Әбу Сағид (р.а.) риуаят етті:
«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітінің төбесі құрма бұтақтарынан еді. Хазреті Омар халифа кезінде мешіттің құрлысын түзетуді бұйырды. Ұстаға: «Адамдарды жаңбырдан панала, бірақ та мешітті, қызартып, сарғайтып бояма, адамдардың көңілін бұзбасын!»,- деді.
Әнас (р.а.) айтты: «(Кейінірек) адамдар мешіт құрлысымен бәсекелесіп, онда аз ғана ғибадат етер »,- деді.
Ибн Аббас (р.а.) айтты: «Алламен ант етіп айтайын, яһуди мен насаралар ғибадатханаларын безендіріп сәндегендей, сендер де мешіттерді безендіріп сәндерсіңдер»,- деді.
Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде нәбәуй мешітінің қабырғасы күйдірілмеген қыштан, төбесі құрма ағашының сабақтарынан, тіреулері болса, құрма ағашының дінінен еді. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) халифа болған кезде мешітке еш өзгеріс енбеді. Хазреті Омар халифа болған кезеңде мешіттің биіктігін де, ұзындығын да қосты. Бірақ негізгі құрлысты өзгертпеді. Қабырғасы күйдірілмеген қыш, төбесі құрма бұтақтарымен жабылған күйі қалды, алайда тіреулерін ауыстыртты, өйткені олар шіріген еді. Кейіннен Хазреті Оспан мешіт құрлысын әжептәуір кеңейтіп, өзгеріс енгізді. Мешіттің қабырғаларын өрнекті тастармен қалап, әкпен ағартып, бояп безендірді, тіреулерін де өрнекті тастардан қалатты, төбесін болса үнді терегі ағашынан жасаттырды».
материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды,
ummet.kz