22
Жұма,
Қараша

һижри

Хатим Әл-Асамның 33 жылда үйренген 8 сабағы

Хатим Әл-Асамның 33 жылда үйренген 8 сабағы

Ғибратнама
Жарнама

Исламның алғашқы кезеңдерінде өмір сүрген заһидтердің бірі, Хорасаннан шыққан Хатим Әл-Асамның толық аты - Әбу Абдуррахман Хатим ибн Унван (раһ).

Бір күні Хатим Әл-Асамды ұстазы - Шақиқ Әл-Бәлхи жанына шақырып, «33 жыл жанымда шәкіртім болдың, осы уақыт аралығында не үйрендің?» - деп сұраған екен. Хатим Әл-Асам 8 нәрсе үйренгенін айтады. «Осынша жыл жанымызда жүріп үйренгенің бар болғаны 8 нәрсе ме?» - деп таңданысын жасыра алмапты ұстазы. «Жақсы, айта ғой» деп рұқсат берген соң шәкірті Хатим Әл-Асам сөйлей жөнеледі.

«1 – Қарасам, бәрінің досы бар екен. Бірақ барлық дос санағандары соңында қабір басынан кері қайтатынын көрген соң, ешбіріне сене алмадым. Өзіме дос ретінде қабірде де жанымнан табылатын - хайырлы амалдарды таңдадым.

2 – Сізден үйренген екінші сабағым: «Кімде-кім күндердің күнінде Раббысының дәргейіне баратынын ойлап, шынымен қорыққан һәм нәпсісін тыйған болса, шүбәсіз, оның ақыр соңында барып паналайтын жері – жәннат болмақ! [79: 40-41]» - деген  Алланың сөздері. Бұл сөздердің шындығында күмәнім жоқ. Сондықтан нәпсімнің уақытша, өткінші қалауларына мән бермей, Алланың әмірлерін әбден бойыма сіңіргенге дейін жеңуге тырыстым.

3 – Байқасам, бәрі қолындағы ең қымбат дүниелерін  сақтап, тықпаштайды екен. Сосын Алла Тағаланың: «Сендердің қолдарыңдағы дүние түгелдей таусылып бітеді. Ал, Алланың құзырындағылар мәңгілік [16:96],»  - деген аятын есіме түсірдім. Сөйтіп өзім үшін ең қымбат нәрселерімнің бәрін жоққа айналмасын деп Аллаға аманат еттім, Оның разылығы жолында жұмсадым.

4 – Адамдардың бәрі мал-мансабына, атақ-даңқына немесе шыққан тегіне байланып, өздеріне сүйеу іздеуде. Бірақ олардың арқа сүйегендері шын мәнісінде түкке тұрғысыз нәрселер еді.  Сосын: «Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың!), [49:13]» - деген аятты еске алдым. Алланың алдында ардақты болу үшін мал мен мансапты емес, тақуалықты таңдадым. 

5 – Адамдардың өзара бітіспей, қырқысып-таласуының, бір-бірін жек көрулерінің себебі қызғаныш екенін түсіндім. «Бұл дүниеде олардың ризық-несібелерін де мына Біз үлестірдік. Сондай-ақ, бірін-бірі жалдап қолдансын деп, біріне-бірі септігін тигізсін деп олардың кейбіреулерінің бақ дәрежесін кейбіреулерінен жоғары қылдық, [43:32]» - деген Жаратқанның сөздерін ақылға салып, несібемнің Алладан екенін түсіндім. Оның бергеніне шүкіршілік етіп, қызғаныш ауруынан бойымды аулақ салып, ешкімге дұшпандық етпедім.

6 – Халықтардың бір-бірімен соғысып, өлтіріп жатқанын көрдім. Сосын Жаратушы Иенің мына сөздерін есіме алдым. «Шүбәсіз, шайтан сендердің қас дұшпандарың. Ендеше сендер де оны өздеріңе бітіспес дұшпан тұтыныңдар. [35:6]» Өзіме шайтаннан басқа ешкімді дұшпан көрмедім.

7 – Байқап қарасам, көбісі бір үзім нан үшін адал-арам деместен әртүрлі қорлыққа көне береді. Ал, Жаратушымыз: «Жер-жаһанда ризығы Алладан келмейтін бірде-бір қыбырлаған тіршілік иесі жоқ [11:6],» - дейді. Мен де жаратылған тіршілік иелерінің бірі болғандықтан рызығыма Алланың өзі кепіл екендігін түсіндім.  Өзім дұрыс деп санағанның бәрін ысырып қойып, Алланың дұрыс дегеніне ден қойдым.

8 – Жұрттың көбі белгілі бір кісіге немесе нәрсеге сенім артып, тәуелділік танытады. Бірсыпырасы байлығына, саудасына, басқа бір бөлігі қабілетіне, қызметіне, ақылына немесе күш-қайратына яғни өздері сияқты өткінші дүниелерге сенім артуда. Сондайда Алланың: «Кім Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған (қолдаушы һәм медеткер ретінде) бір Алла жеткілікті, [65:3]» - деген аяты есіме түседі. Осылайша тек Аллаға ғана сенім артып, тәуекел еттім. Мінеки, сізден үйренген сегіз сабағым осы,» - деген екен.

Ummet.kz

Бөлісу: