22
Жұма,
Қараша

һижри

Адамгершілікті үйрететін 6 мектеп

Адамгершілікті үйрететін 6 мектеп

Ғибратнама
Жарнама

Қоғамның ең үлкен байлығы – адамгершілік қасиеттерді бойына жинаған адам. Адамгершілік қасиеттер адамды оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан біртіндеп үлкен толғаулы мағыналы өмірге қарай жетелейді. Ақырында сіз өзіңізді толық адам сезінесіз. Ал, нағыз адамгершілік әліппесін қайдан үйренуіміз керек?!

Отбасы тәлімінен

Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұр емес пе? «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған – туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады», – деп Елбасымыз айтпақшы, еліміздің болашағы – бүгінгі балалардың дұрыс азамат болып қалыптасуы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Балалардың өздеріңізге бақыт сыйлайтын тұлға болып қалыптасуы үшін әрбір ата-ананың жүріп өткен жолы өнегелі болуы керек. Ал, жас ұрпақ, сен өз ұяңның, отбасыңның тәлімінен құр қалма!

 

Ұстаздар ұлағатынан

Ғұлама ғалым Әбу-насыр әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген аталы сөзі бар. Сізге біліммен қатар тәрбие беретін адам – ұстазыңыз. Ол мектептегі, жоғары оқу орнындағы, кейін үлкен өмірдегі ұстазыңыз.  Хәкім Абайдың «Он жетінші сөзі» қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Алдыңғы үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әрқайсысы  өзін  бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке-жеке үшеуінде де кемшілік бар. «...Осы үшеуің басынды қос, оның ішінде жүрекке билет», – деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», – дейді оларға ғылым. Демек Абай жүректі, яғни адамды сүюді, адам үшін қызмет етуді бірінші  орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да ең абзалы – осы үшеуінің бірлігі. «Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», – дейді. Ал, сізді ақылды ететін де, мойымауға шақырып, қайратты ететін де, жүрегіңізге жақсы қасиеттерді топтастыруға ықпалын тигізетін де – ұстазыңыз...

 

Өз ортаңыздан

Адамгершілік әліппесін үйрететін келесі мектеп – ол әр адамның өз ортасы. Мектеп қабырғасында, студенттік өмірде, кейін үлкен өмірде, қызметте сізді белгілі бір топтың адамдары қоршайды. Отбасынан кейінгі тәрбие осы аталған орындарда қалыптаса бастайды. Ал, сіз сол көпшіліктің ішінен өзіңізбен мақсаттас, пікірлес адамды таңдай біліңіз. Ортаңыз қандай болса, сіз де сондай боласыз! Өз ортаңызды Алланы еске салушылармен толтырыңыз! Алланы еске алмайтын ортада жақсылық, береке болмайды. Жалаладдин Румидың: «Кіммен жүргеніңе, кіммен дос болғаныңа мұқият бол. Өйткені бұлбұл гүлге, қарға қоқысқа жетелейді», – деген керемет қанатты сөзі бар. Жаныңызда өзіңізді әрдайым адамгершілік қасиетке, тек жақсылыққа қарай жетелейтін адал достарыңыз болсын.

 

Ең жақын достарыңыздан

Жаныңыздағы досыңыз өзіңізден де жақсырақ болсын. Өзінің бойында жақсы қасиеттерді қалыптастырғысы келген адам, ең алдымен, досының кім екенін ойлануы керек. Өйткені, аралас-құралас болып жүрген жолдастарыңыздың сіздің мінезіңізге де, әдебіңізге де, өмірге деген көзқарасыңызға да әсері тимей қоймайды.  Осыны ұғындырғысы келген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір асыл сөзінде жақсы дос пен жаман достың айырмашылығын мынадай мысалмен баяндап береді:

«Жаман жолдас пен жақсы жолдастың (айырмашылығының) мысалы әтір сатушы саудагер мен от үрлеуші ұста сияқты. Әтір сатушы саған сыйлық жасауы мүмкін, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, тым құрығанда одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұста сенің киіміңді күйдіреді, күйдірмесе де, одан шыққан жағымсыз иісті сезесің» (Бухари, Муслим). Бұдан ұғатынымыз, жақсы дос сізге өзінің адамгершілік қасиетін де, адал достығын да қатар ұсына алады.  Өмірде адаспай тура жолда жүремін деушілерге жаман сипаттардағы кісілермен достық қарым-қатынас жасамау, олардың дегендеріне ілеспеу (теріс істеріне), олардың іздерімен жүрмеу ләзім.

 

Даналық кітаптарынан

Кітап – адамгершіліктің  қайнар  көзі, адамзаттың  рухани құндылығы, өмір  айнасы. Бала  кезімізде  «қабат-қабат қаттама, ақылың болса  аттама» деп жұмбақтатып тұрып, кітап  құндылығын, оның адам  өмірінде пайдасы  зор екендігін  ата-анамыз, ұстаздарымыз  құлағымызға  құйып, аяқ асты  етпеуімізді  қадағалайтын. Әйгілі жазушы Максим Горький: "мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштармын" деген екен. Иә, ой саларлық кітаптардан кез келген оқырман ізгілікті, адамгершілікті, әдепті үйрене алады. Айналамыздағы кейбір достарымызға кейіп жатқанда біз кітаптан артық жанашыр, кітаптан артық сырлас досты таба алмаймыз деп жатамыз. Расымен, кітап оқу, оны өз өміріңмен салыстыра талқылау сізге тек жақсылығын ғана ұсынады.

 

«Әдепті болуды әдепсіздерден... »

Кезінде бір кісі ғұлама Лұқпан Хакімнен «осыншама әдептілікті қайдан үйрендіңіз?» деп сұрағанда, ол «әдепсіздерден үйрендім» деген екен. Сол айтқандай, қазір бір жақсысы, әлеуметтік желілерде ретсіз нәрселерді жазып, кері пікір туғызып жүретін кейбір жандардың сөзінен жирену арқылы да өзіңізді түзеуге болады.

Міне, бұл адамгершілік қасиеттерді үйрену әліппесінің санаулы беттері ғана. Дүниеде адам өзінің пенделік қасиеттерімен күресе жүріп адамдық қасиеттерін шыңдап, пендешіліктерін, басқаша айтқанда өзінің «тозағын» жеңіп шығуы қажет. Себебі, әрбір адамның екі дүние бақытына қол жеткізуі  адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, өз пендешіліктерін қаншалықты жеңе алғанына байланысты.

ummet.kz

Бөлісу: