22
Жұма,
Қараша

һижри

Жаман ой – жүрекпен жасалған ғайбат

Жаман ой – жүрекпен жасалған ғайбат

Ғибратнама
Жарнама

«Бауырым, біліп қой! Жаман ой – жүрекпен жасалған ғайбат. Ол да тілмен айтылған ғайбат сияқты харам» (Имам Ғазали).

Жақсылықтың жаршысы мұсылман қалайша түзу ниетті болса, өзге мұсылман бауыры жайлы да солай ойлауы тиіс. Тіпті өзін төмен санаса да, бауырын өзінен әрдайым артық көргені жөн. Керісінше жағдайда әлемде өзінен таза адам таппай қалады. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ екенін парықтаған жан адамның бойындағы  болмашы  кемшілікті зорайтып жіберіп, жақсы қасиеттерін көрмей қалады. Құран кәрімде:

«(Бір нәрсеге) Көзің нақты жетпей тұрып, көңіл аударма. Өйткені, құлақ, көз, көңіл бұлардың бәрі көргеніне, естігеніне жауапты» деу арқылы біреу жайлы нақты мәліметке ие болмайынша, ол жайлы жаман ойламауға шақырады.

Тағы  бір  аятта Жаратқан жаббар иеміз бізге қарата: «Иман келтіргендер, күмәннің (жаман ой) көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә» деп бұйырады. Жаман ой адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынастың түбіріне балта шабатын қасиет.

Әбу  Хұрайрадан келіп жеткен бір  хадисте Адамзаттың ардақтысы «Жаман ойдан аулақ болыңдар. Бір-бірлеріңнің  кемшіліктеріңді  көруге  және  естуге  құмартпаңдар.  Жеке  бас  өмірлеріңе  қатысты мәселелерді де тіміскілеп, білуге тырыспаңдар» деген-ді.

Жаман ойлау  кез-келген  мәселеде жағымсыз нәтижелерге бастайды. Әсіресе ол бір отбасыға сыналап кірсе, ол ошақты ойрандамай қоймайды. Тарихта орын алған мына бір оқиғаны айта кетсек артықтық етпес.

Хажжаждың Зейнеп деген қарындасы Мұғира атты кісіге тұрмысқа шыққан екен. Мұғира өте секемшіл, ал Зейнеп керісінше аңғалдау болса керек. Бір күні таңертең ерте тұрған Зейнеп дәрет алмай тұрып тісін шұқып отыр екен. Сол кезде жұбайы байқап қойып:

–  Әй,  Зейнеп, егер тістеріңнің  арасындағы нәрселер таңғы астың қалдықтары болса, ол сенің сабырсыздығың (яғни, ешкімнің хабарынсыз таңғы ас ішкенің), ал егер ол түнгі тамақтың қалдықтары болса, ластығыңның дәлелі. Екі жағдай да маған ұнамайды.

Төркініңе  кет,  –  дейді  ойланбастан.  Қайтып  келген қыздарына үйіндегілер:

–  Әй,  Зейнеп-ай,  ерте  бастан  өзің  таңғы  асты ішпеуің керек еді немесе түнде жатарда тістеріңді тазалап жатқаныңда ғой, – деп кейіс білдірген кезде, Зейнеп:

–  Таңертең ертемен тістерімді шұқығаным жұрттан бұрын таңғы асты ішкендігімнің де, түнде тістерімді тазаламай жатқандығымнан да емес. Түнде жатарда тістерімді  мисуакпен  тазалап  жатқан  болатынмын.

Таңертең  тұрғанда сол мисуактың талшықтарының тістерімнің арасына тұрып қалғандығын байқап, соларды тазалап жатқан едім, – дейді. Көрдіңіздер ме, асығыстықпен  жаман  ойдың  нәтижесінде  жасалған шешімнің неге апаратынын.

Шайтанның уәсуәсасы да адамға жаман ой салып, түрлі психологиялық ауруларға ұшыратады. Бірнеше күн бұрын бір жолдасымен  ренжіскен адам,  осы ренжісудегі болған жайтты есіне түсіріп, «сен сол кезде былай деуің керек еді» деп жаман ой салып, «оның саған істеген алдыңғы да жамандықтары бар» деп оның бұрынғы істеген істерінің барлығын өзіне қарсы қояды.

Осылайша жолдасы жайлы жаман ой ойлаған сайын, оған деген жек көрініші арта береді де, ол адамды қас жауындай жек көреді. Бұл шайтанның уәсуәсасынан, жаман  ойдан  құтылудың  шарасы  жоғарыдағы  аятта «Күмәннің  (жаман  ой)  көбінен  сақтаныңдар. Өйткені,  күмәннің  кейбірі  –  күнә»,  –  деу  арқылы жоқ жерден өзіміздің күнәға ұрынып қалмауымызды айтып ескертіп тұр. Тіпті күнә істегенін көрсеңіз де көрмеген сыңай танытып, бауырыңыз жайлы жаман ойдан сақтанып, оны жұртқа жаймай, керісінше «Уа, Алла тағалам, күнәһар пенделеріңді кешіре гөр. Мені ондай жағдайға душар етпегейсің» деп өзінің ондай жағдайға түсіп қалмауы үшін дұға етуі керек.

Пенде  болған  соң  ұрыс-керіссіз  өмір  жоқ  қой. Сондай  жағдайда  Пайғамбарымыздың:  «Мұсылман мұсылманмен үш күннен артық араздасып, араласпай қоюларына болмайды», – деген хадисін еске алып, тез арада жарасуға тырысу қажет.

Жаратқан иеміз жайында да жаман ойға берілмеу қажет. Құдай тағалаға деген жаман ой қандай десең, ол Алла тағала жасаған күнәларымды кешірмейді деп жаман ойлау. Шын жүректен жасалған тәубені Жасаған иеміз әрдайым қабыл алып, кісі ақысынан басқа кез келген  күнәні  кешіретіндігі  көптеген  аят-хадистерде айтылған. Бір құдси хадисте Алла Тағала «Құлым мен  жайлы  қандай  ойда  болса,  ақыретте  оған  солай  қатынас  жасаймын» деп  бізді  жақсы ойлауға шақырған.

Сол секілді тек қана адамдар жайлы емес, айналамызда орын алып жатқан оқиғалар туралы да жақсы ойлау қажет.

материал «Үміт сәулесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: