«Ахсан әл-Қисас» яғни «ең әдемі қисса» атауы Құран кәрімде Жүсіп (а.с.) пайғамбардың оқиғасына қатысты айтылған. Басқа пайғамбарлардың оқиғасы Құранның әр жерінде үзік-үзік берілсе, Жүсіп (а.с.) пайғамбардың өмір жолы Жүсіп сүресінде басынан соңына дейін толық қамтылған.
Ибраһим пайғамбардың немересі – Жақып, Ысқақтың үлкен баласы. Одан басқа Ысқақтың Аис деген баласы болған. Аис Шам жаққа қоныс аударғанда, Жақып (а.с.) Канған жеріндегі қара шаңырақта қалып қойған. Кейіннен оған пайғамбарлық келген шақта, ол халқын хақ дінге шақырып, туралыққа бастады.Жақыптың (а.с.) он екі ұлы болды. Кейбір деректерде бұлардың аттары былай айтылады: Яһуда, Рубин, Шәмун, Ләуи, Яшшуһуз, Зәбулун, Зәуәнә, Тәфтуна,Кәуза, Ушир, Жүсіп және Буниамин. Он екі ұлдың ең кішілері Жүсіп пен Буниямин еді. Осы екеуі Жақып пайғамбардың басқа әйелінен туған. Жақыптың (а.с.) лақап аты – Исрайыл. Оның он екі ұлынан он екі тайпа тарап, олар Исрайыл ұрпақтары болып аталып кетті. Жақып пайғамбар екінші әйелінен туған осы Жүсіп пен Бунияминді қатты жақсы көрді.
Өзге ұлдарына қарағанда Жүсіпті көзінің қарашығындай аялап, мейірім-шапағатын аямай төгетін. Шамасы, бала Жүсіптің алда талай тар жол, тайғақ кешуден небір қиын-қыстау кезеңнен, ауыр сынақтардан тайсалмай өтетінін, балаларының ішінен пайғамбарлық дарып, сол міндетті абыроймен атқаратынын сезсе керек. Әйтсе де өзге он баласы оның Жүсіпті елден ерек жақсы көргенін қызғанып, мұның соңы інілері Жүсіпке қастандық жасауға дейін барады. Бір күні Жүсіп қызық та ғажап бір түс көрді. Таңертең сол түсін әкесіне: «Әкешім! Бүгін мен бір түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім. Он бір жұлдыз және ай мен күн маған сәжде етіп тұр екен»,[1] – дейді. Жүсіп пайғамбар баласының мына түсінің тегін түс емес, Алладан келген аян екенін біліп, баласына: «Айналайын балам! Көрген түсің расында ғажап екен. Бірақ бұл түсіңді ағаларыңа айтушы болма! Әйтпесе қызғаныштан саған қастандық жасауы мүмкін. Өйткені шайтан – адамның анық дұшпаны. Раббың сені түсіңде көргеніңдей құлдары арасынан таңдап пайғамбар етеді. Мерейіңді үстем қылады. «Түс жору (немесе қасиетті кітаптардың сырлары жайында) ілімін береді. Бұрынғы аталарың Ибраһим, Ысқақтарға нығметін бұйырғандай, саған және Жақып ұрпағына нығметін толықтырады. Шәксіз, Раббың толық білуші, хикмет иесі»,[2] –дейді. Жақып пайғамбар он бір жұлдызды он бір ұлы, айды әйелі, күнді өзі деп жорамалдап, баласының бәрінен де мерейі үстем болатынын аңғарған еді. Жақып пайғамбардың кезінде халық арасында түс жору ілімі кең дамыған болатын. Сондықтан баласының көрген түсін ағалары естісе, астарын дереу біліп қоятын еді. Осыны сезген хазірет Жақып баласына түсін жасыруды айтқан-ды.[3]
Жақыптың (а.с.) он баласы осы түсті сезіп қойғандай-ақ соңғы күндері Жүсіпке деген қызғаныштары қатты қозады. Тіпті, Буниямин екеуін басқа анадан туғандықтан, өз бауырлары санамай, мүлдем сыртқа қағатынды шығарды. Бір күні олар бас қосып ақылдасты: «Біздің жасымыз Жүсіпке қарағанда әлдеқайда үлкен. Әрі әкеміздің істерін түгел өзіміз атқарамыз. Ендеше, әкеміз бізді жақсы көрудің орнына түкке тұрмайтын Жүсіп пен оның інісін жақсы көргені несі? Бұл жерде әкеміз қатты қателесіп отыр»,[4] – дейді. Ақылдаса келе ағаларының біреуі: «Жүсіпті иен далаға апарып өлтіре салайық. Болмаса адам аяғы баспаған бір жерге тастап кетейік. Елсіз жерде адасып өлсе кім білер дейсің? Сонда ғана әкеміз бізге мол сүйіспеншілікпен қарайтын болады. Азар болса адам өлтіргеніміз үшін, артынан тәуба етерміз»,[5] – дейді. Оның осы пікірін сол жерде отырған бауырлары тегіс қолдайды. Тек үлкен ағалары Яһуда ғана қарсылық танытып: «Жо-жоқ! Жүсіпті өлтірмеңдер! Өйткені кісі өлтіру – үлкен күнә. Оның жазасы да өте ауыр. Егер Жүсіптен біржолата құтылғыларың келіп бара жатса, онда оны пәлен деген құдыққа тастаңдар. Сол жерден керуендер өтеді. Олар Жүсіпті құдықтан шығарып қана қоймай өздерімен бірге алысқа алып кетері хақ»,[6] – дейді. Соңында барлығы осы пікірді қолдап, білектерін сыбанып іске кіріспекші болады. Өйткені Яһуда ел ішінде өте ақылды жігіт саналатын.
Жақып пайғамбар он ұлынан Жүсіпке бір пәленің келетінін іштей сезіп жүретін. Сол себепті баласына өте сақтықпен қарайтын. Бір күні сол он баласы алдына келіп: «Әкешім! Біз бәріміз тауға барып сейілдеп, көңіл көтергіміз келіп тұр. Жүсіпті де ертіп алсақ жақсы болар еді. Ол біздің бауырымыз ғой! Ойын-сауық құрып бір жадырап қайтайық», – деп қолқа салады Жақып (а.с.) он ұлының тілегін қабыл алмайын десе, олардың ренжитін түрі бар. Мақұл дейін десе, түндегі көрген түсі тағы бар. Түсінде Жүсіпті бір қасқыр қуалап жүрген еді. «Былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледі». Қатты ойланып тұрды да: «Расында, оны алып кетсеңдер, мен қатты уайымдаймын. Әрі сендер оған жақсы қарай алмай, қасқыр жеп кетеме деп қорқамын»,[7]–дейді. Сол кезде он баласы да:«Әкетай! Бір інімізге қарай алмайтындай бізге сонша не күн туыпты? Онымыз он жерде қаққан қазықтай тікемізден тік тұрып қорғасақ, ардақты інімізді қасқыр қалай тартып әкетсін? Бізді осыншама жігерсіз, деп ойлайсыз ба? Бір інімізге ие бола алмасақ, онда, өз обалымыз өзімізге»[8] дейді. Он баласының мынадай сөздерінен кейін Жүсіп пайғамбар тіс жарып ештеңе айта алмай, оларға рұқсат береді.[9]
Көп ұзамай Жүсіп пайғамбардың балалары тауға қарай бет алды. Олар Жүсіпті торға түскен торғай ғұрлы көрмей жол бойындағы бір құдықтың басына дедектетіп ертіп келеді. Іле ай-шайға қаратпай Жүсіптің көйлегін сыпырып, өзін жіпке байлап құдыққа түсіреді де, тереңге жетті-ау дегенде, жіптің ұшын қоя береді. Сол кезде Жүсіп бір тастан ұстап суға түспей қалды. Осы сәтте хазірет Жәбірейіл Хақтан уахи әкеліп: «Уайымдама! Әлбетте, сен азаттыққа жетіп олардың осы істеген жөнсіздіктерін беттеріне басып, оларды жерге қарататын боласың. Алайда олар мұның бәрінен бейхабар»,[10] – дейді. Бала Жүсіпті ағалары құдыққа тастаған соң, бір қозыны сойып, көйлегін оның қанына малып, үйге жақындай бере өкіріп жылайды. Олардың былайша жылап келе жатқанын көрген Жақып пайғамбар (а.с.) бір жамандықтың болғанын сезеді. Оның үстіне араларынан Жүсіпті көре алмай, түрлі ойға кеткен еді. Сосын: «Мұнша жылайтындай бастарыңа не күн туды? Жүсіп қайда?» – деп сұрайды. Олар: «Әкешім-ау! Тіпті не дерімізді де білмей тұрмыз. Сіз «қасқыр» деген сөзді тегін айтпаған екенсіз. Шамасы, бір жаман нәрсенің боларын алдын-ала сезгенсіз ғой. Алайда біз соны түсіне алмап едік. Біз тауға барып сейіл құрдық, соңында, «кім жақсы жүгіреді?» деп бір-бірімізбен жарыса жөнелдік. Жүсіпті «сен әлі баласың ғой» деп, керек-жарағымыздың қасына қалдырып кеткенбіз. Жарысамыз деп жүріп, ойынның қызығына батып, ұзап кетіппіз. Кейіннен ес жиып орнымызға келсек Жүсіпті қасқыр жеп қойыпты. Оның көйлегі ғана қалған екен. Міне, мынау соның қанға боялған көйлегі»,[11] – деп көйлекті беріп жатып, әкелерін кезек-кезек құшақтап жас балаша еңкілдеп жылайды.[12]
Жақып пайғамбар (а.с.) көйлекті қолына алып қарап, ондағы қанның адам қаны еместігін анық сезді. Содан соң балаларына қарап: «Жо-жоқ. Бұған кім сенсін?! Сірә, шайтан түрткен екен. Амал нешік! Бұл да болса Алла Тағаланың сынағы шығар. Сірә, ендігі жерде Хақ тағалаға тәуекел еткеннен басқа жол жоқ», – дейді. Жақып пайғамбар балаларын қанша қыстаса да, шындықты айтпайтынын біліп, оларды одан ары ұрысып, қинап сұраққа алып, өз жанын жаралағысы келмеді. Хақ тағалаға тәуекел етіп, әліптің артын бақты. Мұнда Жаратқаның бір хикметі барын сезді. Ал опасыз он ұлы әкесінің тергемегеніне риза болып, мақсатымызға жеттік деп, бөріктерін аспанға атып қуанды.
Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.
Ummet.kz
[1] «Жүсіп» сүресі, 4
[2] «Жүсіп» сүресі, 5-6
[3] Сабуни, Нубууә. 329-бет
[4] «Жүсіп» сүресі, 8
[5] «Жүсіп» сүресі, 9
[6] «Жүсіп» сүресі, 10
[7] «Жүсіп», сүресі, 13
[8] «Жүсіп», сүресі, 14
[9] Сабуни, Нубууә, 332-бет
[10] «Жүсіп», сүресі, 15
[11] «Жүсіп», сүресі, 17
[12] Афиф Абдулфаттах Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран, 183-
бет