06
Бейсенбі,
Тамыз

һижри

Алла мекенге мұқтаж ба? (2)

Алла мекенге мұқтаж ба? (2)

Күдікпен күрес
Жарнама

(Жалғасы. Басы өткен шығарылымда)

Әһлу сунна уәл жәмәға көзқарасындағы ақидалық мектепті бір жүйеге келтірген ұлы екі имамның бірі әл-Матуриди болса, екіншісі имам әл-Әшғари. Имам Матуридидің сенім мәселелері жөніндегі көзқарсы өзінен бұрынғы сахабалардың, Ислам ғұламаларының көзқарасынан өзгеше деген ой туындамауы керек. Керісінше, солардың көзқарасын кемелдендіріп, бір ізділікке түсіре білді. Алайда, уахабизм ағымының өкілдері матуридилік және әшғарилік сенім мәзһабтарын және сол мәзһабтардағы күллі мұсылман жұртшылығын ашық адастыға шығаратыны анық.

Уахабилердің белді ғалымы саналатын Салих ибн Фаузан: «Әшғарилер және Матуридилер діннің негізі саналатын сенім мәселелеріне қатысты көп жерде сахабаларға, тәбиғиндерге және төрт мәзһаб имамдарына қарсы шықты. Олар Әһлу сунна уәл жәмәғатынан емес»[1] десе, олардың тағы бір танымал ғалымы Мұхаммад ибн Салих әл-Ғұсайминге: «Нәуауй және Ибн Хажар екеуі Әһлу сунна уәл жәмәғатынан ба?», - деп сұрақ қойылғанда, Ибн Ғұсаймин: «Ол екеуі Әсма уас сипат (Алланың есім-сипаттары) мәселелеріне қатысты көзқарастарында Әһлу сунна уәл жәмәғаттан емес», - дейді. Сонда: «Олар толықтай Әһлу сунна уәл жәмәғатынан емес пе?», - деп екінші рет сұралғанда, Ғұсаймин: «Толығымен емес демейміз»[2]деп жауап береді.

Көріп отырғанымыздай, уахабизм ағымының белді ғалымдары, Әһлу сунна уәл жәмәғаттың сенім мектептерін құрушы имам Матуриди мен имам Әшғариды адасқандардың қатарына кіргізумен қатар, сенімді хадис кітаптары саналатын сахих Мүслимге кең түсініктеме жазған имам Нәуәуй мен сахих Бұхариге түсіндірме жазған Ибн Хажар әл-Асқаланиді да сенім мәселесінде (яғни, Алланың есім-сипаттарында) адасқандар деп көрсетеді. Әлем мұсылмандарының 90% пайызы бұл ғалымдарды айналып өтпейтіндігі белгілі. Демек, уахабилердің бұл көзқарасы Әһлу сунна уәл жәмәға ғұламаларына жабылған жала екендігі ақиқат.

«Хижр» сүресіндегі «Расында Құранды Біз түсірдік. Оны қорғаушы да өзіміз» деген 9-аятты имам әл-Матуриди: «Біз Құранды көкейіне даналық берген құлымызбен сақтаймыз» деп түсіндіреді. Сол көңіліне даналық берілген құлдың бірі имам Матуриди деуге әбден болады. Ол «Ниса» сүресіндегі «Құран Алладан басқаға тиесілі болса, онда көп қарама-қайшылық болатын еді» деген 82-аятқа амал ете отырып, Құран кәрімнің мүтәшабиһ аяттарын мүмкіндігінше мұхкам аяттар негізінде тәуил (жорамал) жасады. Сонымен қатар, мүтәшабиһ аяттарда кездескен сөздің араб тілінде қолданылатын бірнеше мағынасына да мән беріп, төмендегі шарттарға сәйкес болғанын ғана таңдады. Олар:

Алланың ұлықтығын және бүкіл кемшіліктен пәктігін білдіруі;
Алла тағаланы жаратылысқа ұқсатпау;
Ақыл тұрғысынан да құпталуы[3].
Имам Матуридидің Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне тәуил жасау ұстанымы өзінен бұрынғы буынның жолына қайшы келмеді. Өйткені, мүтәшабиһ аят, хадистерге жорамал жасау (тәуил) алдыңғы буын, Матуридидің ұстазы Әбу Ханифа көзқарасына да кереағар емес. Қайта солардың көзқарасын дамытудан тұрады. Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Әли ибн Сұлтан Мұхаммед Молла әл-Қари: «Сәлаф та (алғашқы үш ғасырда өмір сүрген ғалымдар да), халаф та (кейінгі ғасырдың ғалымдары) тәуил жасаған. Себебі, олардың бәрі сөздің тура мағынасы мұрат емес деген. Бірақ сәлафтардыкі қысқа тәуилге, ал халафтардыкі кең тәуилге жатады. Себебі, халафтардың заманында бидғатшылардың көбеюі – оларды осыған итермелеген» деген[4].

Енді, имам Матуридидің сол көзқарасы, өзінен бұрынғы сахабалардың, Ислам ғұламаларының көзқарасымен сабақтасып жатқандығы жайлы бірер мысал бере кетейік.

Жастайынан пайғамбар тәрбиесін көріп, Құранның рухын бойына сіңіріп өскен құрметті сахаба хазреті Әли (р.а): «Алла мекен жоқ кезде бар еді. Ол бұрын қалай болса, қазір де дәл солай» десе, тағы бір сөзінде: «Расында Алла Тағала Аршты Өзіне мекен ету үшін емес, керісінше құдіретін пәш ету үшін жаратты»[5] десе, ал тәбиғин Зәйнул ғәбидин Әли ибн Хұсайын ибн Әли (р.а): «Сен – мекенге тәуелді болмаған Алласың»[6] деген.

Құқықтық төрт мәзһабтың әуелгісінің негізін салушы имам Әбу Ханифа (р.х): «Кімде-кім: «Алла аспанда ма, әлде жерде ме білмеймін»,- дейтін болса, әлбетте кәпір болды. Өйткені, бұл сөз Хақтың мекені бар деген ой тудырады. Кім «Алланың мекені бар», - деп ойласа, ол мүшәббиһ (Алланы жаратылысқа ұқсатқан) болды»[7] деп, Аллаға мекен теліген адам үкімі жайлы ашық пікір білдірген.

Ал, имам Матуридидің замандасы әрі Әһлу сунна уәл жәмәға сенімдік мәзһабтың негізін қалаушы екі имамның бірі имам Әбул-Хасан әл-Әшғари (324 һ): «Алла, мекен болмай тұрғанда болды. Аршыны және Курсиді кейін жаратты. Ол мекенге мекенді жаратпай тұрып мұқтаж болмағаны секілді мекенді жаратқаннан кейін де оған мұқтаж емес»[8] деген.

Имам Матуридидің ізбасарлары немесе Одан кейін өмір сүрген ғалымдардың көзқарасына келер болсақ, Әбус-Сәна Махмуд ибн Зайд әл-Ләмиши әл-Ханафи әл-Матуриди: «Ұлы Алла мен әлем жаратылыстары арасында ұқсастық болмағандықтан, Ол мекенмен сипатталмайды. Яғни, мекен қадим (әуелден бар), ал Алла Тағала хадис (кейін пайда болған) емес. Керісінше, Алла әуелден бар Жаратушы, мекен кейін пайда болған жаратылыс. Демек, Жаратушыны мекенге орнықты дейтін болсақ, онда Оны мен мекен арасында ұқсастық бар дегендік. Мұның дұрыс еместігі сәмғи (Құран, сүннет) және ақли дәлелмен дәлелденген»,[9] - деп, Алланың затын түсіну адамның санасынан тыс іс екендігіне ишарат етеді.

Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Бәдруддин әл-Ғәйни (855 һ) сахих Бұхариға жазған шархында, «(Алла Тағаланың) Оның Аршы судың үстінде» деген аятқа қатысты: «Ақиқатында, Алла Тағала Аршының судың үстінде екендігі жайлы хабардар етті. Өзінің Оған орныққанын хабарламады. Өйткені, Алла Тағала Аршыға мұқтаж емес, Оған отырудан пәк»[10] десе, Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани әш-Шәфиғи әл-Әшғари (892 һ): «Тарапты білдіретін жоғары және төмен деген түсініктер Алланың Ғәли (үстем) сипатымен сипатталуына кедергі жасамайды. Өйткені, Алланың Ғәли сипатымен сипатталуы ұлылығын білдіреді, материалдық нәрсені білдірмейді»[11] деген.

Қазақ даласынан шыққан дана Абайдың да Матуриди сенімін ұстанғанын, халқын сол сенімге шықарғанын мына бір өлең жолынан көре аламыз:

«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!»[12].

Қорытындылай келе, Алла аятта Аршыны Рахман есімінен кейін зікір ету арқылы Оның мәртебесін көтеріп, жаратылыстың үлкені саналатын Аршыға Өз билігін жүргізгенінен хабардар етуімен құдіретін, ұлылығын танытты, әрі аталмыш аяттың өзі Алланың мекенге мұқтаж емес екендігінің дәлелі саналып, Алланың билігін жүргізіп тұрған бір жаратылысқа зәру еместігін білдіреді.

Ал, матуридилік және әшғарилік мәзһабатарға қарсы айтылған сөздердің негізсіз екендігіне аталмыш ғалымдардың көзқарастары нақты дәлел болады. Сонымен қатар, имам Матуридидің білімде имам Әбу Ханифаның мұрагері екендігін ескерер болсақ, ғасырлар бойы бұл мәзһабтарды Ливан, Сирия, Түркия, Индия және Орта Азиядағы көптеген елдердің ұстанып келгені, әлі де осы мәзһабтарды ұстанатыны белгілі. Демек, имам Матуриди көзқарасы ғасырлар бойы Әһлу сунна уәл жәмәға ғалымдардың сүзгісінен өтіп, мұсылмандық өмірде өз жемісін беріп келе жатқан бірден-бір тура жол болып саналады. Көптеген мұсылман ғалымдары, уахабизм идеологиясын дұрыс емес деп бағалап әрі мұсылман арасына іріткі салуды көздеген саяси бір идеология ретінде қарастырады. Сол себепті, ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанып келген Матуриди сенімінде берік болып, уахабизм сынды кірме идеологиялардан сақ болуымыз тиіс.

Самет Оқанұлы

Исламтанушы

[1] Мин мәшәһирил мүжаддидин фил Ислам Инб Тәймия уә Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб, «Идәратул буғусил ғилмия уәл ифтә уәд дәғуә уәл иршад» басыпасы, Саудия. – 1408 һ. 32- бет.

[2] Лиқаул бәбил мәфтух, «Дәрул уатан» баспасы, Рияд. – 1414 һ. 42-бет.

[3] Матуриди сеніміндегі таңдаулы тақырыптар, Самет Оқанұлы – Алматы: «Кокжиек-Б» ЖШС, 2016. – 184 бет. 66-бет.

[4] Қ. Жолдыбайұлы, Дін мен діл, 1-том, 150-151 бет.

[5] Әл-Фарқу бәинал фирақ ли Әби Мансур әл-Бағдади, 333-бет.

[6] Итхафус сәдәтил муттақин би шархи ихяй ұлумуддин лил мұртада әз-Забиди, 4-том, 380-бет.

[7] Әл-Бурнул муаийуд, 17-18 бет.

[8] Бәбийну кәзбил муфтари, 150-бет.

[9] Әт-Тәмһид ли қауағидит Тәухид, 62-63 бет.

[10] Ғұмдатул қари, 12-том, 25, 111 бб.

[11] Фатхул Бәри ли Ибн Хажар әл-Асқалани, 6-том, 136-бет.

[12] Абай Құнанбаев, Қалың елім, қазағым. «Ата мұра» баспасы, 2002 ж. 153-бет.

Бөлісу: