12
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Ол (с.ғ.с) кемшілігі мен айыбы үшін ешкімді кінәламайтын

Ол (с.ғ.с) кемшілігі мен айыбы үшін ешкімді кінәламайтын

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Ол (с.ғ.с) ешкімнің үйіне рұқсатсыз кірмейтін.

Үйде болған кезінде уақытын үшке бөлетін: бір бөлігін Аллаға ғибадатқа, екінші бөлігін жанұясына, үшінші бөлігін болса өзіне арнайтын. Өзіне бөлген уақытын зиялы, қарапайым барлық адамдарға арнап, ешкімді құр қалдырмайтын, алаламайтын. Бәрінің көңілін табатын.

Расулалланың (с.ғ.с) әр іс-әрекеті Алланы зікір етумен басталатын. Белгілі бір орында отыруды әдетке айналдырмау үшін мешітте әр түрлі жерге отыра кететін. Орынға, мекенге қасиетті деп қарауды және мешітте тәкаппарлық танытуды қаламайтын.

Бір мәжіліске кірсе, қай жер бос болса, сол жерге отыратын. Басқалардың да солай істеуін қалайтын. Біреу Одан (с.ғ.с) қандай да бір қажеттілігі үшін бір нәрсе сұраса, ол маңызды болсын-болмасын оны орындамай тынбайтын. Қажеттілігін шешу мүмкін болмаған жағдайда, ең болмаса жақсы сөзбен алдындағы адамның көңілін табатын. Ол (с.ғ.с) барлық адамның қайғысына ортақтасушы еді. Адамдар қандай дәрежеде болмасын, бай ма, кедей ме, ғалым ба, надан ба Оның (с.ғ.с) алдында тепе-тең дәрежеде болатын. Барлық жиындары білім, ар-ұят, сабыр, тәуекел, сенімділік және аманат сияқты жақсы қасиеттерге толы болушы еді.

Кемшілігі мен айыбы үшін ешкімді кінәламайтын. Ескерту қажет болса, алдындағы адамның көңілін қалдырмайтындай етіп ыммен түсіндіретін. «Мұсылман бауырыңның тап болған қайғысына қуанба! Алла Тағала рахметімен оны сол пәлекеттен құтқарып, сені қайғымен сынайды» - (Тирмизи, Қиямет 54) деп ұқтыратын. Ешкімнің көрінбейтін кемшілігімен айналыспайтыны сияқты, мұндай жағдайды іздестіруге де қатаң тиым салатын. Өйткені басқалар туралы жаман ой ойлауға иләһи бұйрықтармен тыйым салынған еді.

материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: