22
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбарымыздың ﷺ Хазреті Айшамен некелесуі

Пайғамбарымыздың ﷺ Хазреті Айшамен некелесуі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Хазіреті Хадишаның мәңгілік сапарға аттануы Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) отбасылық өмірінде қиындықтар туғызды. Бұл жағдайды асхабы да сезбей қалмады…

Бір күні Осман ибн Мазун есімді сахабаның әйелі Хаула ардақты Пайғамбарымызға келіп: «Уа, Расулулла! Үйіңде Хадишаның жоқтығы қатты білінеді екен»- деді. Алла Расулы: «Әрине, ол – балаларымның анасы, шаңырағымның шаттығы, отауымның тірегі еді ғой», - деп жан қиналысын сездірді. Әңгіменің орайы келгенде Хаула: «Уа, Расулулла! Өлгенмен бірге өлмек жоқ. Үйленуге қалай қарайсың?» - деп сұрады. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) : «Кімге?» - деді. «Хазіреті Әбу Бәкірдің қызы Айшаға немесе Зәманың қызы Сәудаға…»

Ойланып қалған Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Хаулаға: «Барып, екеуімен де сөйлесіп көрсең қайтеді?» - деді. Хаула шыққан бойда Әбу Бәкірдің үйіне барды. Үйде Хазіреті Айшаның анасы Үммү Руман бар еді. Хаула табалдырықтан аттар-аттамаста: «Ей, Үммү Руман! Алланың сіздерге керемет берекетті нәсіп еткенін білесіңдер ме?» - деді. Үммү Руман: «Нені айтасың?» Хаула: «Расулулла қыздарың Айшаны айттыруға мені жолдады».

Отағасы Хазіреті Әбу Бәкір болмағандықтан Үммү Руман Хаулаға нақты жауап айта алмады. Хаула Хазіреті Әбу Бәкірдің келуін күтті. Келген соң оған да бұйымтайын жеткізді. Хазіреті Әбу Бәкір біраз ойланып қалды да: «Біз Мұхаммедпен (с.ғ.с.) бауырмыз ғой. Қыз алысуға болар ма екен?» - деп, күдігін айтты. Хаула Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) Хазіреті Әбу Бәкірдің күмәнді ойын жеткізді.

Расулулла: «Әбу Бәкірге айта бар, біздің бауырластығымыз қандас немесе бір анадан сүт емгенімізге қатысы жоқ. Біз діндес бауырлармыз, жақындығымыз нанымымыздың ортақтығына байланысты. Сондықтан қыз алысуға әбден болады» - деді. Хаула Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сәлемін Хазіреті Әбу Бәкірге айтқанда, парасатты сахаба бір сөзге келместен ризашылығын берді. Сөйтіп (ай календары бойынша) шәууал айында Хазіреті Мұхаммед пен Хазіреті Айшаның некесі қиылып, той кейінге қалдырылды.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды

Ummet.kz

Бөлісу: