11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қазақтың ұлы дәстүрлері: Қолға су құю

Қазақтың ұлы дәстүрлері: Қолға су құю

Дәстүр даналығы
Жарнама

Еліміз егемендігін алып, етек-жеңімізді жинағалы бері қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, қоғамдық қатынастың құқықтық заңдарын іздестіру, жинау, жүйелеу және зерттеу ісіне көп көңіл бөлінуде. Қазіргі атақты ғалым-заңгерлеріміз С.З.Зиманов,Ғ.С.Сапарғалиев, Н.Өсерұлы, М.С. Нәрікбаев, З.Ж.Кенжалиев т.б. көптегенғалымдар қазақтың ата заңының бастаулары мен қайнар көздерін тереңнен зерттеумен айналысты.

Қазақ дәстүрлерін ретсіз, жүйесіз, бейберекет әрекеттердің жиынтығы деп емес, адам өмірінің барлық саласын түгел қамтитын ғұмырлық өлшемдер деп бағалаған жөн. Бұл дәстүрлерде қоғамның үйлесімді дамуына үлкен үлес қоса алатын өркениет негіздері жатыр. Алыстан орағытпай, бір ғана қолға су құю дәстүрінің астарын қарастырып көрсек осы шындыққа анық көз жетеді. Қазақ даласында қол жуу – бір адамның жеке гигиенасы ғана емес, көпшілік орындарда дәстүрлі түрде іске асатын іргелі ғұрып.

Қолға су құюдың ең бірінші қыры тазалықпен байланысты екені түсінікті. Қолға құман ұстап, сыртқа шығу қазақ халқының өмірінде тазалыққа қаншалықты мән беретінін көрсетеді. Бұл дәстүрдің мұсылман дініне қатысты мәні осы тұстан шығады. Өйткені Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) өзі тазалыққа ерекше мән бергені  хадис кітаптарында кеңінен айтылған. Мысалы, Алланың Елшісі – Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) ұйқыға жатарда қасына құман мен тіс тазалағышты дайындап қоятыны туралы деректер бар. Бір хадисте былай делінеді: «Алла Елшісінің (с.а.с.) төсегінің басында дәрет алуға арналған құман мен тіс тазалағыш тұратыны риуаят етіледі. Ол ұйқыдан тұрған кезде әжетін өтеп, сосын (қолы мен) тісін тазалайтын».

Ислам дініндегі шариғат заңдарын түсіндіретін кітаптардың көпшілігі ең әуелі «Тазалық» деген баптан басталатыны да біраз жәйттен хабар береді. Сондай-ақ тамақ ішерден бұрын және тамақтанып болған соң қол жуу ислам дініндегі әдеп кодексінің басты ережелері қатарына жатады. Міне, осы тұста қазақ халқының қолға су құю дәстүрінің мұсылманшылықпен қаншалықты терең ұштасып жатқандығы көрінеді.

Бүгінге дейін ас берілетін, жиын өтетін үйлерде ең алдымен қолға су құятын жағдай жасалады. Жас балалардың қолына жылы су құйылған құман беріледі. Қолға су құю функциясының жас балаларға жүктелуі де тегін емес. Өйткені үлкен өмірге бет алған жас баланың үлкеннің батасын алуы өте маңызды. Батаменен ер көгереді деген қағида да осы жерде көрініс табады. Қолын жуған кісілер «Өркенің өссін!», «Көп жаса!», «Бақытты бол!» деген дұға-тілектерін жаудырады. Көпшіліктің дұғасы қабыл деген сөз де ислам дінінің заңдылықтарында айтылған. Олай болса, қолға су құюдың маңызы жеке гигиенадан әлдеқайда биіктеп кетеді. Бұл дәстүрдің мазмұнында кісі сыйлау, қонақ қадірлеу, үлкенге ізет көрсету сияқты көптеген мәні терең мінездер жатыр. Демек, бұл жоралғының жастарды тәрбиелеудегі рөлі де ерекше. Қолға су құю процесі кейде үйдің ішінде жүзеге асады. «Бата – бастан, су – аяқтан» деген сөз осыған нұсқайды. Қонақтар тегіс отырып болған соң, ас пісіп, табақ тартыларда жауапты бір немесе екі жігіт жылдамдатып қолға су құйып шығады. Бұл да «Тамақтанар алдында қолдарыңды жуыңдар» деген пайғамбар сүннетіне сай әрекет етуден туған ақ ниет болса керек. Жинақтай келгенде, қазақ халқының қай дәстүрін алсақ та, астарында терең тәрбиелік мән жатады. Сол секілді қолға су құюдың да мұсылман дініндегі және қазақ жұртының әлеуметтік өміріндегі маңызы үлкен.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: