажылық мақтан не рия үшін емес», – деген. Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларынан киім киісімен де, отыратын орнымен де ерекшеленбейтін. Сондықтан да оған келген бәдәуи арабтар: «Сендердің қайсысың Мұхаммед?» – деп сұрайтын. Пайғамбар (с.ғ.с.) тағамда да, киімде де ынсапсыздыққа жол бермейтін. Барлық денесін тобығына дейін жауып тұратын кең тігілген киімді ұнататын. Басына тақия не сәлде киіп, оң қолының шынашағына күміс жүзік таққан. Алла елшісі (с.ғ.с.) қалың сақалды, орта бойлы, кең жауырынды, өте келбетті адам болған.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: