07
Жұма,
Қараша

һижри

Яһудилердің Алла Елшісіне (с.ғ.с) қойған сұрақтары

Яһудилердің Алла Елшісіне (с.ғ.с) қойған сұрақтары

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Содан бастап Абдуллаһ ибн Сәламға яһудилер шындап өшікті. Әсіресе, Хуәй ибн Ахтаб, Қағыб ибн Әсад, Әбу Рафи, Әшия және Шәмил ибн Зәйд секілді кісілер Абдуллаһқа күн көрсетпей қойды.

Бірнеше рет келіп сеніміне селкеу түсіріп, хақ діннің жолынан тайдырмақ та болды. Бір күні келіп:

– Пайғамбарлықтың арабтардың арасынан шығуы мүмкін емес. Мұхаммед ары кетсе патша шығар – дегенді де айтты. Осылай дей тұра, олар өз сөздеріне өздері де сенбейтін еді. Олар мұнымен қоймай Пайғамбарымыздың өзіне де барады. Алла Елшісінен Зұлқарнайын туралы сұрайды. Пайғамбарымызды білмейді деп ойласа керек. Алла елшісі оларға Алланың түсіндіргеніндей етіп түсіндіреді. Тиісті жауаптарын алғанымен, түрлі сауалдарды үсті-үстіне сұрап сөзден ілік іздейді. Кенет араларынан біреуі кісі шошытарлық мына сұрақты қояды:

– Уа, Мұхаммед, Алла бүкіл жаратылысты жаратты десек, ал Алланы кім жаратты сонда? Алланы танимыз, құлшылық қыламыз дегендердің мұндай сұрақ қоюы мүмкін емес. Алланың жаратылуға мұқтаждығы болар ма? Оның үстіне кейіннен жаратылған нәрсенің жаратушы болуы мүмкін емес екені бесенеден белгілі. Сонда бұлар Хазірет Мұсаға дейінгі барлық пайғамбарлардың дағуасын естімеген, Тәуратты оқымаған болды ғой?! Алла елшісінің маңдайынан шыпшып тер шыға бастады. Реңі өзгеріп, бір орында тұра алмады. Қалайша Аллаға осылай тіл тигізуге болады? Сонда олар шексіз құдірет Иесін өздерінің шектеулі ақылдарымен елестетпек пе?! Білгені шексіз Жаратушы Жаббар Ие осы кезде Жәбірейілді жібереді.

– Сабырлы бол, Мұхаммед!

– Олардың сұрақтарына жауапты «Ықылас» сүресі берген еді, соны оқыды. Күні бүгін де дәл осы сұрақты қоятындар жоқ емес. Олар Алланың құдіретін заттық өлшемдермен есептемек болады. Сөйтсек мұның жауабы бір ғана «Ықылас» сүресінде екен. Жәбірейіл де Пайғамбарымызға:

– Көп уақыт өтпей адамдар өз араларында сұрақты көбейтіп, тіпті кейбіреулері «Алла болмысты жаратты, ал Алланы кім жаратты?» деуге дейін барады. – дегенді аян салды. Осындай жағдайға душар болғандар үшін Алла расулы «Ықылас» сүресін оқуды ұсынады және Жәбірейілдің сол күні жұбатқанын айтады. Өйткені бұл шайтани түсінік болатын, мұндай жағдайда шайтаннан Аллаға сыйыну керек екен. Яһудилер сонда қарап қалмай, ойларына келгенін айтты. Бір кезде Алланың жаратылысы қандай деп сұрады. Хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ашу мен ызадан күре тамырлары білеуленіп кетті. Аллаға тіл тигізгендерді көргенде жүрегі шыдамады. Тағы да Жәбірейіл келіп мына аятты айтты: «Бірақ олар Алланың құдіретін мақұлдай алмады. Оған лайықты құрметті көрсете алмады. Бүкіл әлем қиямет күні Алланың алақанында, барша көк әлемі де Алланың иелігінде. Осындай құдірет пен үстемдіктің иесі Алла олардың ойдан шығарып жүрген серіктерінен ұлы, пәк». Құранға қарсы шығудың басы да, соңы да бұл емес еді. Абдуллаһ ибн Сәлам осындай тартыстар туындаған кезде Пайғамбарымыздың жанына барып, естіген жауаптары арқылы еліне ақиқатты жеткізуге тырысатын.

Кейде сөз ұғатын үш-төрт адамды Пайғамбарға ертіп келетін. Бір жолы мынадай сұрақ қояды.

– Пайғамбарым, мына үш сұраққа жауап берсеңіз деп едім. Қияметтің алғашқы белгісі, жұмақтағы адамның алғашқы жейтін нәрсесі және баланың атаанасына ұқсайтыны, – дейді. Пайғамбарымыз:

– Жәбірейіл жаңа маған мыналарды айтты, – деп бастайды сөзін. «Жәбірейіл» деген сөзді естігенде араларындағы біреуі:

– Ол періштелердің арасындағы яһудилердің дұшпаны, – деп қалды. Жәбірейілмен жауласу Аллаға қарсы шығу емес пе? Пайғамбарымыз дереу мына аятты оқиды: «Жәбірейілге дұшпан болғандарға айт, осы Құран мен алдыңғы кітаптарды мақұлдау үшін, иман еткендерге жол көрсетуші және сүйінші болу үшін Алланың рұқсатымен сенің жүрегіңе сол түсірді». Содан соң қойылған сұрақтарға Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жауап бере бастады:

– Қияметтің алғашқы белгісі шығыстан шығатын от, ол от шығыстан батысқа қарай жылжып, барлық халықты күйдіріп, қуырып өтеді. Жұмақтық кісінің алғашқы қорегі балық бауырының қалдығы. Егер еркектің суы әйелдікінен күшті болса, ұл бала, әйелдің суы күшті болса, қыз бала дүниеге келеді. Пайғамбарымыздың жауабына көңілі толған Абдуллаһ куәлік сөзін айтады, ал яһудилер бұрылып кетіп қалады (Исбахани, Дәлаил, 1\152).

Дегенмен яһудилердің арасында да Алла елшісіне иман еткендер болды. Олар хазірет Мұсаның өсиетімен Исламды қабылдап жатты. Бұлар Саләба ибн Сайя, Үсәйд ибн Сайя және Әсәд ибн Убәйдтер еді. Яһудилер бұған одан сайын ызаланып:

– Мұхаммедке ергендер арамыздағы ең оңбағандар. Егер жақсы адамдар болғанда ата-бабаларының дінін тастап, басқа біреудің артынан ермес еді – деген тұжырым жасайды. Негізінде Аллаға шын көңілмен берілгендер мен ақиқаттан теріс айналғандар тең болмас еді. Бірі жер бетінде жақсылық жасаудың жарысына түссе, енді бірі күпірліктің батпағына бата берді. Бұл туралы қасиетті Құран кәрімде: «Түні бойы Алланың аяттарын оқыған және Оған сәжде жасаған әһли кітаптың бір тобымен қырсық қауым ешқашан тең болмайды» – деп айдан анық баяндалады.

материал «Жүрек төрінен орын алған Мұхаммед» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: