22
Жұма,
Қараша

һижри

Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын паш етуі

Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын паш етуі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Бүкіл адамзат баласын тура жолға шақыратын, күллі әлемді құшағына алатын діннің мұнан былай жасырын қалуы мүмкін емес еді. Өйткені, бұл дін адамдарды материалдық және рухани жағынан түзеп, ғұмырларын баянды ету үшін жіберілген-тін. Сондықтан да ашықтан-ашық жариялануы тиіс…

Алла Тағала мына әлемдегі бар нәрсені белгілі реттілікпен жаратқан. Әрбір іс тәртіпке бағына отырып орындалады, ал бұл қағиданы қабылдамайтындар, әрине, ешқашан жетістікке қол жеткізе алмайды. Пайғамбарлар Сұлтаны – Мұхаммед те (с.ғ.с.) Алладан келген заңдылыққа сүйеніп, осы тәртіпке бағынды. Үш жыл бойы пайғамбарлығын ашық білдірген жоқ. Исламды тек өз төңірегіндегілерге ғана түсіндірді. Иманға шақыруда өте мұқият, даналықпен, қырағылықпен ыждағатты әрекет етіп, берекетке жетті. Басына келген ерекше жайттарды тек сенімді адамдарымен бөлісті. Осылайша ол Исламның жеңісінің негізін қалады. Біреуге көп, енді біреуге аз көрінетін жасырын үндеу кезеңінде мұсылмандықты мойындап, Алланың аяттарына ден қойғандар аз болған жоқ. Ұлы істің іргетасы қаланып, енді хақ дінді жалпы жұртшылыққа жеткізу керек болды. Қанша жасырын дегенмен, мүшріктердің бірталайы ұлағатты шаруадан азды-көпті құлақдар болып үлгерген-ді. Оның үстіне Мұхаммед (с.ғ.с.) бұрынғыдай жалғыз емес еді. Қасиетті Ислам қағидаларын жария қылып, тәухид ақиқатын күллі әлемге естіртудің мерзімі жеткендей еді…

Халықты ашық түрде иманға үндеуді кімнен бастау керектігі Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алла тарапынан аянмен білдірілді: “(Ей,Расулым!) Сен ең алдымен өзіңнің жақын туыстарыңа (Алланың дініне шақырып) ақырет азабын ескерт.” делінген еді аятта. (Шұғара сүресі, 214-аят) Алланың елшісі бұл шаруаның оңай еместігін білетін. Бірнеше күн үйінен шықпай ойланумен өткізді. Қасына Хазіреті Әлиді шақырып алып: “Ей,Әли! Алла Тағала бірінші ағайын-туыстарыма ақырет азабын түсіндіруім қажеттігін ескертті. Бұл мен үшін ең қиын іс болғалы тұр. Өйткені тума-туыстың жайы саған да мәлім ғой. Мәселені айта бастасам, олардың маған қарсы шығарына да көзім толық жетеді” деп ішкі толғаныстарын ақтарды. Расулулла өз туғандарына ашылудың жайын ойлап, біраз уақыт үйінен шықпай қояды. Мұны байқаған Сафия бастаған әпкелері оның хал-жағдайын сұрап-білмекке барады. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) әпкесіне келгені үшін ризалығын білдірген соң былай дейді: “Сырқаттан аманмын, шүкір денсаулығым жақсы. Тек көңілімнің күпті болған жайы бар, Алла Тағала маған жақын туыстарымды жинап, Алланың барлығы мен бірлігіне иман келтіруге, көп құдайшылықтан бас тартып, тәуба етудің керектігін ұқтырып, ақырет азабының қаупін ескертуім қажеттігін бұйырды. Әбдімүттәліп ұрпағының басын қосып иманға шақырмақ ойым бар.” Тәтелері: “Шақыруың орынды-ақ! Бірақ бір нәрсені ескертейік, Әбу Ләһабқа айтпай-ақ қой, бәрібір мойындамайды. Ал, біздің қолымыздан келер не бар, әйелміз ғой қанша дегенмен…”деп тарасты. Ашық түрде иманға үндеу туралы Жаратқанынан жарлық алған пайғамбарымыз Әлиді шақырып алып тапсырма береді. “Бір адамға жетерлік еттен тамақ пісір, бір кесеге де сүт құйып қой. Сосын Әбдімүттәліптің жұрағатын түгелдей жина, бірде-біреуі қалмасын. Олармен дастарқан басында емін-еркін әңгімелесіп, міндетімді орындауға кірісейін. Мұнан әрі созудың қажеті жоқ.” – деді.

Хазіреті Әли көкесі Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айтқандарын бұлжытпай орындады. Ертесіне таңертеңнен Әбу Тәліптің үйіне бас-аяғы қырық бес адам жиналды. Олардың арасында шақырусыз келген Әбу Ләһаб та отырды. Келген қонақтардың екеуі ғана әйел еді. Дастарқанға қойылған тамақ бір адамға ғана жетерлік еді. Ыдыстағы сүт те сондай… Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) бір кесек етті өзі қолымен турады да, ал “Бисмиллаһ, алыңыздар” деді… Алғашқыда алдарына қойылған тағамды азырқанғанмен бәрі үндеместен табаққа қол салған. Кереметті қараңыз, көпшілік тыңқия тойса да, әлгі бір кесек еттің бітер түрі көрінбейді. Сүт те солай, айналдырған бір шыныаяқтың таусылар түрі жоқ… Жиналғандар таңырқап қайта-қайта ішеді. Ішкен сайын берекеті арта түскендей ме, қалай?… Өз көздеріне өздері сенбей, үнсіз бір-біріне қарайды. Ас желініп болған соң Пайғамбарымыз енді сөйлемек болып ыңғайлана бергенде Әбу Ләһаб алдын орағытып: “Бүгінге дейін небір сиқырды көріп едім, бірақ дәл мынадайын көрсем көзім шықсын. Мына бауырымыз бәріміздің көзімізді байлап, сиқырлап тастады, өздерің де сезген шығарсыңдар” деп орынды-орынсыз балағаттап, Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) сөйлеуге мұрша бермеді. Іс насырға шауып бара жатқанын байқаған қонақтар дәмге рақмет айтып тарап кетті..

Ағайынның басын қосқан екінші жиын

Бірінші басқосу нәтижесіз аяқталған соң Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) уақыт оздырмастан жас сахаба Әли арқылы туысқандарын қайтадан жинайды. Тамақ желініп болғанда ол меймандарға қарап: “Барлық мақтау Аллаға ғана лайық… Мен де оған мақтау айта отырып шүкіршілік етемін. Содан ғана медет тілеп, соған ғана сенім артамын. Құдіреті күшті сүйеніш сол ғана. Өз білгендерімді сіздерге де айтқым келді. Алладан басқа Тәңірдің жоқтығына шәк келтірмеймін. Сіздерді де ортағы жоқ бір Аллаға сенуге шақырамын. Алла – жалғыз, оның серігі, жұбы жоқ, болмайды да… Қандай адам болса да өз отбасын алдамайды емес пе? Егер осыған сенсеңіздер, менің айтқандарымды да растаңыздар. Өйткені мен бүкіл адамдарды алдасам да сендерді, яки өз туғандарымды адастыруым мүмкін емес. Күллі жұртты жалған айтып сендірсем де, сіздерге бар шынымды ақтарамын. Сіздерді өзінен басқа иләһ жоқ Аллаға иман келтіруге шақырамын. Мен Алла тарапынан сіздерге және бүкіл жер жүзіне жіберілген елшімін. Өлім – хақ. Барлықтарыңыз да ұйқыға жатқан кісіше өлім төсегіне байланасыздар. Сонан соң тәтті ұйқыдан тұрғандай қайта тірілесіздер, сол кезде мына дүниедегі барлық істеріңізге жауап беріп, есептесетін боласыздар. Жақсылықтың қайтарымы – жақсылық, жамандықтың нәтижесі жаза болмақ, яғни не жұмақтың төрінен, не болмаса тозақтың табалдырығынан мәңгілік орын алатын боласыздар. Ақырет азабын ең алдымен өзге жұртқа емес, сіздерге – жақындарыма баяндап тұрмын” деп сөзін бітірді. Әбу Тәліп орнынан тұрып: “Сені жақсы көретініміз рас. Қолымыздан келгенше қолдаймыз да. Айтқан насихатың көкейімізге қонды. Сенің соңыңнан бірінші болып мен еруім керек… Бірақ… Сен Алладан түскен әмірлерді орындай бер. Мен мойынсұнбасам да сенің қолдаушың, қорғаушың болайын. Амал не, атам Әбдімүттәліптің дінінен безуге нәпсімді көндіре алмай-ақ қойдым. Осы кеткенім кеткен шығар… өле-өлгенше…” – деді күмілжіп… Өзге ағалары да Әбу Тәліпті қоштады. Қарсылық та білдірген жоқ, иман да айтпады.

Тек Әбу Ләһаб қана баяғы дұшпандығына басып: “Ей, ағайындар! Бәрің неге мүләйімсіп тұрсыңдар? Мұның шаруасының түбі жақсылыққа апармайды. Шикілік аңқып тұрған жоқ па, сөздерінен?! Менің тілімді алсаңдар, бөтен біреулер басып тастамай тұрғанда, бұзығымызды өзіміз тыйып алайық. Оны тыңдап қорғаймын деп бастарыңа бәле тілеп аласыңдар, ажалдарың жетпей, о дүниелік болғыларың келмесе, бүлікшіге басу айтыңдар. Мұхаммедтікі өлетін бала молаға қарай жүгіредінің кері” – деді. Оған батыл жауап қайтарған пайғамбарымыздың тәтесі Хазіреті Сафия болды: “Бауырым-ау, о не дегенің? Қырық жыл қырғын болса да туысқан туғандығын жасар болар, біз қолдамасақ өзгеден не үміт, не қайыр? Жақынымызды жаттай сыйлап жұртты түңілдірмесек, иттің бауырын жеген біз боп шықпаймыз ба? Істегенің үлкен басыңа жараспайды-ақ. Әрі-беріден соң айналаңа құлақ түрсең етті, көзі тірі мықты оқымыстылардың қай-қайсысы да Әбдімүттәліптің тұқымынан пайғамбар шығады дегенді жарыса айтуда. Сол- осы Мұхаммед екеніне дау айтар кім бар, қане?” Әбу Ләһаб өжет қарындасына тыжырына қарап: Айтып отырғаныңның бәрі суға кеткен тал қармайдыдан басқа ештеңе емес. Бекерге әуре болмаңдар, мұның бәрі бос үміт. Әйелмісің деген, сендер ерлердің аяғын орап, аннан-мыннан естіген жаңсақ әңгімелеріңмен жолдан тайдырғаннан басқа не білемін дейсіңдер?! Құрайыштар, оған қоса бүкіл арабтар бізге қарсы шықса, қай күшімізге сенгендейміз? Үрім-бұтағымызбен жойып жібермей ме?”- деді.

Әбу Тәліп шыдамай сөзге араласты: “Ей, қорқақ, көлеңкеңнен үркіп, не сандырақтап тұрсың? Уаллаһи, кеудемізде жанымыз тұрғанда Мұхаммедті қорғауға, оған көмектесуге дайынбыз” – деп, Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) қарап: “Бауырым, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Халықтың арасына шығатын уақытыңды алдын-ала біліп отырайық, қажет болса, қаруланып сенімен бірге шығайық”, - деді. Манадан бері үнсіз отырған Пайғамбарымыз орнынан тұрып, сөз бастады: “Уа, ағайын-туыстарым! Уаллаһи, арабтардың ішінде менің сіздерге ұсынған ақырет пен дүниені қамтитын дінімнен қайырлы нәрсе әкелген ешкімді естіген емеспін. Мен тілге жеңіл болғанмен, салмағы ауыр екі ауыз сөзді қайталауға шақырамын: “Әшһәду әл-лә иләһә иллаллаh уә әшһәду әннә Мұхаммәдәр-Расулуллаһ (Аллаhтан басқа иләһ жоқ және Мұхаммед оның елшісі екеніне куәмін)” Мұнан соң “Осы жолда маған кім көмекші бола алады?”- деп көпшілікке қарады. Бұл сұраққа ешкім жауап қатпады. Бастары салбыраған күйі пайғамбарға қарауға бата алмай бәрі үнсіз қалған. Тек он екі жасар Хазіреті Әли ғана Расулуллаға (с.ғ.с.) тайсалмай тура қарап, орнынан тұрды. Бірақ пайғамбарымыз “Сен отыр” – деді оған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сауалын үш мәрте қайталады. Үш ретінде де жауап берген Хазіреті Әли болды: “Уа, Расулулла! Мен осы жерде жиналғандардың ең кішісі болсам да, саған көмектесуге әзірмін”- деді. Оның бұл сөзіне біреулер таңданып, енді біреулері миығынан күлсе, үшіншілері өздерін кінәлідей сезінді. Кіп-кішкентай Әлидің батылдығы пайғамбарды қатты сүйсіндірді. Ойлаған нәтижеге қол жеткізе алмағанына Ол пәлендей қайғырған жоқ. Себебі, Ол өз міндетінің ақиқатты түсіндіру екенін, ал тура жолға салу тек Алланың қалауындағы іс екенін толық ұғынған.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: