Әйюб (а.с.) – Ысқақ пайғамбардың Айыс деген перзентінің баласы. Әйюб пайғамбар атасы хазірет Ысхақтың берген батасының арқасында шаңырағына көп берекет дарып, шаңырағы балаға, өрісі малға, қамбасы астыққа, сандығы алтынға толыпты. Кейбір деректерде жары Рахима - Жүсіп пайғамбардың (а.с.) қызы екендігі айтылған. Хазірет Әйюбтың ең үлкен сынағы осы көл-көсір байлығы еді.
Алайда ол дүниеге еш құмартпады. Хақ Тағалаға құлшылық жасауды, Алланы дәріптеуді ол бәрінен жоғары қоятын. Кейіннен хазірет Әйюбқа осынша байлығы өз алдына, Шам жақтағы бір елді дінге шақыру үшін пайғамбарлық уазипасы берілді. Ол сабырлығымен, Хаққа деген іңкәрлігімен танылған пайғамбар еді.
Алла Тағала ел ішінде сынақ қылу үшін, оның барлық байлығын қайтарып алды. Бір жолғы апат төрт түлік малынан тышқақ лақ та қалдырмай жұтып кетті. Алтындары түгіл бала-шағасы қырылып, шаңырағы ортасына түсті. Алайда осының бәріне сабырлық танытқан хазірет Әйюб ешкімге мұң шақпады. Қара халық мұның осы қылығына қатты қайран қалып, бастарын шайқады. Алла Тағала «Оның қаншалықты ықыласты, рухы биік адам екенін көріңдер» дегендей, Хақ пайғамбарды адам жаны күйзелетін дертке шалдықтырды.
Пайғамбарларда жұқпалы ауру яки сырт көзге жиіркеншті дерт болмайды. Олардың бір ерекшеліктері – сырт көзге тартымды болулары қажет. Жай ғана жараның өзі олардың осы ерекшеліктеріне қайшы келеді. Өйткені олар пайғамбар болғандықтан, қасына келген адамдарды шошытпай, қашан да дене-бітімімен де өзіне тартып тұруы тиіс. Сондықтан олардың тәнінде қандай да бір кемістік болмайды. Әйюб пайғамбардың (а.с.) науқасы да осыған сай науқас еді. Осы науқасын кейбір кітаптарда «денесінде құрт қаптап, кеулеп жеп жүрді» деп берілген. Бұлай деп ойлау үлкен қателік.
Оның дерті – пайғамбарлыққа жарасар дерт. Әйтсе де осы дерті күннен күнге меңдеп, жанына қатты батқаны сол, оны көрген адамдар қасында көп тұра алмайтын. Бұрын соңды болмаған мұндай дертті көрмеген халық оған жаны ашып жүректері ауырса да, көңілін сұрап баруға дәті шыдамайтын болды. Қасында сүйген жары – Рахима ғана қалып, күндіз-түні жанынан бір елі айырылмай, күтімін жасады. Қолы қалт еткенде, жеңіл-желпі жұмыс жасап, күн көріс нәпақасын тауып отырды. Осыған орай бір күні Рахима әлдебір шаруалармен сыртқа шығып кеткен болатын. Сол мезгілде хазірет Әйюбтың (а.с.) дерті қатты асқынып, жаны қысылып әйелін көмекке шақырды. Оған жауап қайтарған әйелі болмады. Осылайша сүт пісірім уақыт өтті. Жаны қиналған Әйюб (а.с.) қатты ашуланып: «Осыдан дертімнен айықсам, оған жүз дүре соғамын», – деп ант етті. Ауыр дертке шалдыққан Хақ пайғамбар азаптан арыла алмай Алла Тағалаға сабырлық көрсетіп, жаны қанша қиналса да, құлшылығы мен зікірін азайтпады. Қайта уақыт өткен сайын, Жаратқанға деген сүйіспеншілігі, сабырлығы, құлшылығы һәм жақындығы арта түсті. Бұл кездері шайтан да қарап қалмады. Мың түрлі айламен оны, азғыруға тырысты. Ібіліс оған: «Сен ілгеріде төрт түлігің сай, төрт құбылаң түгел, бала-шағаң көп, дүниесінің есебін білмейтін осы аймақтың атақты байы едің. Енді жатқан жатысың мынау. Байлық тұрмақ дені-басың да сау емес», – дейді. Сонда хазірет Әйюб: «Олардың иесі мен емес, Жаратқан Раббым ғой. Ол - өзі берді, өзі алды. Ол өз мүлкін қайда қоямын, қайда беремін десе де өз еркінде. Біз Оны емес, Ол бізді сынайды», – деп жауап береді.
Ол Алла Тағалаға сыйынып: «Раббым! Рас, мені шайтан бейнет пен қинауға ұшыратты»,– деп жалбарынды.( «Сад» сүресі, 41)
Әйюб пайғамбардың дұғасы
Хақ пайғамбардың науқастанып жатқанына көп жылдар болды. Бағзы деректерде оның он үш яки он сегіз жыл науқастанғаны айтылады. Осы дерт бір күні қатты асқынып жүрегі мен тіліне шапты. Ол ауру азабын қаншама тартса да Хақтан үмітін үзбеген еді. Сол себепті ол Аллаға жақындай түсіп, Оның «Шафи» есімін терең түсініп, тынбай зікір етіп келген. Ал қазір сол дерт меңдеп жүрегі мен тіліне жеткен кезде, оны Хақ Тағалаға деген құлшылығыма залал тимесе екен деген ой мазалай бастады. Ақырында бір байламға келіп, Хақ Тағалаға: «Я, Раббым! Бұл дерт маған залалын тигізе бастады. Саған лайықты терең құлшылық ете алмайтын түрім бар. Сен рақымдылардың ең Рақымдысысың»,– деп дұға етті.(«Әнбия» сүресі, 83) Хақ Тағала оның дұғасын қабыл етіп: «Аяғыңмен жерді теп. Міне, саған шомылатын әрі ішетін суық су», – дейді («Сад» сүресі, 42). Хақ пайғамбар осы бұйрықты алғаннан кейін, дереу жерді теуіп қалып еді, жер астынан мөп-мөлдір су бұрқылдап шыға бастады. Ол сол суға шомылып, қанғанша ішіп мейірін қандырды. Сонда Хақ тағала шипасын беріп, қанша жылдық науқасынан бірден айығып бұрынғы қалпына келеді.
Қаншама жылдан бері тартқан азабы көрген түстей өте шықты. Әйюб пайғамбардың осы суға түсіп емделуі кейінгі ұрпаққа дәстүр болып қалды. Халықтың қазіргі жылы су, шипалы су деген сықылды суларға емделуі осы Әйюб пайғамбардан басталған ба дерсіз.
Науқастан айыққан Хақ пайғамбар есін жиып, көңілі көншіген соң, ауырып орнынан тұра алмай жатқан кезіндегі әйеліне жүз дүре соғу антын есіне алды. Бірақ оған соншама жыл қасынан бір елі айырылмаған сүйген жарына дүре соғу оңайға соқпады. Мұншама жыл опа көрсетіп, жанына серік болған әйеліне қайтарған жақсылығы осы ма еді?! Егер ұрмаса берген уағдасынан қайтіп танбақ? Сол сәтте Алла Тағала пайғамбарына рақым етіп уахи жіберіп: «Қолыңа бір топ шөптің сабағын алып, сонымен бір ұр. Сертіңнен қайтпа!»( «Сад» сүресі, 42), – дейді. Хақ Тағаланың осы әміріне Әйюб пайғамбар қатты қуанды. Дереу қолына бір топ шөптің сабағын алып сонымен әйелін бір рет ұрды. Сөйтіп, ол жүз дүре соғамын деген сертін орындады.
Сынақтан өтуі
Әйюб пайғамбар осылайша сынақтан мүдірмей өтіп, өзінің Раббысының құзырында сабырлы, тақуа құл екендігін дәлелдеп, елге өнеге болды. Алла Тағала оған нығметін бұрынғыдан да мол ғып үйіп-төкті. Құранда: «Бізден рақым әрі ақыл иелеріне үгіт ретінде оған отбасын, айналасын бір есе артығымен бердік», – дейді («Сад» сүресі, 43). Көп ұзамай оның өрісі малға, қорасы қойға толды. Қисапсыз қазына мен есепсіз дүниесін көргендердің есі кете бастады. Шаңырағындағы улап- шулап ойнаған балалар олардың көңілін сергітіп, бар дертін ұмыттырды.
Деректерде оған елінен жеті адамның иман келтіргені, өзі жүз қырық яки тоқсан үш жасында қайтыс болғаны туралы айтылады. Ол туралы Құранда: «Расында, оны сабырлы көрдік. Ол қандай жақсы құл! Өйткені ол өте мойынсұнғыш» («Сад» сүресі, 44),– дейді.
Бұл өмірде адамның дүниелік үш байлығы бар. Ол – байлық, нәсіл, денсаулық Һәм бұл үшеуі пендеге берілген негізгі сынақтар. Көбінесе бұл фәниде осы үш сынақтан көптеген жұмыр басты пенделер сүрініп кетіп жатады. Мысалы, біреуге байлық беріледі де, көп ұзамай бір сәтте жоғалтып тақыр кедей болып шығады. Ол сонда кейде осы сынақты көтере алмай, Хақ Тағалаға қарсы шығады яки өзіне қол жұмсап шыбын жаны мәңгілік азапта шырқырайды. Ендеше Әйюб пайғамбардың сабырлығы осындай жандарға өнеге. Әйюб пайғамбар (а.с.) да өзіне берілген міндетті толық орындады. Кейінгі ұрпақтарға сабырлықтың өшпес өнегесін қалдырды. Көктен түскен уахи тоқтап, уазипасы біткен шақта, өмірден озып, Раббысына қайтты.
Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.
Ummet.kz