05
Бейсенбі,
Ақпан

һижри

Білім ізденуде бақталас болмау және мақтанбау

Білім ізденуде бақталас болмау және мақтанбау

Дін және ғылым
Жарнама

Ілім ізденуші немесе оны игерген адам ілімге ұмтылыс жасау кезінде яки оны игерген кезінде Алла Тағалаға шын ықыласта болуы керек және тек қана Алланың дінін сақтау, адамдарды дінге үйрету, сөйтіп оларға пайда келтіруден басқа ешқандай мақсатты көздемеуі тиіс.

Сонымен қатар ілім алу мен оны басқаларға жеткізудегі мақсаты жоғарғы бір дәрежеге көтерілу немесе байлыққа ие болу, атақ-даңққа жету немесе ықпалды болу яки адамдардың оны ғұлама деп атағанын қалау, сондай-ақ білімін пайдаланып, Алла Тағаланың басқа мақлұқтарына астамшылық көрсету және басқа білім иелерімен өз білімін арқаланып, айтыс-тартыс жасау т.с.с. болмауы тиіс. Бұл айтылғандардың бәрі айыпталуға лайық іс-әрекеттер, бұлар адамның еңбегін де, өзін де зая кетіреді және Алла Тағаланың қаһарына ұшырауына себепші болады.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Тағаланың дидары үшін үйренуі тиіс амалды біреу бұл дүниелік мақсатты ғана көздеп үйренсе, Қиямет күні ол жаннаттың иісін де сезбейді», – деді», – деген (Әбу Дауд).

Кағб ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Мен Алла елшісінің (с.а.с.): «Ілім ізденушілерден кім (сол) ілімнің көмегімен ғұламалармен бақталасу немесе ақымақ-ақылсыздармен айтысып-тартысу яки беделді адамдардың назарын өзіне аудару мақсатында ілімге ұмтылса, Алла (оларды) тозаққа тастайды», – дегенін естідім», – деген.

Қиямет күні туралы әңгімелейтін хадистердің бірінде басқа мәселелер арасында Пайғамбар (с.а.с.): «...сонан соң білім алған және басқаларға үйреткен, сондай-ақ Құран оқыған адамды әкеледі және (Алла) Өзінің оған деген нығметтерін есіне салады, ал ол оларды мойындайды. (Содан соң) Алла: «Сен сол (нығметтерім) үшін не істедің?» – дейді. Ол: «Мен ілім үйрендім және басқаларға үйреттім, сондай-ақ Сен үшін Құран оқыдым», – дейді. (Сонда Алла): «Жалған айтасың, сен тек қана (адамдар) сені «ғалым» деп айтуы үшін ілім үйрендің және басқаларға үйреттің, олар сені «қари» деп айтуы үшін Құран оқыдың және олар (солай деп) айтты!» – дейді. Осыдан кейін бұған қатысты бұйрық беріледі де, жүзін төмен қаратып, тозаққа тастайды», – деген  (Муслим).

материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: