21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

«Иман мәселесіне жалпылама сену жеткілікті ме, толық білу шарт па?»

«Иман мәселесіне жалпылама сену жеткілікті ме, толық білу шарт па?»

Ақида
Жарнама

Матуриди мәзһабының белді ғалымы имам әл-Бәздауи, өзінің «Усулуд дин» атты еңбегінде «Иман мәселелеріне жалпылама сену жеткілікті ме, әлде егжей-тегжейлі білу шарт па?» деген тақырып аясында ақида мәзһабтарының ұстанымдарына былай тоқталады:

«Әһл-сүннет уәл-жамағат көзқарасы бойынша: «Иман мәселелеріне жалпылама иман ету жеткілікті. Тек қана күмәнді бір мәселе туындаған жағдайда, білім іздеп, ой жүгірту міндет болады. Тіпті бір адамның «Алла Тағала жалғыз, ортағы жоқ. Мұхаммед – Оның құлы әрі елшісі және оның Алла Тағаладан жеткізген ісінің бәрі хақ» деген жалпылама сенімі де, мұсылмандығы да дұрыс. Мұғтазилиттер «Адам иман еткен ісін егжей-тегжейлі білуі шарт», – дейді. Әшғарилердің де осыған ұқсас көзқарасы риуаят етілген. Алайда Ислам рүкундерінің бірі жайлы толық білімі болмаған бұқара халықты мұсылман деп үкім шығарған үмбеттің (ғұламалардың), Әһл-сүннет уәл-жамағаттың (Матуриди мәзһабының) ұстанымы дұрыс екендігіне ижмағы (бірауыздан келісімі) бар. Бір риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде-кім шынайы ықыласымен «Алладан басқа Тәңір жоқ» десе, жаннатқа кіреді» десе, тағы бірде иман туралы сұраған Жәбірейілге (а.с.): «Иман – Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, өлгеннен кейін қайта тірілуге және жақсылық пен жамандық Алладан деп тағдырға иман етуің» деп, жалпылама жауап берген. Әбу Ханифадан жеткен бір риуаятта: «Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) иман еткен адам, оның араб яки араб емес екендігін білмесе де, шынайы мүмін бола береді. Сол сияқты, доңызды білмейтін бір адамның да «доңыз харам» деген сенімде болуы толық мұсылмандығын білдіреді» делінеді. Әшғари Әбу Ханифаның бұл сөзін қате деген риуаят бар. Негізі, Әшғаридің айтқаны дұрыс емес. Өйткені зікір еткеніміздей елшілерге, Алланың харам еткендері мен міндеттеген нәрселеріне жалпылама иман ету міндет. Яғни, Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) иман еткен сияқты елшілердің барлығына иман ету – парыз. Алайда әр елшінің қандай тайпадан, араб ұлтынан ба әлде араб емес пе? Тегі қандай, есімі кім? деп егжей-тегжейлі білу шарт емес. Сондықтан Әшғаридің айтқаны қате әрі көпшілікті адастыру болып табылады» деген.

Имам әл-Бәздауидің көтеріп отырған «Иман мәселелеріне жалпылама сену жеткілікті ме әлде егжей-тегжейлі білу шарт па?» деген мәселеге қатысты Матуриди мәзһабы бойынша, адамның иман мәселелеріне жалпылама иман етуі жеткілікті делінсе, Әшғари мәзһабы бойынша, адамның иман мәселелерін егжей-тегжейлі білуі шарт болып табылады. Әр екі мәзһабтың көзқарасын қате деуге келмейді. Бірі бұқара халықтың сенім мәселесіне селқостық танытпай, әрбір мәселені терең білуін діттесе, екінші мәзһаб көпшілік халықтың тіршілік деңгейін ескере отырып, діндегі жеңілдікті ұсынғанын көруге болады. Яғни, тақырыпқа байланысты екі мәзһаб арасындағы айырмашылық – дінді түсіндіру тәсіліндегі айырмашылықты көрсетеді.

Матуриди мәзһабы кең таралған Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың арасында, әсіресе, діни оқу орындарында (хұжыраларда) шәкірттерге әуелі Ислам жалпылама оқытылатын. Яғни, әуелі діндегі қырық парыз түсіндіріліп, білімін ұзақ уақыт жалғастырған шәкірттерге ғана дін ары қарай тереңдетіліп оқытылатын. Орта Азиядағы хұжыраларда көп оқылатын кітаптардың бірі – «Иманшарт» кітабы. Бұл кітапта негізінен Исламдағы қырық парыз баян етіледі. Күні кешеге дейін әрбір қазақ баласына жастайынан бұл кітаптағы қырық парызды жаттатып өсіру ісі әдетке айналған еді. Солақай саясаттың салдарынан көп медреселер жабылып, дінге деген шектеу бұл үрдісті ұмыттыра бастағаны да белгілі. Әйткенмен, қазақ халқының әуелі діндегі парыздарды жалпылама түсіндіру тәсіліне баса мән беріп, діннің негіздерін қысқаша баяндайтын «Иманшарт» сынды кітапты көшпелі өмірдің үрдістеріне ыңғайлы етіп алулары Матуриди сенім мәзһабын берік ұстанғанының нақты бір дәлелі болмақ.

материал «Бабалар ұстанған ақида» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: