Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол:
«Бір түні мен нағашы әпкем Мәймунаның (үйінде) қондым. Пайғамбар (с.а.с.) түнде тұрып, қажетін өтеді де, беті мен қолдарын жуып, ұйқыға жатты. Сонан соң орнынан тұрды, меске барып, аузын шешті де, екі дәреттің арасында, (яғни) көп (су жұмсамай) толық дәрет алды. Содан кейін тұрып, намаз оқыды. Мен де орнымнан тұрып, өзімнің оған қарап жатқанымды сезгенін қаламай, мысықтабандап келіп дәрет алдым. (Пайғамбар (с.а.с.)) тұрып, намаз оқыды, мен оның сол жағына тұрған едім, қолымнан ұстап, оң жағына өткізді. Алла елшісінің (с.а.с.) түнгі намазы он үш ракағатпен аяқталды. Сонан соң жатып, терең тыныстап ұйықтады, ол ұйықтағанда терең тыныстайтын. Содан кейін оған Біләл келіп, намаз (уақыты болғанын) хабарлады. Сонда ол орнынан тұрып, дәрет алмастан намаз оқыды.
Ол дұғасында: «Аллаһуммаж-ъал фи қалби нуран, уә фи басари нуран, уә фи самъи нуран, уә ъан йәмини нуран, уә ъан йасари нуран, уә фауқи нуран, уә тахти нуран, уә әмәми нуран, уә халфи нуран, уа ъаззим ли нуран! (Уа, Алла! Жүрегіме нұр бере гөр, жанарыма нұр бере гөр, құлағыма нұр бере гөр, оң жағыма нұр бере гөр, сол жағыма нұр бере гөр, төбе жағыма нұр бере гөр, асты жағыма нұр бере гөр, алды жағыма нұр бере гөр, арқа жағыма нұр бере гөр және маған нұрды арттыра гөр!)» ( – деп айтатын)», – деген.
Курайб: «Сондай-ақ қобдидағы жетеу», – деп айтты. Мен Аббастың балаларының бірін жолықтырдым. Ол маған бұларды әңгімелеп: «Жүйкеме, етіме, қаныма, шашыма, теріме», – деді және (тағы) екі қасиетті айтты (763/181).
Айшадан (Алла оған разы болсын). Ол: «Алла елшісі (с.а.с.) түнде намаз оқуға тұрса, намазын жеңіл екі ракағатпен бастайтын», – деп айтқан (768/197).
материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды,
ummet.kz