Ол (с.ғ.с) – шыншылдығымен де, сабырымен де, мейірімімен де, жомарттығымен де, кішіпейілділігімен де бүкіл адамзатқа өнеге болып қалды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірін толық сипаттап шығу мүмкін емес. Оның әрбір сөзі – хикмет, әрбір ісі – тәрбие, әрбір мінезі – үлгі. Бізге жеткілікті болғаны – Оның жүрегінен тараған нұрды сезініп, өмірімізге шамшырақ ету.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бізді көрмей-ақ сағынды. Ол: «Менің бауырларым – мені көрмей иман келтіргендер», – деп бізді еске алды. Ендеше біз де Оның (с.ғ.с) сағынышына махаббатпен жауап берейік. Оған (с.ғ.с) көп салауат айтып, Оның мінезін өзімізге өлшем қылайық. Өйткені ақырғы өсиеті – Құран мен сүннетті ұстану еді.
Алла Тағала Құранда Пайғамбарымызға (с.ғ.с) былай дейді: «Алланың мейірімімен сен оларға жұмсақ болдың. Егер қатал, жүрегі қатайған адам болғаныңда, олар сенен қашып кетер еді» (Әли-Имран 159-аят).
Осы аяттың өзі-ақ Оның (с.ғ.с) қандай мінезді болғанын көрсетеді: жұмсақ, мейірімді, айналасындағыларға жүрегін ашық ұстаған.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ешқашан дөрекі сөйлеп, адамдарды ауыр сөзбен ренжітпеген. Ол кісі үйінде де, достарымен де, бөтен адамдармен де әрдайым жылы жүзді болатын. Қасына отырған адамға ерекше көңіл бөліп, әңгімесін тыңдап, құрметпен қарайтын.
Әзірет Әли былай сипаттайды: «Ол адамдардың ең кең пейілдісі, ең шыншыл сөздісі, ең жұмсақ мінездісі, ең абзал көршісі еді» (Тирмизи риуаяты).
материал «Бұл – Алланың елшісі (с.ғ.с)» кітабынан алынды,
ummet.kz
Бөлісу: