10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Лұт пайғамбар (а.с.) және Садум елінің жермен жексен болуы

Лұт пайғамбар (а.с.) және Садум елінің жермен жексен болуы

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Хазірет Ибраһим (а.с.) пайғамбар жары Сара мен інісі Лұтты ертіп Бабылдан Харранға қарай хижрет еткен болатын. Ибраһим пайғамбар сонда қалды да, інісі Лұт Садум еліне кетті. Кейіннен оған пайғамбарлық міндет жүктелді.

Садум елі бұрын-соңды болмаған тағылыққа басқан-ды. Оларда еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауы қалыпты саналатын. Еркектері күні бойы жол торып, ер кісілер өте қалса, тас лақтыратын. Тасы кімге тисе, соны қорлайтын. Шайтан бұлардың осы бір осал жерінен ұстап, азғындықтың шыңырауына құлатып, тұзақтарына түсіретін. Олардың осы азғындықтарын жыртқыш аңдардың өзі істемейтін. Осындай азғын елге Хақ Тағала хазірет Лұтты пайғамбар етіп жіберді. Лұт пайғамбар (а.с.) өзіне уахи келісімен, дереу іске көшіп оларды ақиқат жолына шақырды. Ол алдымен өзінің оларға жіберілген пайғамбар екендігін айтып, өзіне бағыну қажеттілігін түсіндірді. Ол туралы Құранда: «Сол уақытта оларға туысы Лұт: «Қорықпайсыңдар ма?», – деді. «Мен сендерге сенімді бір елшімін. Енді Алладан қорқыңдар да, маған мойынсұныңдар» («Шұғара» сүресі, 161-163) деп айтылады. Хақ пайғамбар өзінің пайғамбар екендігін айтқан соң, оларға күн-түн демей тура жолды уағыздап, жасаған істерінің жиіркеніштілігін түсіндіріп, тәубаға шақырды.

 «Лұт сол уақытта еліне: «Жер-жаһанда сендерге дейін ешкім істемеген арсыздықты істейсіңдер ме?» – деді. «Сендер әйелдерді қойып, еркектерге қызығып келесіңдер ме? Әрине, сендер шектен шыққан елсіңдер» (Ағраф сүресі, 80-81) Алайда Садум елі оның сөзін елең ғұрлы көрмеді. Кейбіреулер оның іс-әрекетінің астарында дүниелік мақсат жатыр деп ойлады. Сол себепті бірде Лұт пайғамбар: «Уа, халқым! Егер де тәубаға келмей, осылай кете беретін болсаңдар, іс насырға шабады. Мәңгілік азапқа ұшырап, мына азғын істеріңнің сазайын тартасыңдар. Одан да мүмкіндіктерің бар кезде, тәубаға келіп, Хақ Тағалаға сәжде етіп, адами қасиеттеріңе қайта оралыңдар. Мен сендерге екі дүниенің пайдасы мен зиянын көрсетудемін. Осы уазипамның астарында қандай да бір дүниелік пайда жатыр деп ойламаңдар. Осы ісім үшін сендерден ешбір ақы талап етпеймін. Менің ақым Хақ Тағалаға ғана тиесілі» (Шұғара сүресі, 164), – дейді. Жанына батырып айтқан Лұт пайғамбардың ескертулерінен Садум елі мезі бола бастады.

Бір күні басшылары жиналып: «Бұл Лұт біздің басымызға пәле болып жабысты. Ол бізге «дүниенің пайдасы» дейді. Дүниенің пайдасы мен қызығын біз онсыз да көріп жатқан жоқпыз ба? Одан да Лұтты да, оған иман келтірген адамдарын да елден қуайық», – деп, бір ауыздан мақұлдасты. Олар Лұт пайғамбарға барып: «Ей, Лұт! Егер сен біздің дәстүріміз бен жүріс-тұрысымызға осылай киліге беретін болсаң онда біз сені елден аластатамыз» (Нәмл сүресі, 56), – дейді. Олар осыған ғана тоқтамай, оған: «Ей, Лұт! Егер сөзің тура болса, Құдайдың азабын біздің басымызға төндір, қанеки, көрелік мықтылығыңды. Біз сенің бір сөзіңеде сенбейміз. Қане, қайда әлгі уағда еткен азабың? Шамаң келсе тезірек алып кел!» (Анкабут сүресі, 29) – деп зеки сөйлеп, миықтарынан күліп, келемеждеді. Хақ пайғамбар осы сөздерінен олардың әсте иман келтірмейтіндіктерін ұқты. Өйткені мына сөздері арқылы жан-дүниесі қарау тартып, жүректерінде иман ұялайтын жер қалмағандығын білді. Олардың жүректеріне мөр басылған еді. Кімге мөр басылса, ол әсте мұсылман бола алмайды. Хазірет Лұт оларға: «Әрине мен сендердің қылықтарыңнан жиіркенемін» – деді де, Хақ тағалаға қол жайып: «Раббым мені және отбасымды бұлардың сұмдықтарынан құтқара гөр!» (Шұғара сүресі, 168-169) – деп дұға етті.

Азап періштелерінің келуі

Жаратушы Жаппар Ие хазірет Лұттың дұғасын қабыл етті. Садум елінің астаң-кестеңін шығарып, жер бетінен жойып жіберу үшін, үш періште жіберді. Үш періште Хақ пайғамбарға түс әлетінде келді. Бұл кезде Пайғамбар бақшада жүрген болатын. Үш жолаушының өзіне қарай келе жатқанын байқап «Үшеуің де бейтаныс адамдар екенсіңдер, менде не бұйымтайларың бар еді?» – дейді. Олар оған құдайы қонақ екендігін айтады. Періштелер жүздерінен нұр тамған көрікті жас жігіт бейнесінде келген болатын. Лұт (а.с.) олардың осы бейнесін көрген сәтте-ақ, іштей қатты абыржып, уайымдай бастады. Үйіме келгенше, ешкім байқап қалмады ма екен? Алда-жалда біліп қалып, үйіме келсе, бұл жігіттерді қалай қорғаймын деп ойға шомып өз-өзіне: «Бұл өзі бір жанға батқан ауыр күн болды ғой» (һұд 77) деп күбірледі.

«Құдайы қонақпыз» деп алдына келіп тұрған соң, Хақ пайғамбар тіс жарып ештеңе дей алмады. «Жолдарың әне, бұл елден тез кетіңдер» деуге дәті бармады. «Ауыр күн» екенін біле тұра, пайғамбар болған соң көтеруіне тура келді. Ол ағасы хазірет Ибраһим сияқты жаны жомарт пайғамбар еді. Хақ пайғамбар олардан: «Қонақтар! Бұл елдің қандай ел екенін білетін бе едіңдер?» – деп сұрады. Періштелер: «Қандай?» – деп сұрағанда: «Жер бетінде бұл елден асқан азғын ел жоқ һәм болған да емес», – деп жауап береді. Хақ пайғамбар қонақтарын үйіне ертіп кіргізді. Олар үйге кіріп төрге жайғасқан шақта, Лұт пайғамбардың әйелі Уахила дереу сыртқа шығады да, үйіне қандай қонақ келгенін жұртқа жайып үлгереді. Уахила пайғамбардың әйелі болса да, иман келтірмеген еді. Сырттай мұсылман болып көрініп, кәпірдіңтірлігін істеген «қой терісін жамылған қасқырдың нағыз өзі» болатын. Уахиланың сөзі маңайға жайылысымен, сол жердің бар еркегі жиналып, хазірет Лұттың үйінің айналасын қоршап алды. Олар Лұттан қонақтарды өздеріне шығарып беруін талап етті. Хақ пайғамбар оларға: «Бұлар менің қонақтарым. Мені қонақтарымның алдында масқара етпеңдер. Алла Тағаладан қорқыңдар. Осы жаман қылықтарыңды тыйыңдар. Күнәға жоламаңдар. Азғындықтарыңды мен білгенмен, мына қонақтарым білмесін» (Хижр сүресі, 68-69) - деді. Алайда шайтанның құрығына түскен халқы оның сөзіне құлақ аспады. Олар: «Ей, Лұт! Біз сені өзгелердің ісіне араластың деп жолыңа бөгеу болмадық қой. Енді неге біздің жолымызды кесесің. Біз саған үйіңе қонақ кіргізбе деп ескертіп едік қой. Сен қалауыңша таза бола бер. Бірақ біздің ісімізге араласпа. Бізде кемшілік болса, ол өз ісіміз. Сенің бізде шаруаң болмасын!» (Хижр сүресі, 70) – деп жан-жағынан даурығысты. Лұт пайғамбар (а.с.) оларды бұлай тоқтата алмайтынын білген соң: «Уа, халқым! Міне,қыздарым. Олар сендер үшін әлдеқайда таза. Оларды сендерге некесін қиып берейін. Алладан қорқыңдар. Араларыңда жақсы мен жаманды айыра алатын дені түзу біреу жоқ па?» – дейді. Самуд халқының еркектері: «Ей, Лұт! Сен осы күнге дейін бізді білмейтін бе едің? Сенің қыздарыңда біздің шаруамыз жоқ. Сен біздің не қалап тұрғанымызды жақсы біліп тұрған боларсың?» – деп дүрсе қоя берді. Лұт пайғамбар олардың мына сөздерінен кейін қатты қысылып: «Шіркін-ай! Дәл қазір сендерге қарсы тұратын бір құдіретім яки қорғана алатын титтей мүмкіндігім болғанда, мынадай күйге түспес едім (һұд сүресі, 80) – дейді. Оның осы сөзіне қатысты Алла елшісі(саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм): «Алла Лұтқа рақым етсін. «Мықты бір қорғанды паналасам» деп, сол кезде қатты қиналып, Аллаға сиынуды ойламаған», –дейді (Бұхари). Осы кезде оның қатты күйзелгенін байқаған періштелер шындықты жайып салды: «Ей, Лұт! Біз сенің Раббыңның елшілеріміз. Қорықпа! Бізге түк те істей алмайды. Сенің халқың адасудан арылғылары келмей қасарысып жатыр. Бұдан соң олардың түзелуі әсте мүмкін емес. Сен қанша насихат айтқанмен, оларға ешбір пайда бермейді. Осы сәттен соң олар саған әсте жапа шектіре алмайды. Жібер, қанеки бәрі ішке кірсін (һұд сүресі, 81)  – дейді. Осыдан кейін Хақ пайғамбар есікті айқара ашқан еді, сыртта ентелеп тұрған еркектер ішке лап етіп ағылды. Бірақ олар не болғанын түсіне алмай, сең соққан кемедей теңселіп кетті. Көздері қарауытып артынан түк көрмей қалды  (Қамар сүресі, 37). Бейне бір аналарынан соқыр болып туғандай күй кешті. Бәрі бірден айқайлап бір-бірін басып-жаншып кимелеп шыңғыра бастады. Бұлар жай қонақ емес, сиқыршы, дуалаушылар екен деп, қонақтарды кінәлай бастады. Хазірет Лұт оларды итерген бойы, далаға шығарып тастады. Періштелер хазірет Лұтқа: «Кештің бір мезгілінде отбасыңды алып тездетіп жөнел. Өзің олардың артынан жүріп отыр. Ешқайсысың артыңа қараушы болмаңдар. Діттеген межеге жетіңдер. Таңға жуық олардың шаруасы бітеді», – дейді. Хақ пайғамбар дереу өзіне сенген үмбетін ертіп түн жастанып жолға шықты. Жары Уахила олармен емес, азғын халықпен бірге болғысы келіп жұртта қалып қойды. Хазірет Лұт отбасын ертіп қаладан шыққан кезде, майда тастарды үйіріп алып, бұршақша жаудыратын жел шықты. Бұл азаптың алғашқы белгілері болатын

Садум халқының жермен-жексен болуы

Хазірет Лұт үмбетін алып қаладан шалғай кеткенде, таң рауандап атқан еді. Соққан желдің арты дауылға айналып, қала үстіне тас нөсердей құя бастады. Осы кезде ғайыптан: «Сендер Лұттың хабар берген азабы мен ескертуін жоққа шығарып едіңдер. Енді сол азапты тартыңдар. Лұттың туралығын біліңдер», – деген дауыс естіліп тұрды. Аятта: «Оларға апат әміріміз келген сәтте, ол жердің үстін астына келтірдік. Сондай-ақ үстеріне әдейі әзірленіп қыздырылған тас жаудырдық,» (һұд сүресі, 82) – деп айтылады. Деректерде Садум елінің тұрған жері қазіргі «Лұт көлі» яки «Өлі теңіздің» тұрған жері екендігі айтылады. Оған «Шария» өзені ғасырлар бойы аққанмен, оның тұзын азайта алмаған. Құранда сол жер туралы: «Ол арада күйзелтуші азаптан қорқушылар үшін бір ғибрат қалдырдық,»  (Зарият сүресі, 37) – деп, сол жердің қарғыс атқан мекен екендігін білдіреді. Кейбір деректерде Лұт пайғамбардың (а.с.) отбасын алып, Мысырға яки Шамға не болмаса Йорданияға қоныстанғандығы айтылады.

(Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: