Оқығаныңды өзгелермен бөлісудің, адамдарға үйретудің де маңызы үлкен. Себебі үйрету арқылы адам білгенін өз бойына одан әрі сіңіріп, білімінің бекуіне ықпал етуімен қатар өзгелердің де білмегенін білуіне себепші болады.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – деген хадисінің бір мағынасы осы (имам Термизи).
Дінімізде өзгелерге үйретіп кеткен пайдалы білім ешуақытта тоқтамайды, сауап болып жазылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам дүниеден өткенде, оның үш амалынан басқасының бәрі тоқтап қалады. Олар – үзілмейтін садақа, басқаларға пайдасы тиетін білім және салиқалы ұрпақтың оған арнап жасайтын дұғасы», – деп айтқан (имам Мүслим).
Ендеше, Махмұд Қашқаридың: «Білім қалар артыңда, ғұмыр сырғып жоғалар», – деген сөзін әр адам қаперінде ұстап, оқып, үйреніп, білгенін өзгелерге үйрету арқылы ғибратты із қалдыруға тырысуы қажет.
Қорыта айтқанда, білім иесінің екі дүниеде де дәрежесі жоғары болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мужәдәлә» сүресі, 11-аятында: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», – деп айтқан.
Үлкендік екі түрлі себеппен болады. Оның бірі адамның қанша өмір сүргендігіне қатысты жасының үлкендігі болса, екіншісі – алған білімінің үлкендігі. Сол себепті де Хакім Абай:
Адамды жөн бiлетiн дана деп бiл,
Iстерiн жалқау жанның шала деп бiл.
Құр жасы елулерге келсе-дағы,
Бiлiмсiз сондай жанды бала деп бiл, – деген.
материал «Ілім алудың артықшылықтары» кітабынан алынды,
ummet.kz