Үш жылға созылған мүшріктер бойкотынан босап, енді бас көтердік дегенде қайғылы оқиғалар бірінен соң бірі қайталанды.
Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үлкен ұлы төрт жасар Қасым кенеттен шетінеп, отбасы қайғы жамылды. Бұл оқиға Пайғамбарымызды сарсып, жүрегі мейірімге толы әкені ауыр мұңға бөледі. Тұла бойы тұңғышының мәйітін жерлеуге алып бара жатып қарсы алдындағы Құайқан тауына қарап: «Ей, асқар тау! Қанша қатты болсаң да, менің басыма түскен оқиғаға сен душар болғанда уатылып, жермен жексен болар едің» деп, қабырғасын қайыстырған қайғының ауыртпалығын білдірген. Қасымын жоқтап қиналған отбасын іле-шала ұлдары Абдуллаһтың өлімі тіпті қажытты. Алланың жазмышына бас иген Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) өзін-өзі «басқа түссе баспақшыл» деп жұбатқанмен бауыр еті балаларынан айырылу оңайға соқпады. Хадиша анамыздың «Уа, Расулулла! Ботақандарым қазір қайда?» деген мұңлы сауалына Хазіреті Мұхаммед: «Олар жәннаттан жай тапты» деп жауап берген. Оқыс оқиғалар, қайғылы қазалардан Расулулланың қабырғасы қайысты…
Мұсылмандар оның қайғысына ортақтасып, сөздерімен болса да демеуге тырысты. Ал кәпірлердің қуанышында шек жоқ, көңіл айтпақ түгіл, қуанысып, мәз. Ас ибн Уаил мен Әбу Жәһил сынды жауыздар уытты тілдерін қадап: «Мұхаммедтен ұрпақ қалмады, еркек кіндік атаулыдан айрылды. Шежіресі шектелді, өзі өлсе, сонымен аты да, заты да өшеді, шаңырағы шайқалып, ортасына түседі», - деді. Сүйікті құлына жабырқағанда жұбаныш болған Жаратқаны сыпсың сөз көбейген сәтте Кәусар сүресін түсіріп, мүшріктерге қатты соққы берді. Онда былай делінген: «Шынтуайтында, біз саған Кәусар ұсындық. Олай болса, сен Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал! Негізінде саған өштескендердің тақ өздері ұрпақсыз». Шынында шежіресі шектеліп, аты өшкендер Әбу Ләһаб пен Әбу Жәһилдер. Ал Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) аты мәңгі жасай бермек.
Әбу Тәліптің қазасы
Мұсылмандар бойкот шешімі күшін жойған соң жандары жадырап енді терең тыныс алғандай болып еді. Пайғамбарлықтың оныншы жылы…
Аяқ астынан Хазіреті Мұхаммедтің көкесі Әбу Тәліп төсек тартып жатып қалады. Жетімдіктің тақсыретін татырмаған, қауіп-қатерден қорғап, бауыры үшін өлімге де басын тігуге әзір болған көкесінің ауыр кеселге шалдығуы Хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) терең мұңға батырды. Пайғамбарымыз бір жағынан өлім аузында жатқан Әбу Тәліп аяулы ағасынан айырылатынын ойлап, екінші жағынан иман келтірмегендігіне қынжылып, жүрегі сыздайтын…
Әбу Тәліптің науқасы күн сайын меңдей түсті. Мүшріктер соңғы рет Мұхаммед (с.ғ.с.) жайын Әбу Тәліппен ақылдасып қалуды ұйғарады. Осы мақсатпен Утба ибн Әби Раби’а, Шайба ибн Раби’а, Әбу Жәһил, Үмаййа ибн Халаф, Әбу Суфиан сырқаттың көңілін сұрай барып: «Уа, Әбу Тәліп, сен сыйлы, ел-жұртың қадір тұтар үлкендердің бірегейісің. Мына халіңді көріп, шыдап отыра алмадық. Інің Абдуллаһтың баласы Мұхаммедпен (с.ғ.с.) арамызды көз алдыңда ашып алайық дедік. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертеңіміздің не болары беймәлім. Көзіңнің тірісінде үкіміңді естиік. Бұдан былай сенің бауырың біздің дінімізге араласпасын, біз де оған тиіспейік», - деді. Әбу Тәліп пайғамбарымызды шақыртып, құрайыштардың тілегін жеткізеді: «Аяулы бауырым! Мына келгендердің бәрін жақсы танисың. Бұйымтайлары – саған қатысты. Саған берерін беріп, аларын алмаққа – есеп айырысуға келіпті. Кәрі қойдың жасындай өмірім қалған шақта мені үлкен деп сыйлап, кеңесу үшін бас қосып отыр». Пайғамбарымыз: «Айтқандарыңның бәрі орынды, көке. Менің бұларға берерім – бір-ақ ауыз сөз. Сол сөзді құптап, қабыл алар болса, бүткіл арабтардан және басқа да халықтардан үстем болар», - деді. Әбу Тәліп: «Бір ауыз сөз дейсің бе?» - деді таңырқап. Мұхаммед (с.ғ.с.): «Иә, солай» - деп бас изеді. Жиналғандар бір-біріне қарап, таңырқасты. Айтпағы не болды екен сонда?…
Әбу Жәһил саябыр таба алмай, Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Жұмбақтамай айтар сөзіңді айтсаңшы, біз бір сөзге он сөз қосайық» - деді. Өзіне мұқият қадалған назарларды шолып өткен Пайғамбарымыз: «Лә иләһа иллаллаһ деп Алладан басқа табынған пұттарыңды өз қолдарыңмен лақтырыңдар» - деді. Манадан бері Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) не айтар екен деп, дегбірсізденіп отырғандар иман кәлимасын естігенде қозғалақтап кетті. Сонан соң өз араларында: «Сен осынша тәңірлердің орнына біреуі ғана қалсын дегенді айтқың келе ме? Ойыңды түсіне алмадық» - дей келіп «Жо-жоқ, бұл адам бізге қаламаған нәрсемізді бермекші. Салғыласып қайтеміз, өз білгенімізді істеп, ата-бабамыздың дінінде қалғанымыз жөн. Кейінгісін көре жатармыз» - десті. Хақ Тағала Құранның «Саад» сүресінің 5-6-аяттарында осы оқиғаны былайша суреттеген: «Ол барлық иләһтардың орнына біреуін ғана қалдырмақ па? Мұнысы таң қаларлық нәрсе, әрине. Олардың бастықтары: «Барыңдар, өз тәңірлеріңе табынуды жалғастырыңдар, ең дұрысы да осы».
Расулулланың көкесін Исламға шақыруы
Әбу Тәліп мүшріктермен арадағы әңгімеден соң: «Уа, бауырым! Сенің оларға айтқандарыңнан ақиқат иісі аңқиды», - деді. Қуанып кеткен Алла Расулы көкесі Әбу Тәліп мұсылмандықты қабылдайды деген үмітпен: «Кел, көке! Сен де «лә иләһә иллаллаһ» де, ақыретте шапағатшың болайын» - деді. Бірақ амал не, пайғамбарлар сәруарының жүрекжарды тілегіне көкесі күмілжіп жауап берді: «Бауырым! Мен өлген соң жұрттың мені алжып, не айтқанын білмеді деп кінәламайтындықтарына көзім жетсе, өтінішіңді ойланбастан орындаған болар едім. Құрайыш ажалдан қорқып иманын айтты деп артымнан сөз қылатынын білгендіктен айтпаймын».
Мұхаммед (с.ғ.с.) сонда да үмітін үзбей Әбу Тәліпті Исламға шақыруын қоймады. Науқастың қасына жиі-жиі келетін Әбу Жәһил мен Абдуллаһ ибн Әби Умаййа да Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тілегін естіген сайын тыжырынып: «Онсыз да қиналып жатқан адамның мазасын алмасаңшы, бізбен арпалысқаның аздай», - деп жақтырмайтын. Жанындай сүйетін көкесінің ақыретте жауыз мүшріктермен бірдей мүшкіл халде қалуын қаламағандықтан Мұхаммед (с.ғ.с.) оны тәухидке шақыруын доғармады. Бірақ өкініштісі, Әбу Тәліп тілден қалғанша «мен аталарымның дінінен шықпаймын» деп жатты. Ақыры сексен жеті жасқа қараған шағында қайтпас сапарға аттанды. Осы оқиғаға байланысты Алладан Елшісіне аян келіп, онда былай делінеді: «Ақиқатында сен жақсы көрген кісіңді тура жолға сала алмайсың, бірақ Алла қалағанын тура жолға түсіреді. Кімнің хақ жолды қалайтынын нақты білетін де сол» (Қасас сүресі, 56-аят).
Көкесінің өліміне ардақты Пайғамбарымыздың мүбәрак жүрегі қан жылап, қайғы жұтты. Көзінен моншақтап аққан жас сақалын жуды. Соңғы сапарға аттандырарда: «Алла саған рақым қылсын. Алдың жарық болсын» - деп, күбірлеп тұрды. Әбу Тәліптің жүрегі тоқтаған сәтте Хазіреті Аббас та басы-қасында болған. Көзі жұмылып бара жатып Әбу Тәліптің «Лә иләһа иллаллаһ» дегенін естігенін айтқанда Хазіреті Мұхаммед: «Мен өз құлағыммен естіген жоқпын», - деп жауап береді. Көкесінің табытын алып кеткеннен кейін де артынан ұзақ қарап тұрып: «Аллаың рақымы түссін, күнәларыңды кешірсін - деп дұға етті. Іле-шала төмендегі аяттар уахи болды: «Пайғамбарға немесе басқа мұсылмандарға туысқан да болса, жәһаннамдық екені белгілі мүшріктер үшін кешірім сұрау дұрыс емес» (Тәубә сүресі 113-аят).
Әбу Тәліптің өлімі ардақты да сүйікті Пайғамбарымызды мұңға шомдырып, терең ойға жетеледі. Бала жасынан қамқор болып, мүшріктердің азабынан қорғап келген аяулы жанның қазасы төбеден жай түскендей ауыр тиді. Келмеске кеткен арысын, әке орнына әке болған қимасын пайғамбар көңілі шарқ ұрып іздеуде еді. Дегенмен пешенеге жазылғанға көндігу – Пайғамбар сабыры мен Аллаға берілуінің көрінісі. Өйткені, Ол әрдайым ақиқатты қорғаушы – Алланың назарында.
Әбу Тәліптің иманы тұрғысында
Әбу Тәліптің иманы мәселесінде алуан түрлі пікірлер айтылған. Шиит ғалымдары оның демі үзілер шақта иман келтіріп, кәлиманы қайтарғанын айтса, суннит оқымыстылары имансыз кеткеніне тоқталады. Осы тұрғыдағы таласты пікірге өз көзқарастарын білдіруші Исламтанушы ғалымдар өте көп. Солардың бірі былай дейді: «Шииттер иман келтіргенін айтады. Сунниттердің көбісі бұл көзқарасқа келіспейді. Ал менің жеке пікірім бойынша, Әбу Тәліп Алла Елшісінің пайғамбарлығын емес, жеке басын аса жақсы көрген, дәріптеген».
Әбу Тәліптің қазасына Мұхаммед (с.ғ.с.) бастаған мұсылмандар аза тұтып уайымдаса, мүшріктер көктен іздегендері жерден табылған кісіше қатты қуанды. Пайғамбарды қорғайтын, оның сөзін сөйлейтін Хашим басшысының болмауы мүшріктердің азғындаған үстіне азғындай түсуіне жол ашты… Әбу Тәліптің көзі тірісінде бата алмай жүргендер тістерін қайрады. Бірде көшеден өтіп бара жатқан Расулуллаға имансыздардың бірі топырақ шашып, үлкен іс тындырғандай қарқ-қарқ күледі. Мұхаммед (с.ғ.с.) ештеңе болмағандай кете барады. Үйіне келгенде әкесінің шаң-топырақ болған күйін көрген қызы Хазіреті Фатима, мұның дұшпан әрекеті екенін дереу аңғарып, жылап жібереді. Анасының артында боздап қалған жас қыздың онсыз да жарымжан көңілі босап кеткен. Сондағы баласының басынан сипап, көз жасын сүртіп тұрып пайғамбар-әкенің айтқаны: «Жылама ботам, жылама. Ұлы Алла сенің әкеңді қорғайды… Әбу Тәліптің барында мүшріктер маған бұлай жасауға бата алмайтын».
Мүшріктер есірген сайын есіріп, ойларына келгенін істеді. Құтырғандары соншалық, кейбір қылықтары азулы дұшпан Әбу Ләһабтың да намысына тиіп, өзінің жақтастарын тыйған. Бірақ ол жақтастық ұзаққа бармады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тәухидке үндеп, қызметіне кіріскен сәтте дұшпандық сезімі басым түскен Әбу Ләһаб бәз-баяғы қалпына келеді. Мұны көрген имансыздар айтуға ауыз бармас әрекеттерімен мұсылмандарды тұқыртады.
Хазіреті Хадишаның өлімі
Әбу Тәліпті қара жердің қойнына бергелі арадан үш күн өткен. Рамазан айы. Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) басына қайғының қара бұлты тағы да үйірілді. Ойламаған жерден алпыс бес жастағы жан жары Хазіреті Хадиша дүние салды. Жаназа намазын пайғамбардың өзі шығарып, жерлеу рәсіміне де бас-көз болды. Алла сүйікті құлына қиындық беріп, сынайды дегеннің нақты дәлелі осы емес пе? Аяулы адамдарынан айырылу Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) оңай соқпады. Қиналғанда қол ұшын берген, жылағанда жұбаныш болған парасатты, ақылды әрі адал жар Хазіреті Хадишаның орны үңірейіп, қатты білінді. Осылай болуы заңды да еді. Бүкіл қауым болып бір кездері Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) қарсы шыққанда қолтығынан демеп, сүйеніш болған жалғыз қолдаушысы еді ғой ол! Жан-тәнімен жұбайына беріліп, қысымға, қыспаққа қарамастан пайғамбарлығын мойындап, ізінен ерген де сол еді. Мұхаммед (с.ғ.с.) Хадиша анамызды зайыбы ретінде де, былайғы адамдығы үшін де қатты жақсы көрген. Мұны Хазіреті Хадиша өлгеннен кейін жиі-жиі оны еске алып, рухына дұға бағыштауынан байқаймыз. Қала берді, марқұм зайыбының туған-туыстарына, таныс-тамырларына ылғи көмектесіп тұрған.
…Бір күні Хадиша анамыздың сіңлісі Халаның даусын естіп, бірден оны әйелінің даусына ұқсатып, өткен күндерді еске алып отырады. Сонда Айша анамыз қызғанышын жасыра алмай: «Алла Тағала саған Хадишадан әлдеқайда жас әрі сұлу әйел берді емес пе?» - деп қалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамыздың бұл сөздерінің орынсыз екенін білдіріп, Хазіреті Хадишаның адалдығын, адамдығын, парасатын ұзақ әңгімелейді. Хазіреті Айша өз ойының әбестігін түсініп: «Уа, Расулулла! Алланың атымен сұраймын, мұнан былай үнемі Хазіреті Хадиша туралы естеліктеріңді айта жүр» - деп жуып-шайған. Айша анамыз Расулулланың (с.ғ.с.) марқұм жұбайы Хадишаны жиі еске алып, оның туыстарына көмектескендігін көргендегі қызғанышын төмендегідей жеткізеді: «Алла Расулын әйелдерінің ішінде Хазіреті Хадишадан қатты қызғанатынмын. Хазіреті Хадишаны өмірімде көрмесем де ойымды билеген алапат сезімге ие болу қиын еді. Расулулла оны менің көзімше көп еске алатын. Арнайы мал сойып Хазіреті Хадишаның туыстарына ет жолдайтын. Кейде мен шыдамсызданып: «Жер бетінде Хадишадан басқа әйел жоқ па?» - дейтінмін. Алла Расулы Хадишаның жақсылықтарын санамалап айта келіп: «Ол – менің балаларымның анасы ғой» - деп жауап беретін».
Расулулла Хира үңгірінде жалғыз жатқанда Хазіреті Хадиша оған тамақ таситын. Сондай бір күні Жәбірейіл періште Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Ей, Алланың Расулы! Анау қараңдап келе жатқан сұлба – Хазіреті Хадиша. Ол саған азық әкеле жатыр. Қасыңа жақын келгенде оған Раббыңнан және менен сәлем жолда. Жәннатта інжуден жасалған әсем сарай сол үшін дайындалғанын айт, ол жерде тек жан рақаты бар» – деген. Хазіреті Әли де: «Расулулланың «Өз заманындағы әйелдердің қайырлысы Имранның қызы Мәриям еді. Мына үмметтің әйелдерінің ішіндегі қайырлысы – Хадиша дегенін естідім», - деген.
Қайғылы оқиғалардың бірінен соң бірі қайталануы себепті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлығының оныншы жылын «қайғыға толы жыл» деп атаған.
Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.
Ummet.kz