22
Жұма,
Қараша

һижри

Омар бастаған мұсылмандардың көші

Омар бастаған мұсылмандардың көші

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Мұсылмандардың көбісі жасырынып, оңаша сәтті не түн қараңғылығын пайдаланып жолға шықса, Хазіреті Омар қару-жарағын майлап, садағын сайлап Қағбаға барып, жеті рет ашықтан-ашық тауап етті.

Мұнан соң маңғаздана сол жерде отырған мүшріктерге қарап: «Мен де дінімді қорғауға Алла жолында көшкелі жатырмын. Әйелін жесір, бала-шағасын жетім етіп, ата-анасын еңіретіп қалдырғысы келетіндер болса қарсыма шықсын. Жекпе-жекке дайынмын», - деді. Айтарын айтып болып, қасына жиырмаға жуық мұсылманды ертіп тапа тал түсте Меккемен қош айтысты. Мүшріктердің оның соңынан қуғыншы салуға батылы жетпеді…

Бас-аяғы бірнеше айдың ішінде мұсылмандардың көпшілігі Мәдинаға көшіп үлгерді. Қалғандар – Хазіреті Мұхаммед, Хазіреті Әбу Бәкір, Хазіреті Әли және жолға жарамайтын науқастар мен жанын әрең бағып отырған кедей-кепшік, сондай-ақ мүшріктерге тұтқын болғандар ғана. Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ да көшуге әзір болатын, бірақ Алла Тағаланың тікелей бұйрығы түскен жоқ еді. Хазіреті Әбу Бәкір сабырсызданып өзге мұсылмандар сияқты көшкісі келетінін айтқанда Пайғамбарымыз: «Уа, сыддық достым! Шыдамыңды шыңдай түс. Алла Тағала сені де жалғыз тастамас», - дейді.

Мәдинаға ағыла көшкен мұсылмандарды әус пен хазраж руының өкілдері қуана қарсы алып, жылы қабақ танытты. Көптен күткен қонақтарына ілтипат көрсетіп, отбасы, бала-шағасымен келгендер үйлі-барандылардың мейманы болса, бойдақтар Құба алқабында тұратын салт басты Саад ибн Хәйсаманың үйіне түсті.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: