19
Жұма,
Сәуір

һижри

Исламмен үндескен дәстүр: Көңіл айту

Исламмен үндескен дәстүр: Көңіл айту

Дәстүр даналығы
Жарнама

Ет жақын туысы қайтыс болған жандарға қайғыларына ортақтасуды білдіретін  көңіл айту дәстүрі барлық халықтарда бар. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде  де бұл салтқа ерекше мән беріледі.

Бұл – жалпы адамның психологиясына тән  ортақ құндылық. «Қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең көбейеді»  деген түсінік қалыптасқан халқымызда көңіл айту өз кезегінде әуелі, естіртумен  басталады, артынша көңіл айтылып, жұбатуға көшеді. Осы салттардың бәрі бір-бірімен сабақтаса отырып, жақынынан айырылып қайғадын қан жұтып отырған  қара шаңырақтың қайғысын жеңілдетіп, көңілдерін көншітуге септеседі. Естіртуді көбіне ақылы, парасат пайымы жоғары адамдар ретін тауып айта білген. Оған қатысты мысалдары тарихымызда жетерлік көп. Оны мәнді де мағыналы қара сөзбен, адамның көңіл қылын тербер өлең жолдарымен, тіпті қажет болса астарлап, күй арқылы да (Мысалы «Ақсақ құлан») жеткізіп отырған.

Мәселен, Абылай ханға Бөгенбайдың қазасын естіртуінде «қазаны естудің алдында мынаны тыңдап ал» дегендей: «Ей, Абылай, Абылай, Абылай ханым, бұл қалай? Бұл қалайдан сескеніп, Сөзімді қойма тындамай» деп бастап батырлармен болған небір қанды жорықтарды есіне салып, дүниеден кім өткенін өзіне болжата жырлай, батырдың қадірін, ордадай орнын жетесіне жеткізе айтып келіп:

«...Сексеннен аса бергенде,

Қайырылмас қаза келгенде,

Батырың өлді – Бөгенбай!» деп сөз тізгінін сәл іркіп, ары қарай:

«Жыламай тыңда, Абылай!

Жараға жақсы қасқарар,

Ойбайлап жаман бас салар.

Көріспей айтты демеңіз,

Осы еді біздің келген жай», деп жұбату айтады.

Мысалы, Бағаналы Ерденнің баласы өлгенде басын көтере алмай қалғанда  Таз Шоқай би былай деген екен:

Уа, Ерден!

 Басыңды көтер жерден!

 Осы балаң өлмегенде

 Кетіп едің керден.

 Өзі беріп, өзі алды

 Нең бар еді құдайға берген?!

 Балаң түгілі

 Әкең Сандыбай да өлген.

 Оны Шоқай көрген.

 Жақсының басына іс түссе

 Ойлай береді.

 Көкті бу көтереді,

 Жүкті нар көтереді,

 Өлімді ер көтереді.

Тіпті, бастарына қиын-қыстау күндер туғанда әрдайым Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өздеріне үлгі тұтып, бір-біріне басу айтқан. Мысалы, біреу қаза болғанда көңіл айтушылар:

Ойлап тұрсам жалғаннан,

Бұрынғылар не көрген!?

Мұхаммед өткен Мұстафа

Кім болмаған биқапа, − деп әзірет Мұхаммедті (с.а.с.) өлең-жырларына  қосқан. Осылайша үйінде біреуі қайтыс болғандарға Алланың ең сүйікті құлының да бұл дүниені тәрк етіп, о дүниеге аттанғанын, Алланың қойған заңына мойынсұну керектігін ескертіп көңіл айтқан.

Кімдер өлмей тұрады

Бұл дүниенің жүзінде,

Мұхаммед те көніпті

Жетімдікке жасында, – деп Пайғамбарымызды (с.а.с.) әрдайым үлгі тұтқан  халқымыз, біреудің ата-анасы қайтыс болғанда оның өмір жолын еске түсіріп,  маңдайына жетімдік жазылғандарға басу айтып, көңілін аулаған.

Ақыретте көз салсын

Баратұғын орынға.

Білсін Алла жарлығын,

Алдында өлім барлығын,

Құдай досты Мұхаммед

Оның да алған жалғызын, – деп, халқымыз адамның басына келетін ең  ауыр қазалардың бірі – бауыр еті баласынан айрылғанда болаттай берік болуға, Пайғамбарымызды еске алып, бір-бірін сабырлыққа шақыра білген.

Ислам шариғатында қайғырған жанды Алланың тағдырына жазғанына  сеніп, сабырлыққа шақыру мақсатында мәнді сөздермен көңіл айту сүннет ретінде  бекіген. Мәселен, немересі жан тәсілім етер шақта әз. Пайғамбар (с.а.с.) өз қызын сабырлыққа шақырып: «Қызыма айтып бар! Алғаны да, бергені де – Оныкі (Алланікі)! Ешнәрсе мәңгі емес, әр нәрсенің уақыты шектеулі. Сондықтан, сабыр етсін, Алланың жазғанына көнсін» деп басу айтқан екен. Тағы бірде сенімді серігі, адал досы Муғаз бин Жәбәлдің ұлы қайтыс болғанда Алланың елшісі хат жолдайды: «Шындығында, жанымыз да, малымыз да, бала-шағамыз да Алланың бізге берген уақытша сыйы. Уақыты келгенде қайтарып алатын аманаты.

Аманатты пайдалануың мүмкін, алайда, белгіленген уақыты келгенде қайтарып алары анық. Ендеше, басыңа түскенге көнер болсаң, Алланың есендігі мен мейрімі, тура жолы берілмек. Сондықтан, сабыр ет. Сауабыңды іштегі күйінішің су сепкендей өшіріп, өкініште қалып жүрме. Ұмытпа! Қанша күйінсең де, өлген қайтып тірілмейді, басқа түскен қайғыны да сейілте алмас. Жазмыштан озмыш жоқ!» деп сабырлыққа шақырған.

Болашағынан зор үміт күткен Шоқанның қазасын Шыңғыс төреге Келдібектің: «... Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді, оны өзі алды», деп астарлап естіртуі де осы хадистің мәнімен астарласып жатыр.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: