05
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Шынайылықтан бізге үлгі болуда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жетілікті

Шынайылықтан бізге үлгі болуда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жетілікті

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

«(Мұхаммед) оларға: «Сендерден оған ақы сұрамаймын. Өз ойымнан шығарушылардан емеспін», – де» ("Сад", 86).

Әуелгі кезекте өз алдыңда шынайы болу мен басқалар алдындағы шынайылық адамның көркі десек болады. Шынайылық үнемі әдемі болумен қатар адамға жайлылық береді, өмірді жеңіл етеді, миды тыныш қылады. Ал өз-өзімен шынайы бола алмаған адам өзгелердің алдында да шынайы бейнесін жасырып, жасандылыққа барады. Болмысына сай емес сөз бен іске барады. Ондай адам үнемі басқаларға жақсы көрінудің айласын ойлаумен шаршайды. Әрі қылықтары, жүріс-тұрысы, киім киісі мен іс-әрекеттері табиғатына сәйкес келмегендіктен жарасымсыз болып тұрады. Себебі жасандылықтан асқан сүйкімсіздік жоқ. Жасанды адам басқаларды алдағаннан бұрын өз-өзін алдайды.

Түбінде оны шынайылықтан алшақ кеткен жасанды өмірі қажытады. Бір іске деген икемділік пен мәдениеттің көптүрлілігінің адамдар арасында айырмашылық жасауы – қалыпты құбылыс. Барлық адам түптеп келгенде жақсылыққа қарай, ішкі-сыртқы жағдайын жақсартуға ұмтылады. Қабілет-қарымын дамытқысы келеді. Әйтеуір барлық адамның өз майданы, күресер ішкі дұшпаны бар. Бірақ осы жолда кейбір адамдар шамасынан тыс істі, дәрежені өзіне міндеттеп алады. Шынайы келбетіне сәйкес келмейтін жасанды көрініске ие болу үшін өздерін материалдық тұрғыда да, психологиялық тұрғыда да шаршатып алады. Расында, «Алла кісіге шамасы жететін міндетті ғана жүктейді» ("Бақара", 286).

Жасандылық өзімен бірге өтірікті, екіжүзділікті және алдауды ерте келеді. Шынайы өмірдің ләззатын сезінуден айырады. Жүрек пен ойдың тыныштығын алады. Жалған атақ пен жақсы ат үшін өзінде жоқты бар етіп көрсету, аз білімді көбейтіп көрсету, бай болып көріну сынды небір жалған бетперделер иесін тұншықтырмай қоймайды. Әрі бұл өз кезегінде үлкен күнәларға жол ашады, яғни адамды екі дүниеде де бақытсыз етеді. «(Мұхаммед) сондай істегендеріне мәз болып, істемегендерімен де мақтауларын сүйгендерді есепке алма. Сондай-ақ, оларды азаптан құтылады деп әсте ойлама. Өйткені олар үшін жантүршігерлік азап бар» ("Әли Имран", 188).

Шынайы адам өмірі мен ондағы болып жатқан жайттардың барлығын қалай бар болса, солай қабылдайды. Ешнәрсені жасырып қалу үшін жасанды әрекеттерге бармайды. Қадамын нық басып, өз-өзіне сенімді болады. Шынайылықтан бізге үлгі болуда Пайғамбарымыз жетіп артады. Алла Елшісі қарапайымдылығымен басқалардан оқ бойы озып шықты. Оған жер бетінің ең асыл адамына айналуы үшін ерекше киім, жұртқа ұнау үшін айтылған жасанды әдемі сөздер мен қылықтар қажет болмады. Олай болса, қарапайымдылық – адамның ең басты сұлулығы, шынайылық – тартымдылығы.

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: