21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Әл-Фараби телегей-теңіз білімді қайдан жинады?

Әл-Фараби телегей-теңіз білімді қайдан жинады?

Ислам жұлдыздары

Әл-Фараби дүниеге келген уақытта Отырар қаласы ғылым-біліммен гүлденіп тұрды. Және сол тұста өмір сүрген зерттеушілердің жазғандарына қарағанда, бұл қала тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Ал Отырардағы кітапхана кітабының саны жағынан Мысырдағы Александрия кітапханасынан кейін екінші орында тұрған. Жергілікті халықтың өз қалыптасқан мәдениеті, түркітілдес жазуы болды.

Әл-Фараби негізгі білімді де, тәрбиені де өз Отанынан алды. Сауатын қала медреселерінің бірінен ашып, хат таныған болашақ ғалым, тіл үйренуге жақсылап ден қояды. Араб тарихшысы ибн Халликан оның 70-ке жуық тіл білгенін жазса, оны жоққа шығарып, “мүмкін емес” дейтін ғалымдар да кездеседі. Қалай айтсақ та, бала Мұхаммед Отырардың мол кітапхана қорынан өз бетінше сусындағаны анық.

Белгілі философ ғалым Әбдімәлік Бұхарбаев әл-Фараби білімінің қайнар көзі ретінде Құранды атайды: «Әл-Фараби тағылым алған дүниелер өте мол. Солардың бірі ежелгі «Авеста» мен Құранды атап өтпеуге бола ма?! Құранды көп адамдар айтпайды. Әл-Фарабидің рухани толысуына Құранның игі әсері көп болған. Кеңес дәуірінде әл-Фараби мұрасын аударғанда исламға қатысты жағын кесіп тастап, көбіне материалистік, атеистік жағына мән беріп, ислам руханияты, ислам мәдениеті мен антикалық мәдениетті синтездеу жағына ешқандай мән бермеген. Әл-Фарабидің ашқан ең үлкен жаңалығы – антикалық мұра мен исламды біріктіре мәдениет жасауында. Сондықтан әл-Фарабидің қайнар көздерін айтқанда міндетті түрде тек шығыс пен батыс, гректің ғана емес, оның қазақтың құнарлы топырағынан түлеп ұшып, Отырар өркениетінен нәр алғанын ұмытпауымыз керек», - дейді.

Әл-Фараби білім іздеп, сол кездегі ғылым орталығы Бағдадқа жол тартқан. Бірақ қай жылы екені белгісіз. Жалпы, әл-Фараби өмірбаянында халыққа белгісіз тұстар өте көп. Себебі әл-Фараби туралы алғашқы мәліметтер ғұлама ғалым қайтысболғаннан кейін екі ғасырдан соң ғана жазылған. Ал ғалымның өз заманында жазылған кітаптарда әл-Фараби туралы мәлімет жоқ. Алғаш Захир ад-Дин әл-Байһақи (1169-1170 жыл қайтыс болған) “Татиммат сиван ал-хикма” деген кітабында әл-Фараби туралы айтады. Одан кейін сириялық ибн Әби Усайби‘а әл-Фараби туралы екінші болып жазады, одан кейін жазған – Ахмад ибн Халликан.

Осылай бізге жеткен деректерде болашақ ғалымның Бағдатқа12-16 жасында аттанғаны айтылады. Кейбіреулер Фараби елуге келгенде бірақ қоныс аударған дейді. Ғалымның Бағдадқа келу себебін іздесек, онда “Байт әл-Хакма” атты ғалымдар үйі және бай кітапхана болған. Екіншіден, сол кездері Бағдадты басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болыпты.

Әл-Фараби білімін негізінен Бағдадта толықтырады. Логиканы Әбу Бишр Матта ибн Юнустан, грамматиканы Әбу Бәкір ибн әс Сирадждан үйренеді. Әли Юхан ибн Хайланнан тәуіптік өнер (медицина) бойынша дәріс алған. Ибн Халликан әл-Фарабидің Бағдатқа келгенде көп тіл білгенімен, араб тілін сонда жетілдіргенін айтады. Ол түркі, араб, парсы, грек тілдерін жетік меңгерген. Сол тілдердің дамуына да үлес қосқан. Оның филология, поэтика, каллиграфия, риторика жөнінде жазған еңбектері, өлеңдері бар. Әл-Фараби математика, астрономияны да өте терең білген.

Өз бетінше де көп ізденген ғалым Аристотельдің, Платонның, өзге де философтардың еңбектерімен танысады. Тек танысып қоймай, оларға терең талдау жасап, өз көзқарасын да білдіреді. Бір аңызда оның Аристотельдің «Жан туралы» дейтін еңбегін 100 рет, «Табиғи гармониясын» 40 рет, «Риторикасын» 200 рет оқығаны айтылған.

Әл-Фараби өз заманының көрнекті ғалымдарымен де байланыс орнатып, пікір алмасып отырған. Қай жерде білімнің көзі бар десе, сонда барып, үйренуге тырысқан.

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: