20
Сенбі,
Сәуір

һижри

50 мың адамды Исламға әкелген Малкольм Икс туралы не білесіз?

50 мың адамды Исламға әкелген Малкольм Икс туралы не білесіз?

Ислам жұлдыздары

Малкольм Литтл 1925 жылы 19 мамырда Небраска штатының Омаха қаласында дүниеге келген. Анасы мектепте ұстаздық етсе, әкесі баптист, яғни дін қызметкері болатын. Ол Американың қара нәсілділерді жануарға теңеп, адам қатарына қоспайтын кезі. Мұндай қысымға шыдай алмаған Эрл Литтл азат өмір сүру үшін қара нәсілділерді өздерінің тарихи отаны Африкаға қайтуға үгіттей бастайды. Оған алты ағасының төртеуі ақ нәсілділердің құлдығында қайтыс болғаны да себеп болса керек.

Сонымен не керек, расистер Малкольмнің әкесіне де тыныштық бермеді. Үйін өртеп қоқан-лоққы көрсетті. Ақырында пойыздың рельсіне таңып, байлап тастап өлтірді. Бұл кезде Малкольмнің жасы небәрі алтыда болатын. Міне, осы кезден оның бойында ақ нәсілділерге деген өшпенділік қалыптасты. Малкольм тоғызға келгенде анасы басына түскен ауыртпалықтарға шыдай алмай, жүйке ауруларының ауруханасына жатқызылады. Панасыз қалған Малкольм Мичиган штатының Лансинг қаласындағы балалар үйіне орналастырылады. Алтыншы сыныпқа дейін жақсы оқыған ол заңгер болуды армандайды. Бірақ ақ нәсілді ұстазының «Заңгер болу негрге қол емес, өзіңе лайық мамандық таңда» деген сөзіне намыстанған ол 12 жасында мектепті тастап кетеді. 14 жастан 21-ге дейін түрлі жолмен ақша тапқан Малкольм кейін Бостондағы әпкесінің қолына келеді. Үлкен қалада ол айналыспаған қарақшылық іс қалмайды. Ұрлықшы, нашақор, зинақорға айналады. Есірткі сатып, жеңгетайлық жасауға дейін барады. Оның қылмыс әлеміндегі лақап аты шашының қызғылт түсіне орай «Жирен» («Рыжий») болатын. Әрине, мұндай жолмен жүргендердің өмірінің соңы екі-ақ жерде жалғасатын еді. Бірі – түрме болса, екіншісі – мезгілсіз келетін өлім. Малкольмге біріншісі бұйырған екен. 19 жасында ұрлық жасағаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеге кете барды.

Malcolm_X_The_Great_Photographs_15.jpg

Алла қалаған адамына иман береді, қалаған адамын тура жолға салады ғой. Түрмедегі Малкольмнің Элайдж Мұхаммед басқаратын «Ислам ұлты» қозғалысының мүшесі Джон Бембримен таныстығы өміріндегі үлкен бетбұрысқа себеп болды. Бембри қара нәсілділердің теңдігі туралы сөз қозғап, өзі білетін Ислам қағидаларын Малкольмге түсіндіреді. Бірақ «Ислам ұлты» ұйымының адамдарын Ислам дінін толық ұстанатын мұсылмандар еді деп айту қиын. Өйткені олардың күпірлікке толы «Алла қара адамның, яғни Уоллес Фаррд Мұхаммедтің бейнесінде жерге 1935 жылы келді» деген сөздері бар-тын. Уоллес кейіннен Элайдж Мұхммедті өзінің елшісі етіп тағайындап кетеді. Осы Элайдж Мұхаммед «Жұмақ та, тозақ та жоқ, оның бәрі осы дүниеде» дегенді айтты. Оның басқа да Исламға қайшы келетін көптеген күпірлігі бар болатын. Бірақ дәл сол сәтте Малкольмнің Ислам дінінен мүлде хабары жоқ еді. «Ислам ұлты» қозғалысы өкілдерінің «Біз шошқаның етін жемейміз», – дегенін естігенде, анасының мұны балалар үйіне әкетіп бара жатқанда «Ұлыма шошқа етін жегізбеңдерші», – деп шыр-пыр болғанын есіне алды. Анасы сондай тақуа жан еді. «Ішімдік ішпейміз, наша шекпейміз, зина жасамаймыз. Ақ нәсілділердің алдында өз құқығымызды қорғаймыз. Құдай біздің жағымызда», – дегеннің бәрі құлағына жақты. Азат болуды ойлады, ақ нәсілділермен тең дәрежеде сөйлескісі келді. Нашақорлық, ішімдікке үйірлік секілді әдеттерін тастады. Шошқа мен зинадан бас тартты. Алла тыйым салған нәрселерден тыйылғаннан кейін оның жүрегі тазара бастады. Христиан дінін жеккөретіндігі үшін түрмеде «Шайтан» атанса, Ислам дініне өткеннен кейін үлгілі мұсылмандардың біріне айналды. Малкольм солай түрмеде отырып-ақ «Ислам ұлты» қозғалысының мүшелерінің бірі болды. Ақ нәсілділерді жеңу үшін біліммен қарулану керектігін жақсы түсінді. Қайғы-қасіретінің барлығын ұмытып, оқуға ден қоя бастайды. Осы кездер туралы естелігінде Малкольм түрмеде отырса да, өзін бостандықта жүргендей сезінгенін есіне алады. Түрмеден шыққанынша Америкадағы қара нәсілділер ұйымының көсемі Элайдж Мұхаммедпен үзбей хат жазысып тұрды. Элайдж оған Америкаға күшпен қоныс аударған ата-баба тарихын айтып берді. Қара нәсілділердің өз фамилияларынан айырылып қалғанын, қазір иемденіп жүрген фамилиялары құлдықта ұстаған иелерінің меншігі екенін білдіретінін естиді. Малкольм осы 1950 жылдан өзінің «Литтл» атты фамилиясынан бас тартып, өзін «Х» яғни «белгісіз» деген фамилиямен атай бастайды. Ол осылай ақ нәсілділер мойнына ілген құлдық қамытынан құтылмақ болған еді.

«Ислам ұлты» қозғалысы өздерінің құлшылық ететін үйлерін «мешіт» деп атамайтын, «Мұхаммедтің Ислам храмдары» дейтін. Олардың алғашқы храмдарының іргесі 1953 жылы маусымда Детройтта қаланып, Малкольм негізгі дін қызметкерінің көмекшісіне айналады. Дәл сол жылы Бостонда 11-ші храм салынса, 12-ші құлшылық үйі 1954 жылы наурызда Филадельфияда бой көтереді. Олардың «Мұхаммед айтады» атты газеттері жарық көрді. Білімді, сөзге шешен Малкольм Икс аз уақытта «Ислам ұлтының» лидерлерінің біріне айналды. Оны көргендер бойы 2 метрге жуық, үнемі тап-тұйнақтай, тап-таза жүретін еді деп сипаттайды. Ал сөйлегенде адамдарды баурап алатын, айтқанына сендіретін ерекше қасиет болатын дейді. Оның артынан ерген афроамерикандықтардың санында есеп жоқ еді. Макольмнің өмірін зерттеушілердің жазуынша оның түрмеден шыққаннан 1960 жылдарға дейінгі тынымсыз қызметінің нәтижесінде «Ислам ұлтының» мүшелерінің саны 1200 адамнан 70 000 адамға дейін өскен екен. Олардың арасы аты аңызға айналған боксшы Мұхаммед Әли де болатын. Малкольммен енді билік те санаса бастайды.

1955 жылы Малкольм өзінің лекцияларына жиі келетін Бетти Сандерс атты арумен танысады. Кейін ол қыз да аты-жөнін Бетти Икс деп өзгертіп, «Ислам ұлты» ұйымына мүше болады. Исламның өзі білетін қағидаларын, соның ішінде қызбен кездесуге қатысты тыйымдарын қатаң ұстанған Малкольм Беттимен ешқашан оңаша кездеспейді. Тек көпшілік жүретін музей, кітапханаларға шақырып, әңгімелесіп жүрді. Ал 1958 жылы телефонмен үйленуге ұсыныс айтып, екі күннен кейін шаңырақ көтерді. Бетти Малкольмге алты қыз туып берді әрі естеліктерінде оның өте үлгілі мұсылман, отбасына қамқор әке болғанын айтады.

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: