Усама ибн Зәйдтен (Алла әкесі екеуіне разы болсын).
(Бірде) Пайғамбар (с.а.с.) Бәдір оқиғасынан бұрын бәну харис ибн хазраж (руындағы) Сағд ибн Ғұбаданы көріп қайту үшін астына фәдәкі қалың мата салып, ерттелген есекке отырып, Усама ибн Зәйдті артына мінгестіріп алады. (Жолай) ол мұсылмандар және пұттарға табынушы мүшріктер мен яһудилер араласып отырған бір мәжілістің қасынан өтеді. Мәжілісте Абдуллаһ ибн Убәй мен Абдуллаһ ибн Рауаха бар еді. Есектің (тұяғынан көтерілген) шаң мәжілісте отырғандарға жеткенде, Абдуллаһ ибн Убәй жамылғысымен мұрнын жауып: «Бізге (қарай) шаңдатпаңдар», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) оларға сәлем беріп, (қастарына) тоқтап (есегінен) түседі де, оларды Аллаға шақырады және Құран оқып береді. Абдуллаһ ибн Убәй: «Ей, кісі! Бұдан жақсы еш нәрсе жоқ, егер айтқаның шындық болса, мәжілістерімізде бізді мазалама. Жөніңе қайт та, әңгімеңді алдыңа барғандарымызға айт», – дейді. Сонда Абдуллаһ ибн Рауаха: «Бізге мәжілістерімізде кел, ақиқатында, біз оны ұнатамыз», – дейді. Ол: «Сонда мұсылмандар және мүшріктер мен яһудилер сөзге келіп қалып, жанжалдасуға ыңғайланды. Пайғамбар (с.а.с.) басу айтып, оларды сабасына түсірді де, сосын есегіне мініп (жүріп кетті). Содан ол Сағд ибн Ғұбаданың алдына кірген соң (оған): «Ей, Сағд! Әбу Хубабтың не дегенін естімедің бе? Ол (маған) былай-былай деді», – деп, Абдуллаһ ибн Убәйді меңзеді. (Сағд ибн Ғұбада): «Уа, Алланың елшісі! Оны кешіріп, кішіпейілдік таныта сал. Алламен ант етейін, бұл қаланың тұрғындары оған тәж кигізіп, (басына) орамал байлауға келісім жасап тұрғанда, Алла саған өзіңе тарту еткенін берді. Алла әлгі (әрекетті) саған тарту еткен ақиқат арқылы қайтарған соң, (Абдуллаһ ибн Убәй) бұған тырысып жақтырмай қалды. Оны өзің көрген іске итермелеген – сол», – деді. Осыдан соң Пайғамбар (с.а.с.) оны кешірді», – деп айтқан (1798/116).
материал «Муслимнің сахих хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz