Исламның нұры рухтарды жасырын түрде болса да сәулелендірді. Алғашқы мұсылмандар шын ықыласпен беріліп, Хазіреті Расулалланың жөн сілтеуімен Алланың ақ жолымен ілгерілеуге тырысып бақты. Пайғамбарымыз әлі дінін ашық жария етпеген-ді. Соған қарамастан Меккеден басқа көп жерлерде соңғы пайғамбардың белгілі болғаны хақында құлақдар болғандар баршылық.
Сондайлардың бірі – ғифар руынан Әбу Зәрр есімді адам. Әбу Зәрр жәһилияның дәуірлеген кезінде де пұтқа табынуды ерсі санайтын. Жатса-тұрса ақиқатты іздеумен болған арабтың атақты шайыры еді. Пайғамбарымыздың келгенін естіген соң анық-қанығына көз жеткізу үшін бауыры Үнәйсті Меккеге жолдап тұрып: “Бар, Меккеден шыққан пайғамбармен жүздес, сыр- сипатын айтып келерсің”, - деді. Үнәйс бауырының айтуымен Меккеге барып, онда Пайғамбарымызбен кездесіп сөйлескен соң қайтып келді. Әбу Зәрр інісінен көрген-білгендерін сұрай бастады. Сондағы Үнәйстің жауабы: “Меккеге бардым, айтқан адамыңмен кездестім. Ол халықты тек жақсылыққа шақырып, жамандықтан аулақ болуға үндейді, адамгершілікті уағыздайды. Халық оны шайыр, сәуегей, сиқыршы деп айтады екен. Көріпкелдің талайын тыңдадық қой, оның айтқаны сәуегейлікке тіпті ұқсамайды. Шайыр дейін десем, оған келмейді, айтқандары біз білетін өлеңнен мүлде басқа. Сиқыршы деу де тіпті қисынсыз. Қысқасы Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туралығына көзім жетті. Оған пәлен-түген деп кінә таққандардың өздері өтірікші”.
Әбу Зәррді Үнәйстің айтқандары қанағаттандырмады. “Өзім барып, бетпе-бет кездесіп, сөйлеспесем болмас” - деп асығыс жолға жиналды. Кетерінде бауыры: “Көрем дегенің дұрыс қой. Бірақ Меккеде байқап жүргейсің. Мақсатыңды сезсе, Мұхаммедтің дұшпандары зиян келтіруі мүмкін” - деп ескертті. Әбу Зәрр қолына аса таяғын алып, азық-түлік салынған дорбасын арқалап жолға шықты. Құмды шөлдерден асып Меккеге жетті, келген бетінде тікелей Қағбаға барды. Айналасындағы адамдарға аңтарыла қарап, алақтап ардақты Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) іздеумен болды, бірақ танымығандықтан таба алмады. Жұрттан сұрауға да батылы жетпеді. Өйткені бауыры айтқандай, Меккеде мұсылмандар мен мүшріктер арасындағы бітіспес күресті сырттай қарағанда-ақ байқауға болар еді. Әбу Зәррдің Қағбаны паналағаннан басқа шарасы түгесілген-ді Зәмзәм суын ішіп әлденіп алды да, мешіттің бір бұрышына қисая кетті. Арадан неше сағат өткенін кім білсін, бүрісіп жатқан оның қасынан Хазіреті Әли өтіп бара жатып: “Мына байғұс ұзақ жолдан келген мүсәпір-ау, сірә” – деп күбірледі. Мұны естіген Әбу Зәрр басын көтеріп: “Иә, жолаушымын, алыс жолдан келген жайым бар,”- деді. Хазіреті Әли: “Онда жүр үйімізге, қонағымыз бол”- деп, Әбу Зәррді үйіне ертіп апарып, күтеді. Бірақ екеуі де бір-біріне сақтық жасап, ол түні жақ ашпады. Таң атқан соң Әбу Зәрр Хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) іздеу үшін тағы да Қағбаға барады. Келген-кеткенге қарап, әрлі-берлі жүрумен кешті батырады. Бірақ ешбір дерек жоқ. Осылайша тағы да үмітсіз кейіпте отырған оның жанына тағы да Хазіреті Әли келеді. “Әлі қайда кетеріңді білмей отырсың ба?”- деп сұрайды. “Иә, дәп солай”- деді Әбу Зәрр. “Онда бізге жүр, мейманымыз бол”- деп, Хазіреті Әли тағы да қолқа салады. Жолда келе жатып ол қонағынан қайдан, не мақсатпен келгенін сұрайды. Әбу Зәрр: “Егер ешкімге тіс жарып айтпайтындығыңа сөз берсең, айтайын”- деді.
Хазіреті Әлидің уәдесін алған соң Әбу Зәрр оған сапарының мақсатын түсіндіре бастады: “Мен ғифар руынанмын. Осы Меккеден ақырзаманның пайғамбары шықты деп естідім. Сол адамға жолығайын деп келіп едім.” Әбу Зәррдің мақсатын ұққан жас сахаба Әли көздері күлімдеп: “Сен тура жолды таптың, қуаныштымын. Мен қазір Расулаллаға бара жатырмын. Сен де ізімнен жүріп отыр. Мен кірген есіктен сен де кір. Нысаналы жерге жеткенше осылай бейтаныс кісілерше жүріп барамыз. Егер алда-жалда жолай саған зияны тиетіндей біреу кездесе қалса, еңкейіп кебісімді түзеткен боп белгі беремін. Ал сен маған қарайламай, тіп-тіке қасымнан өте шық”,- деді. Сөйтіп екеуі үйден шықты. Хазіреті Әлидің ізімен жүріп отырып, Әбу Зәрр аман-есен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) құзырына кірді. Әбу Зәрр кірген бетте: “Ассалаумааләйкум, уа, Алланың Расулы!”- деді. Ислам тарихында бұлайша сәлем берген тұңғыш адам– осы Хазіреті Әбу Зәрр. Сүйікті Пайғамбарымыз “Алланың рахметі саған да жаусын”- деді де, келген кісіден кім екендігін сұрады. Әбу Зәрр: - Мен ғифар тайпасының өкілімін. - Қашаннан бері Меккедесің? - Қайда жатып, ас-суыңды қайдан ішіп жүрсің? - Зәмзәм суын ішіп күнелттім. Аштықты сезінген де жоқпын. - Иә, зәмзәм – берекелі, тойымды азық. - Уа, Расулулла! Маған Исламды түсіндір.
Екі жиһанның нұры – Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың соңғы діні, иманның шарттары жайында егжей-тегжейлі баяндап берген соң Хазіреті Әбу Зәрр сол жерде кәлимаға тілін келтіріп, мұсылман атанады. Иман келтіріп, мұсылмандықты қабылдаған Әбу Зәррге әрдайым сақтықты ұстанатын Мұхаммед (с.ғ.с.) мынадай ұсыныс айтты: “Ей, Әбу Зәрр! Сен әзірге бұл іс туралы жан баласына айтпа. Еліңе қайт, жақсылықты жария етуге асықпа. Дінімізді ашық таратуға Жаратқаннан жарлық алғанымды естіген күні келерсің.” Толқып, жүрегі қуаныштан лүпілдеген Әбу Зәрр: “Уа Расулулла! Сені хақ пайғамбар ретінде жіберген Алла Тағаланың атымен ант етемін. Мен бұл жайтты мүшріктер арасында ашық түрде жарияламай қоймаймын”- деді де, үйден шығып, Қағбаға қарай бет алды. Сол жерден бүкіл мүшріктерге естірте: “Уа, құрайыштар! Мен Алладан басқа тәңірінің жоқ екендігіне, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі екендігіне куәмін!”- деп дауыстады. Әрине мұны естіген мүшріктер қарап қалмады. Тарпа бас салып, Әбу Зәррді қан-жоса қылып соққыға жықты. Егер сол сәтте (әлі мұсылмандықты қабылдамаған) Хазіреті Аббас көріп, оның ғифар руынан екенін, ғифарлардың Шамға барар сауда-саттық жолының иесі екенін ескертпегенде, мүшріктер Әбу Зәррді өлтіруден тайынбайтын.
Алайда иманнан қуат алған Хазіреті Әбу Зәррді сойыл да, соққы да тоқтата алмады. Есін жия салып ертеңіне тағы да Қағбада Алланың барлығы мен бірлігін, пайғамбардың хақтығын айтып, жар салды. Мүшріктер сау тамтығын қалдырмай дүрелесе де, ол айтқанынан қайтпады. Бұл жолы да Хазіреті Аббас араласып: “Неткен жауызсыңдар! Ғифар руының адамын өлтіріп, осы күндеріңді өздеріңе көп көріп отырсыңдар ма? Ғифарлар сауда жолын жауып тастаса не істейсіңдер?!”- демегенде мүшріктердің қолынан мерт болуы мүмкін еді.
Осы оқиғадан кейін Әбу Зәрр хақ дінге өз руластары мен жерлестерін шақыру мақсатымен еліне қайтты. Хижри алтыншы жылына дейін сонда болып, Бәдір, Ухуд, Хәндек шайқастарына қатыса алмады. Онан кейін ылғи ақырзаман пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасында жүрген.
Алла жолындағы азап та тәтті
Хаббаб ибн Әрат – Исламның қас дұшпаны Үммү Аммар деген әйелдің құлы, темірден түйін түйген ұста. Көбінесе қару-жарақ, қылыш жасайтын. Пайғамбарымызбен бұрыннан кездесіп, сөйлесіп тұратын. Пайғамбарымыз Дарул-Әркамға орналасардан аз уақыт бұрын өз еркімен мұсылмандықты қабылдаған…
Ол кезде мұсылмандықты қабылдап, оны естірту өлімге бас тігумен барабар… Соған қарамастан Хаббаб батыл түрде Исламға мойынсұнғанын айналасындағыларға білдірді. Құрайыш мүшріктері бұл хабар құлақтарына жетер-жетпесте Хаббабты ұстап алып, азаптай бастады… Әсіресе оның қожайыны Үммү Аммар жынданып кетуге шақ қалған. Құлын тұтқындап, қол-аяғын байлап-матап, отқа қыздырылған темірмен бас терісін күйдіруді бұйырды. Хазіреті Хаббаб бұған дейін күнкөріс көзі болып келген сүйікті кәсібінің құрбаны болды. Ыстық темірмен құйқасын күйдірген сайын көңіліндегі иман шоғы маздай түсті. Мүшріктердің құтыра түскенін көрген ол басына келген ит қорлықты пайғамбарға айтып, шағымдануға мәжбүр еді. Одан көмектесуін өтінді. Хазіреті Мұхаммед сол жерде: “Ей, құдіретті Жаратқан Ием! Хаббабқа жар бол!” – деп дұға етті. Осы дұғадан соң аяусыз жау Үммү Аммар айықпас дертке шалдықты, жанын жегідей жеген бас ауруынан құтылудың амалын іздеп шарқ ұрды. Бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Ең соңында сырқатынан арылудың бірден-бір жолы – бас құйқасына қыздырылған темір күйдіріп басу екендігін естиді. Жан деген тәтті емес пе, мәжбүрліктен бас терісін күйдіруге келіседі, бұл іс темір ұстасы – Хазіреті Хаббабқа тапсырылады. Біреуге ор қазба, өзің түсесің деген осы да… Мейірімнен мақұрым мүшріктер бір күні тағы да Хаббабты ұстап алып, көз алдында от жағады. Сөйтеді де оны маздаған шоқтың үстіне жатқызып, кеудесінен аяқтарымен басып тұрып, әбден қинайды. Қанша қиыншылық көрсе де Хазіреті Хаббаб дінінен бас тартпай, керісінше, Аллаға, Расулуллаға деген сүйіспеншілігі арта түсті. Ол құл болатын, мүшріктермен тайталасуға дәрменсіз еді. Өзіне жасалған қиянатты Алла Расулына баяндағаннан басқа шарасы жоқ-ты.
Бір күні Алла елшісіне: “ Ей, Алланың расулы! Азаптан арылуымыз үшін Жаратқанға жалбарынып көрсеңіз қайтеді?”- деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғибратқа толы мына хабарды жеткізді: “Сіздерден бұрын келген үмметтер ішінде дініне берік адамдар болды. Олардың терісін тіліп, етін темір тарақпен тарап, сүйегінен айырғанда да қыңқ деместен, Алланың бірлігін айтып, жанталасатын. Кәдімгі арамен аралап, денесін екіге бөлгенде де олар Жаратушыға берген сертінен таймаған. Алла күндердің күнінде бұл істі де (Исламиятты) тамамдайды да, барлық діндерден жоғары қояды. Ұзақ жолға шыққан жолаушы Алладан басқа ешкімнен қорықпайтын, малына қасқыр түспесе басқа ешкімнен сескенбейтін күндер туады. Сендер болсаңдар, асығыстық жасайсыңдар.”
Ас ибн Уаилге жауабы
Хазіреті Хаббабтың мүшрік Ас ибн Уаилден алашағы бар еді. Бір күні сонысын сұрап барады. Мүшрік ерегісіп: “Мұхаммедке мойынсұнғаныңды қойсаң ғана қарызыңды қайтарамын”, - дейді. Хазіреті Хаббаб ашуланып: “Мен бүкіл нәрсемнен бас тартсам да, өлгенімше, өлгеннен соң қайта тірілгенге дейін оған қарсы келмеймін”- деп жауап береді. Ас ибн Уаил : “Мен де өлгеннен соң қайта тірілемін бе? Ондай болса, сабыр сақта. Тіріліп, мал-жаныммен қайта қауышқан кезде берешегімді берермін”, - деді ащы кекесінмен. Осы оқиғаның артынша Алла Тағаладан төмендегі аят түсті: “Аяттарымызға қарсы шығып, “маған міндетті түрде мал да, бала-шаға да беріледі” деген адамды көрдің” бе? Ол ғайыпты қайдан біледі? Әлде Рахманның құзырында сөз алған ба? Жоқ, тіпті де олай емес, біз оның (осы) айтқандарын жазып аламыз және азабын көбейткен сайын көбейтеміз. Айтқан нәрселерін (мал-жанын) қолынан аламыз да, ол жалғыз өзі бізге келетін болады” (Мәриям сүресі, 77-80 аяттар).
Хазіреті Хаббаб ештеңеден сескенбестен, қауіпке басын тігіп, мұсылмандығын жариялағанымен қоймай, жаңадан Исламды мойындағандарға Құран үйретумен айналысатын. Хазіреті Омар (мұсылман болмас бұрын) қылышын жалаңдатып мұсылман болған қарындасын өлтірмек болып, үйіне кіріп барғанда да күйеу баласы мен қарындасына Құран оқытқызып отырған осы қаһарман сахаба Хазіреті Хаббаб еді.
Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.
Ummet.kz